Офицер, қаһарман, азамат

7 Мамыр 2022, 13:27
2820
Бөлісу:
Офицер, қаһарман, азамат
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Полковник  Қайрат Үмбетов – Халық Қаһарманы, «Отан» орденінің кавалері, «Қазақстанның жүз есімі» тізіміне енген тұлға. Осыдан алты жыл бұрын ержүрек офицер қатерлі сағатта басын бәйгеге тігіп, жас сарбаздың өмірін қорғап қалды. 

Ерлік пен жігер

2016 жылы 7 сәуірде Қарағанды облысындағы Қарабас елдімекенінде 6505 әскери бөлімінің кезекті оқу-жаттығуы өтіп жатты. Бұған әскерге он ай бұрын шақырылған жауынгерлер қатысады. Жас сарбаздар оған дейін автомат пен тапаншадан оқ атып, жауынгерге керекті машықтарды меңгерген болатын. Енді олар жарылғыш граната лақтырып үйренуге келген еді. Құраманың штаб бастығы полковник Қайрат Үмбетовке сол кезде оқу-дайындыққа жауапты маман ретінде қауіпсіздікті қадағалау міндеттелді. 

Офицер, қаһарман, азамат

Алғашқы болып Тараздан келген қатардағы жауынгер Абзал Сұлтанқұлов РГД-5 гранатасын қолға алды. 

Пәрмен берілген соң ол гранатасын құлаштап лақтырды. Алайда гранатаны лақтыруға лайық күштің жеткіліксіз болғаны ма, ол алысқа ұшпай, қарсы соққан желдің екпінімен окоптың жиегіне, үйілген топыраққа түсті. Содан ол домалап, сарбаз бен офицер тұрған тұсқа жетті. 

Тәртіп бойынша граната лақтырғаннан кейін сарбаз тұрған жерінде отыра қалу керек. Абзал да қаруын ұстап, отыра қалды. Жауынгер өзі лақтырған гранатаның табанының астына түскенін білмеген еді. Енді шалт қимылдаса, ол 3-4 секунд ішінде жарылады. Сол сәтте бойындағы бар жігерін жинап,  қас-қағым сәтте сардар сарбазды итере салып, оны кеудесімен жауып үлгереді. Нәтижесінде жарылыс салдарынан полковник Үмбетов ауыр жарақат, денесіне отыздан аса жарқыншақ алды. Ал сарбаз дін аман қалды. 

Біз Ұлттық ұлан қатарында Халық Қаһарманы полковник Қайрат Үмбетов қызмет ететінін мақтанышпен айтамыз, бүгін ол "Батыс" өңірлік қолбасшылығы  штабының бастығы. Міне кімнен офицерлер үлгі алулары қажет. Ол өз өмірін қатерге тіге отырып, сарбазды жарылған гранатадан құтқарды.  Әлі есімде 2016 жылдың сәуір айы болатын. Мен ол кезде «Орталық» өңірлік қолбасшылығында тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар басқармасының бастығы болып қызмет атқарған едім,- деп естелігін бастады  «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары полковник Берік Тоқтаров.

Тоқаров атағандай, 6505 әскери бөлімінің Қарабас елдімекенінде өтіп жатқан оқу-жаттығу кезінде полковник Қайрат Үмбетов көзсіз ерлік танытты.

Офицер, қаһарман, азамат

 Ол өз өмірін қатерге тіге отырып, сарбаздың өмірін сақтады. Сол арқылы Отанға және Әскери антына  деген шексіз адалдығын танытты.  Ауыр жарақат алып, ауруханаға түсті. Қайрат Жарылқасынұлы ауруханада есін  жиғанда жанында тұрғандардан «жауынгер аман ба?» деп сұрады. Олар «аман» дегенде ғана жүрегі тынышталады. Адамгершілік деп осыны айтса болады. Ауруханада ұзақ емделді. Денесінде гранатаның біраз жарықшағы бар еді, дәрігерлер оның жартысына жуығын алып тастады. Тек аяғы мен желке тұсындағы жарықшақтар ағзаның күрделі тұстарында болғандықтан кейінге қалдырылды. Кейін сарбаздың әке-шешесі келіп, баласын аман алып қалғаны үшін офицерге алғысын айтты. Әлі күнге дейін ол кісілермен жақын араласып жүр. Солай дегенмен де офицер бұл жағдайды ерлік деп емес, әскери борышым деп санайды. Бұл оның жоғары адами қасиетінің белгісі, - дейді ол. 

Тоқтаровтың айтуынша, мұндай қасиет ұзақ  уақыт бойы халыққа қалтқысыз, еліне елеулі  қызмет еткенде ғана адамның бойына дариды. 

Офицер, қаһарман, азамат

Күнделікті тірнектеген жанкешті еңбек, адам баласына аяулы сезімі тоқырамайтын риясыз жүрек, ізденістен жалықпас нұрлы ақыл ғана адам баласын рухани өсуге, биік межеге жеткізеді. Полковник Қ. Үмбетов осындай сара жолдан өту арқылы жоғары жетістіктерге қол жеткізді,-деп өз ойын қорытындылады. 

Осы асқан ерлігі үшін ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасының Жарлығымен 2016 жылдың 3 мамырында Қайрат Үмбетовке Алтын жұлдыз және «Отан» орденімен бірге, «Халық қаһарманы» атағы берілді.

Әскери борыш-абырой

Тағы бір қарулас досы 6654 әскери бөлімінің командирі полковник Жандос Қасымов былай деп сыр шертеді. 

Полковник Қайрат Үмбетовпен бірге қызмет еткенімді мақтан тұтамын. Офицерлік мансабында қызмет еткен барлық жердегі әріптестері ол туралы жақсы пікір білдіріп, құрмет көрсетеді. Қарамағындағылар арасында іскерлік беделге ие. Ал ең жоғарғы дәреже – «Халық қаһарманы» атағы оның Отанға сіңірген еңбегін айшықтап тұрғандай. Ол бүгінде Отанға жанқиярлық адалдықтың, әскери борышын адал атқарудың, өз ісінің жоғары білікті маманы болудың үлгісі,-дейді Қасымов.

Командирдің айтуынша, әскери қызметшілер санатында алғашқы жылдардан-ақ қолбасшылық қабілетке ие буын бар. Қайрат Үмбетовті дәл осындай офицер деп атауға болады. 

Офицер, қаһарман, азамат

Ол бірқатар қызметтерден өтіп, Павлодардағы айдауылдау полкін, одан кейін Өскемен қаласындағы полкті басқарды. Ал үш жарым жылдан кейін Қарағанды құрамасы командирінің орынбасары қызметін атқарды. Араға бір жыл салып, осы құрама штабының бастығы, яғни командирдің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды. 

Бас штаб академиясында «Әскери істегі стратегиялық менеджмент» атты жаңа мамандықты игерген соң Шымкент қаласындағы құрамаға пәрменгерлік етті. Қайрат Жарылқасынұлы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы қызметінен де абыроймен өтті. Сөзсіз ерлік жасаған офицердің қарапайымдылығы мені қатты тебірентті. Міне, офицерлердің жас буыны осындай шынайы үлгілер негізінде тәрбиеленуі керек.

Қызмет пен отбасы

Отан үшін отқа түсуге даяр Қайрат Жарылқасынұлы үлгілі отбасының тірегі. Офицердің өмірлік жолында ыстық-суығына бірге төзіп, қуанышын бөліп келе жатқан жан жары  Гүлмира Әділбекқызы тек қана үйдің берекесін кіргізуші емес, берік іргесі. Жұбайы Энергетика министрлігі Геологиялық бақылау комитеті заң басқармасының бас маманы болып еңбек етуде.  Кейіпкеріміз екеуі Ұлан, Алан есімді ұлдарын тәрбиелеп отыр. Ұлан Орал қаласындағы физика-математикалық мектептің бірінші сынып оқушысы, «Ястреб» хоккей үйірмесіне қатысады. Алан болса балабақшада. Жуырда өмірлік жары Гүлмира Әділбекқызы қаһарманға көптен күткен  Әнел есімді қыз сыйлады. 

Қайрат Үмбетов 1977 жылы  10 қыркүйекте Өзбек КСР Ташкент облысы Шыршық қаласында дүниеге келген. Ленин орденінің Шыршық жоғары танкілі командалық-инженерлік училищесін аяқтаған. 2001 жылы аға лейтенант шенінде алғашқы қызмет жолын 6506 әскери бөлімінде рота командирі болып бастайды.  

2007-2016 жылдар аралығында  Павлодар, Өскемен, Қарағанды қалаларында рота, батальон командирі, әскери бөлім командирінің орынбасары іспетті қызметтерді сәтті жалғастырады.  ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық Қорғаныс университетін тәмамдаған соң өзі қызметің бастаған 6506 әскери бөлімінің командирі болып тағайындалады.2020 жылдың 17 қыркүйегінен бастап Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығы қолбасшысының бірінші орынбасары – штаб бастығы лауазымын атқарады.

Өзгелердің жаңалығы