Оқу бағдарламасына өзгеріс енгізе салу оңай шаруа емес – Ғани Бейсембаев

23 Сәуір 2021, 14:23
5028
Бөлісу:
Оқу бағдарламасына өзгеріс енгізе салу оңай шаруа емес – Ғани Бейсембаев
Сұхбат
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Оқулық - ұлтты қалыптастыратын феномен» депті француз педагогі Шомен. Алайда біздің елде оқулыққа қатысты айтылар сын да, мін де көп. Ата-аналар мен ұстаздар қауымын былай қойғанда, Мемлекет басшысының өзі осы мәселеге қатысты ескерту жасап, министрлік алдына үлкен міндет қойды. 

Қазіргі күні оқулықтар мен оқу бағдарламасындағы олқылықтың орнын толтыруға бағытталған қандай шаралар атқарылып жатыр? Оның жыл сайын өзгеруіне не себеп сынды көптің көкейінде жүрген сауалдарға күні кеше Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті болып тағайындалған Ғани Бейсембаев жауап берген болатын.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жуықта білім беру саласына қатысты сын айтып қана қоймай, мектеп бағдарламасының шамадан тыс жүктемеге толы екенін атап өтті. Сол сынға сіздердің ведомстволарыңыз қалай жауап берді? Осыған орай оқу бағдарламасына қандай да бір өзгерістер енгізіледі деп күтуге бола ма?

- Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ата-аналар мен педагог қауымның жанайқайын дөп басып айтты. Сондықтан Академия алдында тұрған міндет сол сыннан тиісті қорытынды шығарып, оң нәтижеге жету. Дегенмен жылдар бойы қалыптасқан оқу бағдарламасына табан астынан өзгеріс енгізе салу оңай шаруа емес. Оқу бағдарламасы туралы айтпас бұрын білім мазмұны деген ұғымды түсіндіріп өтейін. Ең алдымен, сол білім мазмұнына қойылатын талаптарды анықтайтын мемлекеттік білім стандарты дайындалады. Ал стандарт бекітіліп, оқушы қолына оқулық тигенге дейін бірнеше сатыдан тұратын жұмыс атқарылады. Алдымен Академия қабырғасында әр пән бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, оқу бағдарламасы әзірленеді. Бірнеше сараптамалық сүзгіден өткеннен соң, министрліктің бекітілуіне ұсынылады. Министрлік бекіткен құжат Әділет министрлігінің сүзгісінен өтіп, заңды тіркеуден өтеді. Тек осыдан кейін барып жеке авторлық топ не баспалар бекітілген оқу бағдарламасы негізінде оқулық әзірлеуге кіріседі. Жазылған қолжазба, яғни оқулықтың жобасын алдымен баспа сарапшылары қарап шығып, автор жіберген қателерді түзетеді, қажетті суреттермен безендіреді. Дайындалған оқулық макеті «Оқулық» ғылыми-практикалық орталығы сарапшыларының алдына келіп түседі. Орталық республика бойынша іріктеуден өткен сыртқы сарапшылар базасындағы мамандарды таңдап, оқулықты жіті қаратады. Сыртқы сарапшылар қолынан өткеннен кейін табылған кемшіліктер болса оқулық авторларына түзету үшін кері қайтарады. Ал тіпті сын көтермейтіндеріне «ұсынылмайды» деген шешім беріледі. Ең соңғы шешімді биылдан бастап министрлік бекіткен Ереже негізінде Орталық жанынан құрылатын пәндік сараптамалық комиссия шығарады. Осылайша, стандарт пен бағдарламадан оқушы оқулығына дейінгі аралықта кемінде 1,5-2 жыл уақыт кетуі мүмкін.

- Сол процесс басталды ма?

- Елде білім мазмұны жаңартылып біткенін өздеріңіз де білесіздер. Былтыр 11-сыныптардың оқулығы енгізіліп, соңғы сатыны аяқтадық. Ендігі кезекте 2023-2025 оқу жылында 12 жылдық білім беруге көшу мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл бағытта қазір 12 жылдық білім берудің тұжырымдамалары мен оқу бағдарламаларының жобасы әзірленуде. Осы мәселеде асығыстыққа жол бермеуді қадағалап отырмыз. Кезінде аз сын айтылған жоқ, енді одан қорытынды шығару міндеті тұр. Алға қойған мақсатымыз да сол. Академия сапалы оқулыққа негіз болатын сапалы бағдарламаларды әзірлеу бойынша ауқымды жұмыстарды қолға алып отыр. Келесі жұмыс қандай да бір өрескел қателер жіберген оқулық сараптамадан өтпеуі керек. Ол үшін сарпшылардың сапасы мен сараптама жұмысын күшейту маңызды. Ендігі жерде сыртқы сарапшылардың қызметінің сапасының артуы оқушылардың қолына сапалы оқулықтардың тиюінің басты кепілі болады деп үміттенеміз.

- Демек оқу бағдарламалары мен оқулықтардағы қателердің алдын алу осы сарапшылардың жұмысына тікелей байланысты. Ендеше оларға қойылатын жаңа талаптар жөнінде де айтып өтсеңіз...

- Сарапшыларға қойылатын талапты күшейту қолы бос сарапшыны місе тұтудан бас тарту десе болады. Бүгінде орталықтың сайтына кез келген сарапшы болуға ынталы азамат өз өтінішін қалдыра алады. Қателеспесем, осы жылы 2000-ға жуық адам өтініш жіберген. Үміткерлерді Ұлттық тестілеу орталығына жіберіп, біліктілік туралы сертификат талап етіледі. Сосын Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы сарапшының оқу бағдарламасы жөнінде түсінігі бар ма, жоқ па, соны пысықтайды. Оның екі тілді жетік меңгергеніне және сауатты болуына ерекше мән беріледі. Осы талаптарға сай келген сарапшылар әлемдік тәжірибе бойынша 2 апта оқытылып, емтихан тапсырады. Жоғары балл жинағандар ғана сарапшылар базасына енгізіледі. Айта кету керек, ендігі кезекте оқулық сараптамадан 50 күн бойы өткізіледі. Ал сарапшыларды іріктеу жыл бойы жалғасады. Жалпы оқулыққа қатысты айтылған сынға Академияның сырт қала алмайтындығы белгілі. Дегенмен оқулық шығару процесінде біз көбірек сарапшылық рөл атқарамыз. Басты назарды осыған бұруымыздың себебі де осында. Сараптама жұмыстары бұған дейін 8, тіпті 12-деңгейде жүргізіліп келсе, қазір оның тиімділігі төмен болғандықтан 3-деңгейге түсірілген. Сәйкесінше сол 3-деңгейдегі сараптама жұмысы күшейтілген.

- Сарапшы демекші, оқу құралымен жұмыс істеп, оның бүге-шігесіне дейін білетін бірден-бір маман - ұстаз десек, артық айтқандық емес. Бәлкім, оларды да сарапшылық жұмысқа тартып, пікірлеріне құлақ асу қажет шығар?..

- Дұрыс айтасыз. Педагогтердің өздерін осы іске араластыру мәселесі көптен бері айтылып жүр. Расында сараптама жұмысын жүргізуге шебер мұғалім, әдіскер мен ғалымның қатысуы бұрыннан қарастырылған. Дегенмен оларды арнайы оқыту мәселесі болмаған еді. Министрдің тапсырмасы негізінде бұл жұмыс былтырдан бастап қолға алынды. Дегенмен болашақта сараптама жұмыстарына адамның араласу көрсеткішін азайтып, электронды платформада өткізуді қолға алған жөн. Енді сынақтан өткен оқулықты бүкіл қазақстандық мұғалімдер талқылай алатындай жағдай жасалуда. Алдағы уақытта оқулық мәселесі алаңдататын кез келген азаматты сараптама жұмысымен таныстыру, қоғамдық оқытуды қолға алу көзделген. Көптеген өркениетті елде мемлекеттік сараптамалық орталықтар қарастырылмаған. Сарапшылардың рөлін де қарапайым мектеп мұғалімдері атқарады. Бірақ ол үшін мұғалімдер жоғары оқу қабырғасында арнайы дайындықтан өтуі керек. Келешекте кәсіби сарапшылар қоғамы сапалы оқулықты өзі анықтап, таңдай алатындай жағдайға жетуіміз тиіс.

- Ал оқулық авторларына қойылатын талаптарға қандай да бір өзгеріс енгізілетін бола ма? Олардың ұрпақ алдындағы жауапкершілігі тіптен зіл батпан...

- Өткен жылы тұңғыш рет министр Асхат Аймағамбетовтың қолдауымен оқулық авторларын оқыту қолға алынды. Соның негізінде, Абай атындағы Ұлттық педагогикалық университеттен 400-ден аса маман арнайы курстан өтті. Олар оқулық жазудың қыр-сырымен қатар әлемдік тәжірибенің озық үлгілерімен танысты. Бір байқағаным, оқулық жазатын авторларымыздың 90-95 пайызы 50-ден асып, 80-ді алқымдап қалған мамандар екен. Осы кісілердің тәлім-тәжірибесін алып қалатын ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру керек деген ойға қалдым. Сонымен қатар педагогикалық оқу орындарына «Оқулықтану» мамандығын енгізу де қолға алынып жатыр. Оған қоса, «Оқулық» орталығы жанынан «Жас сарапшылар мектебін» ашу көзделген.

- Үлгілік оқу жоспарындағы жүктемені азайту мәселесіне қатысты не айтар едіңіз?

- Жүктемені азайту мәселесін Президенттің өзі атап өткен соң, оны ескермеу мүмкін емес. Дегенмен таяқтың екі ұшы бар сияқты, бұл мәселенің де екі жағы бар. Қарапайым тілмен айтар болсақ, бір пәннің сағатын азайту, сол пән мұғалімдерінің жүктемесінің қысқарып, екінші бір мәселенің туындауына жол беруі мүмкін. Сондықтан бұл - өте жіті зерттеуді, артықшылығы мен кемшілігін саралауды қажет ететін жұмыс. Франция мен Финляндияда 39 пән, АҚШ-та 55, бізде 67 сағаттық жүктеме бары туралы да айтылды. Шындығында бізде пәннің көбеюіне кейбір қоғам белсенділерінің де ықпалы барын мойындаған жөн шығар. Қоғамда белгілі бір проблема туындай қалса, оның шешу жолы мектепке пән кіргізу деп ойлайтындар бар. Мысалы, діннен мәселе туындады делік, мектепке дінтану пәнін енгізу керек, қоғамда кедейлік проблемасы туындады, бизнес және кәсіпкерлік негіздері пәні енгізейік деп жатамыз. Абайтану, әл-Фарабитану, тағысын тағы, сол сияқты арнайы жекелеген пәндерді мектепке қаптатып кіргізе беруді қалайтындар бар. Жалпы көтеріліп отырған мәселенің қай-қайсысы болса да дұрыс. Керек екені рас. Бірақ арнайы оқулық жазғызып, пән санын көбейту арқылы мектептегі баланың бір басына мұншама жүк арта берудің қаншалықты пайдасы бар? Мүмкін бар пәннің бағдарламалары мен оқулықтарының ішінде оқытылғаны дұрыс шығар. Ойлану керек. Жуырда Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктен «Адалдық әліппесін» енгізейік деген ұсыныс түсті. Жас буынды адалдыққа баулу қажет екені күмәнсіз. Дегенмен ел осылай пәндерді көптеп енгізіп оқытсақ, баланың білімі артып кетеді деп ойлайды. Бизнес те, адалдық та, Абай да, әл-Фараби де, кәсіпкерлікте те математика, тарих, география пәндерінің ішінде қамтылуы тиіс. Ол үшін арнайы пән енгізу қажет емес. Анығында қазіргі оқу бағдарламасы академиялық білім беруді ғана емес, өмірге, тұрмысқа бейімделуді, алған білімді күнделікті өмірде қолдана білуді де көздеуі керек. Жалпы оқу жүйесін осыған бағыттаған абзал.

Ал жүктемені азайту оқу бағдарламаларын қайта қарауды талап етеді. Оның қаншалықты ұзақ процесс екенін жоғарыда айттым. Сонымен қатар бірінші сыныптың бағдарламасын өзгерткен соң, сол өзгеріспен оқыған олар келесі сыныпты да солай жалғастыру керек. Білім саласы – өте киелі, қасиетті сала. Оған өзгеріс пен түзету енгізген кезде мұқият болуды қажет етеді.

- Біздің елде оқу бағдарламалары жиі өзгеріске ұшырап отырады, бұл қаншалықты дұрыс?

- Негізі білім саласы – үздіксіз өзгеріп, заманмен бірге дамып, жаңарып отыратын сала. Қоғам, еңбектегі сұраныс өзгерген сайын білім беру принципі де сонымен ілесіп отыру керек. Бір ғана мысал, ХХ ғасырда гаджет туралы түсінік түсімізге де кірмейтін. ХХІ ғасырда ұялы телефондар енді, компьютерлердің формасы мен мазмұны өзгеріп кетті. Ал енді біздің сол ғасырда сондай компьютермен, сол ескі түсінікпен қалғанымыз дұрыс па, жаңашылдыққа ілесіп, жаңа оқу бағдарламаларын игергеніміз дұрыс па? Біздің қоғам неге жаңалық енгізе береміз деп шулағанда осыны ескермейді. Мен кейбір пәндер өзгеріссіз қалуы керек дегенге келісемін. Ал информатика, жаратылыстану, тарих пәндеріне өзгерістің енуі заңды. Өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз табылып, тәуелсіздік таңы атқанын да ұмытпауымыз керек. Жуырда Президент «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» деген мақаласында тарихқа қатысты қаншама келелі дүниелерді көтерді. Олай болса тарихтың тұжырымдамасы жасалуы керек екені анық. Кей пәндердің мазмұнының өзгеріп, толықтырылып отыруы әлемде бар үрдіс.

- Көптеген ата-ана оқушы портфелінің ауырлығы туралы сөз қозғағанда музыка, көркем сурет деген сияқты «артық» пәндерді қысқарту керек деген сынды пікірлер айтып жатады. Ал сіздің ойыңызша, бұл пәндерді қысқарту дұрыс па?

- Бұл пәндер қысқармауы керек. Менің пікірім осы. Қазақ өнерге, өлең мен жырға жақын халық. Өткен заманда да патшалар мен ақсүйектер балаларын музыка мен сурет өнеріне баулу үшін арнайы мамандар жалдағаны тарихтан белгілі. Бұл тегіннен-тегін емес қой. Психология ғылымында сурет пен музыка адамның рухани жетілуіне септігін тигізетіні дәлелденген. Оның физиологиялық дамуға да оң әсері бар. Музыка есте сақтау қабілетін дамытса, сурет өнері кіші моториканы, сенсориканы жетілдіретінін білесіздер. Бұл пәндер қысқармауы керек, керісінше, адамның ішкі әлеуетін дамыта түсетіндей жетілдірілуі тиіс.

- Жалпы қоғамда «Үш тұғырлы тіл» мәселесіне қатысты да айтылатын сын аз емес. Бастауыш сыныптан ағылшын тілін енгізу балаға жасалған қиянат деген пікірлер де бар. Жаңа өзіңіз көпшілік сөзіне құлақ түретін боламыз дедіңіз. Ал осы сынды пікірлер қаншалықты ескерілетін болады?

- Расында бұл сынды орынды деп қабылдаған дұрыс. Дегенмен бұл орыс тілін немесе ағылшын тілін кемсіту не артық санау, оған қарсылық таныту не асқақтату емес екенін атап өткен жөн. Тілдің артықтығы жоқ. Уақытында әл-Фараби бабамыз 70 тіл білген деген ақпар бар. Оның үстіне «Жеті жұрттың тілін біл» деген халқымыз. Халықтың айтып отырғаны ең әуелі бала өзінің ана тілін, анығында мемлекетік тілді меңгеруі керек дегенге саяды. Бұл бағдарламаны әзірлеуде осы мәселеге жіті мән берілуі керек еді. Бірінші кезекте қазақ тілін дамытуға, оның орнығуынан кейін барып басқа тілдерді дамыта беруге болар еді. «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» мақаласында мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңыздылығы туралы өте нақты айтылғаны белгілі. Оған дейін де Елбасының талай сөздерінде қазақ тіліне баса мән берілуі керектігі айтылып жүрді. Бірақ сол айтылғандарды біз дұрыс түсініп, қорытынды жасай алдық па деген сұрақ туындайды. Сондықтан үш тұғырлы тіл мәселесін осында келгенімде қайта қарастыруды жөн көрдім. Бұл одан бас тарту деген сөз емес. Оның дұрыс жүйеленуіне мән беру деп түсінген абзал.

- Дұрыс деген сіздің түсінігіңізде қалай?

- Біздің міндетіміз еліміздің кез келген азаматының мемлекеттік тілді меңгеруіне жағдай туғызуымыз қажет. Ол үшін балабақша мен бастауыш сыныпта оған басымдық беру керек. Мысалы, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқыту қазірдің өзінде 10-11-сыныпқа енгізіліп отыр. Оның өзінде оған барлық мектеп көшкен жоқ. Тек қабілетті балаларға арналған сыныптарға кіріктірілді. Бұл да дұрыс. Тілді меңгеру де біреуге жеңіл берілсе, біреуге қиындық туғызуы мүмкін. Ал бүкіл әлем ағылшын тіліне басымдық берді, ақпарат сол тілде деген желеумен оны бірінші сыныптан енгізу қажеттілігі қанша? Ол қандай ғылыми зерттеулермен негізделді? Ағылшын тілін оқыту қазақстандықтарды жаппай сол тілде сөйлетуді мақсат ету деген қаншалықты дұрыс пікір? Сала-саланың мықты мамандарын тілге бейімдеу, сол тілде шыққан әдебиеттерді оқи алатын деңгейге жеткізу керек шығар? Әйтсе де күштеуді, міндеттеуді қолдамаймын! Қайта қарау кезінде осы мәселелерді ескеруіміз керек.

Осы оқу жылы білім тарихында жаңа форматта оқытумен қалатыны сөзсіз.

- Қашықтан оқыту білім саласының көптеген проблемасының бетін ашты. Оның ішінде оқыту әдістемесінің де дәстүрлі форматқа көбірек лайықталғаны байқалды. Жалпы, болашақта онлайн білім беруге арналған қандай да бір әдістеме жасала ма?

- Түбінде осы онлайн оқыту деген форматтың келетінін мен Эльвин Тофлер деген футуролог ғалымның еңбегінен оқығаным бар. Ол кезде әлі пандемияның төбесі де көрінбеген. Сол сияқты Мисио Каку да пандемиядан бес жыл бұрын осындай оқыту түрі туралы жазды. Оның ойынша, алдағы он жылдықта бүкіл әлем қашықтан оқытуға көшеді де, стационарлық мектептердің қажеттілігі кемиді деп болжаған. Болашақта оқушылар үйден шықпай, әлемнің кез келген мектебінде білім алады деген ой айтқан. Соны оқып, таңғалғаным бар. Бұл Қазақстанға әлі келмейтін болар деп сендім. Енді соның айтқан сөзі бір-ақ күнде жүзеге асты. Біз де, әлемнің көптеген елі де оған дайын болмай шықтық. Мұндағы айтпағым, ендігі жерде білім сапасын арттыру мәселесін зерттеу барысында болашаққа да үңіліп отырудың қажеттілігі. Тек бүгінгі күннің мәселесін емес, ертеңгі күнді де ойлауға әдеттенгеніміз абзал. Қазір Академия осы мәселені де басшылыққа алмақ. Бізде енді қашықтан оқыту тәжірибесі бар. Тағы бір айта кететін мәселе, алдағы уақытта білім мазмұнын әзірлеу мен мұғалімдерді дайындауда болашақтағы болжамдарды да ескеру қажеттігі.

- Ол қандай мәселе?

- Дәстүрлі оқу форматы кезінде оқушылардың мұғалімдер тарапынан қысымға ұшырауы сынды ақпараттан көз ашпайтын едік. Ал енді керісінше өз ата-анасынан зорлық көру фактілері жиілеп кетті. Отбасылық зорлық-зомбылықтың көбейіп кетуі де білім саласын алаңдатады. Өйткені бұл сала баланың құқығын қорғаумен, тәрбиемен де байланысты. Қашықтан оқытуда білім саласының ғана емес, отбасындағы тәрбие, ата-ананың біліктілігі сынды мәселенің де беті ашылып қалды. Ата-аналарды да кінәлау дұрыс емес шығар. Дегенмен біздің жемісіміз оқушы болса, оның толыққанды тұлға болуына ата-анасының да ықпалы зор. Сондықтан ата-аналарға арналған әдістемелік құралдардың да қажет екенін уақыт пен жағдай көрсетіп отыр. Академия қазір осы мәселені назарға алып, алдағы жоспарларына қосты. Жалпы Академияны адами капиталды дамыту орталығына айналдыруды көздеп отырмыз. Бұл әлемдік тәжірибеде бар. Мұғалімдер ғана емес, ұрпақ тәрбиесіне бүкіл қоғам үлес қосуы керек. Жаңа заманда білім мазмұнының бағыты білім беру ғана емес, оқушының білімге құштарлығын ояту десек, оған жалғыз мұғалімнің еңбегі жеткіліксіз. Пандемия жағдайындағы қашықтан оқыту барысы байқатқандай, ата-ананың рөлі, оның үйдегі әрекеті – үлкен мектеп.

- Әңгімеңізге рақмет!
Өзгелердің жаңалығы