Маңғыстау облысында дәрігерлер жетіспейді

9 Шілде 2020, 12:45
1705
Бөлісу:
Маңғыстау облысында дәрігерлер жетіспейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Маңғыстау облысында дәрігерлер жетіспейді. Бұл туралы Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов облыстық қоғамдық коммуникациялар орталығында өткен онлайн баспасөз конференциясында айтты. 

Бізде дәрігерлер жетіспейді. Бізге қалыпты жағдайда 300-ге жуық дәрігер жетіспейтін, қазір 500-ге жуық дәрігер тапшы болып отыр. Жоспардан тыс халықтың келуіне байланысты дәрігер тапшылығы туындап отыр. Облыста 500-ден астам студент облыс гранты бойынша оқып жатыр. Олардың 77-сі шілденің соңында диплом алып келуі керек. Ресейден келген дәрігерлерді сұратып жатырмыз. Бізге 5 дәрігер келеді деген жоспар бар. Министрлікпен хабарласып отырмыз, олар келсе, бізге көмек болатын еді. Тағы да мәскеулік институттармен хабарласып жатырмыз, 11 дәрігер келеміз деп ұсыныс тастап отыр, - деді Трұмов. 

Сондай-ақ, облыс әкімі Грузия елшілігімен де дәрігерлерді алдырту бойынша келісім жасалып отырғанын айтты. 

Алайда барлығы үкіметтік деңгейде шешілуі керек. Себебі, келетін дәрігерлердің ем-дом жасауға рұқсат қағазы болуы керек. Ол мамандардың министрлікпен келісімі болуы керек, тиісті алгоритмге сай болуы қажет. Сондықтан да бұл мәселелерді орталықпен бірлесіп шешетін боламыз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы