Бас жаңалықтар
Ашаршылықтың ақиқатын ашуымыз керек: Депутат  «Аза тұту» сарайы кешенін салуды ұсынды
25 Ақпан 2021, 12:04 1239

Ашаршылықтың ақиқатын ашуымыз керек: Депутат «Аза тұту» сарайы кешенін салуды ұсынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін депутат Мұрат Бақтиярұлы Парламент Сенатының жалпы отырысында Үкімет басшысына ашаршылық тақырыбына қатысты депутаттық сауал жолдады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тұжырымдамалық мақаласында «...миллиондаған адамды қазаға ұшыратқан, тірі қалғандарын босып кетуге мәжбүр еткен ашаршылықтың ақтаңдақ беттері әлі күнге кұнге дейін жан-жақты зерттелмей келеді. Ғалымдардың арасында ашаршылық құрбандарының нақты саны туралы ортақ пайым жоқ. Ала-құла деректер және оның себеп-салдары жайлы түрлі көзқарастар қоғамды адастырады. Тиісті тарихи құжаттарды, жиналған мәліметтерді аса мұқият зерттеп зерделеу керек. Соған сәйкес ашаршылық мәселесіне мемлекет тарапынан баға берілгені жөн» деген болатын, - деді ол.
Депутаттың сөзінше, осыған байланысты және ұлттық құндылықтарды ұлықтауға қатысты алда болатын парламенттік тыңдау аясында жуырда ғана Парламент Сенаты мен Білім және ғылым министрлігінің Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институты және Мемлекет тарихы институтымен бірлесе отырып, ашаршылық тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткізген еді.
Шараға еліміздің тарихшы ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, осы қасіреттің тарихы, ащы шындығы қаншалықты зерделенді, ашаршылық ақиқаты толық ашылды ма деген сұрақтарды жан-жақты талқылап, өз пікірлерін ортаға салды. Тарихымызды түгендеу асқан жауапкершілік пен мұқияттылықты қажет етеді. Бұл үшін әр нәрсенің байыбына барып, нақты фактілерге сүйене пікір айтып, тұжырым жасаған жөн, - деп атап өтті Мұрат Бақтиярұлы.

Депутат өзгелер жіберген олқылықты өзіміз жібермеуге, өкпе қуалап жүріп өштестікке ұрынып қалмауымыз керегін айтады.

Қазақ ұлтының бірнеше ұрпағының жадында ашаршылық құрбандарының жан азабы жазылмайтын жара болып, халықтың тарихи-психологиялық санасында терең із қалдырды, - деді Мұрат Бақтиярұлы.

Сенатордың айтуынша, ел тарихының осы қайғылы кезеңін жан-жақты зерттеу аса маңызды, бірақ, сонымен бірге, ғалымдар ауқымды ақпарат сақталатын мұрағаттарға қол жеткізе алмай, проблемалар туындап отыр.

Аштық туралы есептер мен статистикалық деректер қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ зиялыларының еңбектері, корреспонденциялары туралы материалдар бұрынғы қауіпсіздік органдарының архивтеріне түсіп, кейін қайтарылмаған. Ашаршылыққа қатысты көптеген құжат пен құнды материалдар Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлік архивтерінде сақталуы. Бұл мәліметтер осы күнге дейін әлі құпия болғандықтан оған зерттеушілердің кіруі қиын, - деп атап өтті ол.

Депутат алапат ашаршылық ақиқатын толыққанды ашып, оған объективті баға беру және большевизмнің қолдан жасаған солақай саясатының арқасында жазықсыз құрбан болған миллиондаған отандасымыздың рухы алдында ұрпақтық парызды орындау үшін арнайы өткізілген дөңгелек үстелдегі ұсынымдар топтамасын ұсынды. 

Біріншіден, еліміздің архивтеріндегі материалдармен танысу, зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін еліміздегі барлық архивтерге қажетті рұқсатнама алу мәселесін шешу және архивтердің құпия грифтерін алуға қатысты тиісті жұмыстар жүргізу туралы тиісті министрлікке тапсырма берілсе; екіншіден, қазақ даласында болған аштыққа қатысты зерттеуші ғалымдардың Қазақстанмен шекаралас мемлекеттердің, оның ішінде, Мәскеу, Омбы, Орынбор, Томск, Уфа, Қазан, Түмен қалаларындағы архивтердегі материалдарды зерттеу жұмыстарына тиісті мүмкіндіктер жасалса, - деді ол.

Депутат алапан қасіреттің салдарын анықтау, аштықтан өлгендердің санын нақтылау және аштықтан шетелдерге босып кеткендердің тағдырына қатысты деректерді зерделеу үшін ғылыми-зерттеу бағдарламасын әзірлеп, оның қаржыландырып және халық жадында мәңгі есте қалдыру мақсатында ашаршылық қасіреті туралы тарихи және ғылыми деректер негізінде кітаптар шығару, театрлық қойылымдар жасау, фильм түсірудің жолдары қарастырылса деген ұсыныс айтты.

Төртіншіден, ашаршылық құрбандарын әр жылы 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күнінде мемлекеттік деңгейде бір минуттық аза тұту ауқымды шарасын жүзеге асыру мүмкіндігі пысықталса, сонымен қатар, ашаршылық нәубетінің 100 жылдығы тұсында ұлтымыздың ұлы қасіретін ұрпақтар жадында мәңгі есте қалдыру мақсатында елордада «Аза тұту» сарайы немесе Қазақ қасіретіне тағзым мемориалды кешені құрылысын салу қолға алынса, - деді Мұрат Бақтиярұлы.


Фото: дереккөз
Загрузка...