Өгей шешеден зардап шеккен қыздардың қазіргі жағдайы қандай?

18 Сәуір 2019, 17:57
4506
Бөлісу:
Өгей шешеден зардап шеккен қыздардың қазіргі жағдайы қандай?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы Жетісай ауданындағы балаларға қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілері Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Сәуле Айтпаева, ҚР Бас прокуратурасы, ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің бақылауына алынды, деп хабарлады ҚР БҒМ баспасөз қызметі.

«11 сәуір күні Д.Қонаев атындағы № 9 орта мектебінің басшылығынан Жетісай ауданының құқық қорғау органдары қызметкерлеріне 6, 7 және 9 сынып оқушыларына қатысты заңсыз әрекеттер туралы ақпарат келіп түсті. 2019 жылдың 12 сәуірінде жүргізілген тексеріс нәтижесінде аудандық полиция бөлімімен ҚР Қылмыстық Кодексінің 140-бабы «Кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бойынша қыздардың әкесіне қатысты және ҚР Қылмыстық Кодексінің 110-бабы «Азаптау» бойынша қыздардың өгей аналарына қатысты қылмыстық іс қозғалды», - делінген ведомствоның хабарламасында.

Тексеру барысында әкесінің бірге тұратын әйелімен (қыздардың өгей аналарымен) заңды некеде тіркелмегені және әйелдің бұл қыздардың заңды өкілі болмағаны анықталған. Тергеу іс-шаралары барысында балаларға физикалық және психологиялық зорлық-зомбылық көрсету фактілері анықталған. Қазіргі кезде қыздардың өгей аналары уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Кәмелет жасқа толмағандардың денсаулық жағдайларын ескере келе, балаларды аудандық ауруханаға госпитализациялау туралы шешім шығарылды. Бүгінгі таңда балалармен дәрігерлер, психолог және психиатрлар жұмыс істеуде. Емдеуші дәрігерлердің айтуынша, қыздардың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық.

«Ауруханадан шығарылғаннан кейін қыздардың қауіпсіздіктері үшін кәмелет жасқа толмағандардың істері жөніндегі аудандық Комиссияның шешімімен олар туған апаларына жіберілетін болады. Қыздардың туған апалары қазіргі таңда басқа баласының отбасымен тұрады», - делінген хабарламада.

Сот-медициналық сараптама қорытындысы және істің басқа материалдарын дайындау нәтижелері бойынша қыздардың әкесі мен өгей аналарына қатысты іс Ювеналды сотқа жіберіліп, үкім шығарылатын болады.

Балаларға қатысты зорлық-зомбылықты уақытылы анықтау бойынша жеткіліксіз жұмыс жасағаны үшін аудан әкімінің орынбасары, аудандық білім бөлімінің жетекшісі, мектеп директоры, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, мектеп психологтары, әлеуметтік пелагог және 3 сынып жетекшілеріне қатысты қатаң тәртіптік жаза қолданылатын болады.

18 сәуір күні педагогтар, ата-аналар, денсаулық сақтау саласы мен ішкі істер органдары қызметкерлері және Жетісай ауданының жұртшылығымен өткен кездесуде балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету сұрақтары талқыланып, кәмелет жасқа толмағандарға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша жүйелік шаралар қабылданды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Түркістан облысында ауыл мектебінің мұғалімдері оқушылардың денелерінде ісіктер мен ұрып-соғудың іздерін байқап, полиция қызметкерлерін шақырған, осыған сәйкес АІІБ-і тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Балаларды жәбірлеген әйел бірден полицияға жеткізілді. Өгей анасы балаларын ұрып-соққан, денелерінде пышақ іздері де бар.

Жан түршігерлік оқиғаға байланысты Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Қаракөзова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова түсініктеме берді. Олардың айтуынша, үш қызды жәбірлеген өгей шешеге шектеу шаралары қарастырылады.

 

Өзгелердің жаңалығы