Қызылорда облысында индустриялық аймақтар тиімді жұмыс істеуде –Сұлтангереев

30 Шілде 2020, 14:49
2691
Бөлісу:
Қызылорда облысында индустриялық аймақтар тиімді жұмыс істеуде –Сұлтангереев

Қызылорда облысы, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында Индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай-күйі қалай? Мұнай-газ саласының ахуалы туралы не білеміз? Шыны зауыты қашан іске қосылады? Осы мәселелер жайында Қызылорда облыстық Индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Ринат Сұлтангереевпен сұхбаттастық.

 – Индyстрияландыру бағдарламасының екінші, үшінші бесжылдығы қалай орындалып жатыр? Қанша жұмыс орны құрылады?

– Өздеріңiзге белгілi, былтыр елімізде шикiзаттық емес секторды дамытуға бағытталған Индустрияландыру бағдарламасының екінші бесжылдығын аяқтадық.

Бағдарлама аясында құны 67 млрд теңгені құрайтын 9 жоба іске қосылып, өнеркәсіп бағытындағы 4 жаңа өніммен толықтырылды. Олар – кірпіштің жаңа түрлері, темір бетон бұйымдары, әк және цемент өнімдері.

Құрылыс индyстриясын дамытyға серпін берген – қyаттылығы жылына 1 миллион тонна цемент шығаратын заyыт. Заyыт мерзiмінен бұрын iске қосылып, 1 жыл iшінде «жобалық қyаттылықтың» 38%-ын игеріп, 70 тоннадан аса өнімін экспортқа шығарды. Сырттан келетiн өнiммен салыстырғанда цемент бағасы бiршама арзан, жергілiкті әктастың химиялық құрамы мен берiктігі жоғары болyына байланысты сапасы бәсекеге қабілеттi.

Индyстрияландырy бағдарламасының белсендi қатысyшысы – "Аралтұз" компаниясы екенiн атап өтемiн. Кәсiпорын екi бiрдей испан цехын iске қосып, өндiріс көлемiн 3 есеге ұлғайтып, еңбек өнiмділігін 2 есеге арттырды. 2019 жылы Арал тұзының 79%-ы – Ресей, Әзірбайжан, Грузия, Украина, Қырғызстан елдеріне экспорттала бастады. Компания алдағы уақытта Қытай нарығына да өз өнімін экспорттауды жоспарлауда.

Биыл 2020–2025 жылдарға арналған Индyстрияландырy бағдарламасының үшiнші бесжылдығына қадам бастық. Бағдарлама аясында құны 551,2 миллиард теңгенi құрайтын импорт алмастыратын, бәсекеге қабілеттi өнім шығарyға 23 жобамен жұмыс жүргізілуде. Соның аясында 6,4 мың жұмыс орны құрылады деп жоспарланyда.

Ендігі кезекте, 23 жобаның жүзеге асырылу барысына тоқталып өтейін. Олардың ішінде: 3 жоба биыл іске қосылады, 4 жобаның құрылысы басталады, 2 жоба бойынша барлау жұмыстары жүргізіледі, 6 жоба бойынша жұмыстар жалғасады, 6 жоба жобалау сатысында, 2 жаңадан енгізілген жобалар бойынша жер телімдері рәсімделyде.

Биыл осы жобалар аясында 32 миллиард теңге көлемінде инвестиция игерілетін болады.

– Бағдарлама аясында биыл іске қосылатын жобалардың маңызы қандай?

– Индyстрияландырy бағдарламасының аясында биыл құны 44,2 миллиард теңгені құрайтын, тоолық қyаттылыққа шыққан кезде 373 адамды жұмыспен қамтитын 3 жобаның іске қосылуы жоспарланған.

Бірінші, Арал ауданындағы "Қазақстан Аквакультура ЛТД" серіктестігінің "Балықты тереңінен қайта өңдеу зауыты мен пластикалық қайық жасау цехін салу" жобасы. Жоба құны – 160 млн теңге. Жылына 4 мың тонна балық өңдейді. Жоба іске асса, 100 адамды жұмыспен қамтиды.

Цехтың құрылысы аяқталып, жабдықтар орнатылды. Зауытқа қажетті инфрақұрылымдар қосылған. Электр желісімен қамтамасыз ету үшін қосалқы 190 кВттық электроподстанциясына қосылуға рұқсат алынып, электр жүйесіне қосылды.

Сондай-ақ, цехтың ішкі бөлмелерін сэндвич-панельдермен бөлу жұмыстары 90% орындалған, Алматы қаласынан 2 заманауи мұздатқыш агрераты жеткізіліп, орнатылды.

Жоба бастамашысы елімізде болған төтенше жағдайға байланысты "Балық сүбесі цехын" іске қосуды осы жылдың II жартыжылдығына жоспарлауда.

Екіншісі, Қармақшы ауданындағы «Қармақшы құс» серіктестігінің "Жылына 1500 тонна құс етін өндіру жобасы". Жоба құны – 1,9 млрд теңге. 47 адамды жұмыспен қамтымақ. Мемлекеттік қолдау шарасы ретінде зауытты орналастыру үшін тиісті жер телімдері берілді. Инженерлік инфрақұрылымдарды биылғы жылы толықтай жеткізіп беру жоспарлануда. Фабрика құрылысының жұмыстары 80%-ға аяқталды. Жоба бастамашысы "Қарапайым заттардың экономикасы" бағдарламасының негізінде қаржылау көмек алуды пысықтауда. Фабриканы іске қосу 2020 жылдың аяғына жоспарланған.

Үшінші, "Orda Glass" ЖШС-нің "Қуаттылығы жылына 197,1 мың тонна табақша шыны шығару және өңдеy заyыты құрылысы" жобасы. Қызылорда қаласында іске асырылып жатқан жобаның құны – 42,1 миллиард тенге. 226 адамды жұмыспен қамтиды. Бүгінгі күні зауыттың құрылыс алаңында құрылыс жұмыстары жалғасуда. Негізгі 4 кешені бойынша жұмыстардың орындалуына тоқтала кетейін: І кешен – дайын өнім қоймасы, 83,5% орындалып тұр, ІІ кешен – алаңішілік теміржол жолдары, 70,2%, ІІІ кешен – негізгі цехтар, 75,5%, ІV кешен бойынша алаңішілік инженерлік желілер 47,9%-ға аяқталған.

– Әр қалада, ауданда индустрияландыру аймақтары бар. Солардың жай-күйі қалай? Барлығына инфрақұрылым жеткізілген. Сол мүмкіндікті пайдалануға кәсіпкерлер қаншалықты ынталы болып отыр?

– Облысымызда 2013-2014 жылдары құрылған жалпы көлемі 904,9 гектар жер учаскесін құрайтын 6 индустриялық аймақ жұмыс жасауда. Индустриялық аймақтарда жалпы құны 197 млрд теңге болатын 55 жоба орналастыру үшін 243,5 гектар жер телімі берілді. Осы кезге дейін құны 65,3 млрд теңгені құрайтын 21 жоба іске қосылды. Бұл жобалар арқылы 339 адам жұмыспен қамтылды.

Жобалар іске қосылған уақыттан бері жалпы 11,2 млрд теңгенің өнімін өндірді. Оның ішінде, 2020 жылдың 6 айында 831,2 млн теңге, 2019 жылы – 9,2 млрд теңге, 2018 жылы – 1,2 млрд теңге. Сондай-ақ, индустриялық аймақтар құрылған уақыттан бері бюджетке 4,1 млрд теңге салық төленді.

Индустриялық аймақтарға инфрақұрылым жеткізу мақсатында 6,7 млрд теңге қаражат бөлінді. Бюджеттен бөлінген қаржының қайтарымдылығына келсек, 55 жоба арқылы 78,7 млрд теңге инвестиция игерілген. Нәтижесінде, инфрақұрылым жеткізуге жұмсалған 1 бюджеттік теңгеге қайтарымды 11,7 теңге жеке инвестиция тартылды. Бұл көрсеткіш орталық органдар тарапынан тиімді деп бағалануда. Яғни, жоғарыда аталған көрсеткіштер индустриялық аймақтардың тиімділігін көрсетеді.

Өңіріміздегі индyстриялық аймақта 2019 жылдары құнны 3,4 миллиард тенге болатын 7 жоба орналастырып, 11 гектарға жуық жер телiмі берілді. Жобалар толық қyаттылыққа шыққанда 144 жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.

Осы жылы жалпы құны 42,1 миллиард тенге болатын 5 жобаны – шыны зауыты, көкөніс өнімдерін сақтау қоймасы, темір қалдықтарын өңдеу цехы, жылыжай кешені және асыл тұқымды ешкілерді көбейту, етін өндіру және сүтін өңдеу жобаларын іске қосу жоспарлануда. Жобалар толық қуаттылыққа шыққанда 259 адам жұмыспен қамтылатын болады.

– Мұнай-газ саласы және сол саладағы компаниялардың қазіргі ахуалы қалай?

– Бүгінгі күні облыста көмірсутек шикізатын өндірумен және барлаумен 21 компания айналысады. Баршамызға белгілі, соңғы 5-6 жылдың көлемінде соңғы жылдары Қызылорда облысында мұнай кен орындарының табиғи сарқылуына байланысты мұнай өндіру көлемі көлемінің төмендеу үрдісі байқалуда (жыл сайын 10-12%). Жалпы алғанда 2013 жылдан бастап аймақ 5 млн тонна мұнай өнімін жоғалтты.

Биыл да 1 млн тоннадан астам мұнай төмендейді деп болжануда. Бұл төмендеу өндірумен айналысатын 12 компанияны қамтиды. Өкінішке қарай, біз бұл факторға ықпал ете алмаймыз.

Бұл, әрине, газ өндіру көлеміне де, өнеркәсіптік өнім өндірісінің жалпы көрсеткішіне де әсер етуде. Мысалы, 2019 жылғы қаңтар-желтоқсанда облыстың өнеркәсіп өндірісінің көлемі 862,9 миллиард теңгені құрады, бұл 2018 жылғы деңгейден 10,7% төмен.

Көмірсутектерді өндірудің күрт төмендеуі аясында қызметкерлерді қысқарту, жалақыны азайту, сервистік қызметтерді қаржыландыруды қысқарту және индекстеу қаупі туады. Мәлімет ретінде айтқанда, мұнай-газ өндіруші кәсіпорындарда 14 мыңнан астам адам еңбек етеді.

Дегенмен, мұнай компаниялары мұнай өндіру көлемінің төмендеуіне, сонымен қатар, әлем нарығында мұнай бағасының төмендеуі мен коронавирус індетінің зардаптарына қарамастан жалақы мен жұмыс орындарын сақтап қалуда.

Осы ретте мұнай көлемінің төмендеуі мен оны шешу жолдарын қарастыру мақсатында Үкімет деңгейінде де көтерілді.

Бұл мәселені шешу жолдарының бірі – перспективалы кен орындарында геологиялық барлау жұмыстарын жүргізу.

Нәтижесінде, облыстың 2019-2022 жылдарға арналған әлеyметтік-экономикалық дамyының кешендi жоспары әзірленді, онда ЖСҚ-ға сәйкес Шy-Сарысy, Оңтүстік Торғай және Сырдария шөгiнді бассейндерінде 11 миллиард теңге сомаға кешендi геологиялық зерттеy жүргізy жұмыстарын респyбликалық бюджеттің есебiнен қарастырy көзделген.

Биыл респyбликалық бюджет есебінен Шy-Сарысy шөгiнді бассейнiн зерттеyге 700 миллион тенге бөлiндi. 2020 бастап "Шy-Сарысy шөгiнді бассейніндегі аймақтық профиль бойындағы геологиялық-геофизикалық зерттеулер (1 геотраверс) объектісі бойынша жұмыс басталды.

Сонымен қатар, әлем нарығындағы мұнай бағасының төмендеуі мен коронавирус індетінің зардаптары мұнай компанияларының жұмысына кері әсерін бермей қоймады.

Атап айтқанда, мұнай компаниялары жылдың басында бекіткен инвестициялық жоспарларын қайта қарап, қысқартуға өзгерістер енгізді.

Осы ретте мұнай компаниялары тарапынан келісімшарттық міндеттемелері аясында қаражат мәселесіне қатысты туындаған мәселелер бойынша кейінге шегеруге ұсыныстар енгізуде.

Бұл мәселе көмірсутек шикізаты бойынша құзіретті орган - орталық атқарушы органдармен қаралуда.

– "Шалқия" комбинатының құрылысы басталғалы жатыр. Бұл жобаның маңызы қанша? Жобаны игеріп кете алатын мамандар бар ма?

– "Шалқия Цинк LTD" акционерлік қоғамының Шалқия қорғасын-мырыш кен орнын игеру жобасы бойынша инженерлік инфрақұрылымдарды жүргізу, яғни техникалық және шаруашылық-ауыз су таратқыш, сыртқы электрмен жабдықтау, Жаңақорған су жинағышын электрмен жабдықтау аяқталуда.

Мырыш пен қорғасынның қоры бойынша "Шалқия" дүние жүзіндегі ең ірі бес кеніштің бірі. Жобаның құны – 235 млрд теңге. Осыған орай, тау-кен байыту комбинатының құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер компанияны анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Комбинат іске қосылғанда жаңадан мың бес жүзден астам, нақтырақ айтсақ, 1540 жұмыс орны ашылады. Комбинат 2023 жылы іске қосылып, жылына 2 млн тонна руда өңдеуге қуаты жетеді, одан әрі 2025 жылдан бастап қуаттылығын жылына 4 млн тоннаға дейін ұлғайтатын болады.

Жобаны игеретін мамандар туралы айтатын болсақ. Өздеріңізге белгілі, жыл сайын Ресей Федерациясының жоғарғы оқу орындарын бітіретін түлектерді облыстағы ірі кәсіпорындарға жұмысқа орналастырып келеміз. Оның ішінде, металлургия, түрлі-түсті металлургия, техносфералық қауіпсіздік, электроэнергетика және электротехника мамандықтары бойынша бітірген түлектерді «Шалқия» акционерлік қоғамына орналастырудамыз.

– Шикізатқа тәуелділікті арылудың жолы өңдеу өнеркәсібін дамыту. Осы бағыттағы жұмыстарды кеңірек айта кетсеңіз?

– Осы жылдың 6 айында өнеркәсіптің өңдеу өнеркәсібінде 69 миллиард тенгенің өнiмi өндiрiлiп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7%-ға артты. Өткен жылы 6 айда 59,3 миллиард тенгенің өнімі өндірілген еді.

Нақтылап кетсек, биыл өңдеу өнеркәсібінің келесі салаларында өсім байқалған: жеңіл өнеркәсіп – 40,9%-ға, тамақ өнімдерін өндіру – 27,2%-ға, кокс және мұнай өнімдерін өндіру – 8%-ға, құрылыс материалдарын өндіру – 17,7%-ға, машиналар мен жабдықтарды өндіру және орнату 14%-ға артқан.

Өңдеуші өнеркәсіптің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру мақсатында 2019 жылдан бері "Қарапайым заттардың экономикасы" бағдарламасы іске асырылуда.

Бағдарлама іске асырыла бастағаннан бері жалпы сомасы 7,6 миллиард тенгеге 96 жоба мақұлданды. Осыларды iске асырy кезінде бетон құбырлары, жемшөп өнімдері, ұзақ уақыт сақтауға арналған ұннан жасалған кондитерлік өнімдер өндірісін құру, жиһаз өнімдерінің ассортиментін кеңейту күтілуде.

Сонымен қатар, ірі кәсіпорындарының бірі "Аралтұз" АҚ бағдарлама аясында үшінші испан цехының құрылысын бастады. Цех іске қосылған кезде кәсіпорын жылына 180 мың тонна ас тұзын шығаруды жоспарлап отыр. Қосымша 198 жаңа жұмыс орны ашылады.

– "Аралтұз" АҚ-ның тұз өндіру көлемі, экспорттық әлеуеті, жаңа жобалары туралы білгіміз келеді.

– Өзіңізге белгілі, "Аралтұз" АҚ – тұз нарығында 90 жылдан астам жұмыс тәжірибесі бар Қазақстандағы iрі қала құраyшы кәсiпорындардың бірi.

"Аралтұз" қоғамы Индyстрияландырy бағдарламасының негізінде екi бiрдей испан цехын iске қосып, 1200-ден астам жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтуда.

Нәтижесінде, өндірілетін және сатылатын өнім көлемін үш еседен асыруға және еңбек өнімділігін екі есеге арттыруға қол жеткізілді.

Жалпы, кәсіпорын өнімнің 23-тен астам түрін, ұнтақтығы бірінші және нөлдік ас тұзын, техникалық және брикеттелген ас тұзын өндіреді. Сонымен қатар, "Аралтұз" АҚ бағдарлама аясында үшінші испан цехының құрылысын бастады. Цех іске қосылған кезде кәсіпорын жылына 180,0 мың тонна ас тұзын шығаруды жоспарлап отыр. Қосымша 198 жаңа жұмыс орны ашылатын болады.

Өткізу нарығын кеңейту мақсатында кәсіпкерлік ас тұзын Қытайға экспорттауды жоспарлауда.

– Шыны зауыты тақырыбы жыр болғаны жасырын емес. Ашылуын бәрі күтіп отыр. Қашан іске қосылады?

– Қазіргі кезде шыны зауытының құрылыс жұмыстары жалғасуда. Құрылысқа 125 адам тартылған. Шыны зауытының құрылысын жүргізу кезінде біршама қиындықтар туындады. Құрылыс жұмыстарын жүргізетін мердігер компанияны және құрылтайшылар құрамын ауыстыру бойынша мәселе біраз уақыт талқыланды. Бұл жоба бойынша облыс әкімдігіне зауыттың сыртқы инженерлік инфрақұрылымын жеткізіп беру жүктелген. Бүгінгі күні аталған жұмыстар бюджет қаражаты есебінен толығымен жүргізілді. Темір жол тұйығының құрылысы биылғы жылы аяқталатын болады.

Зауыттың іске қосылу мәселесі жөнінде толық ақпаратты жоба үйлестірушісі "Бәйтерек" ҰБХ» АҚ-нан алған орынды болады деп есептейміз.

Қазіргі таңда, жабдықтарды монтаждау бойынша сырттан мамандарды тарту мәселесі пысықталуда.

– Кәсіпкер Мінәжадин Өтеевтің қала іргесінде ет комбинатының құрылысын бастағанын білеміз. Жобаның қазіргі жағдайы қандай?

– Иә, 2019 жылдың мамыр айында ет комбинатының іргетасы қаланды. Бүгінгі күні құрылыс жұмыстарының 40%-ы аяқталған. Мемлекеттік қолдау ретінде Талсуат елді-мекенінен 15 га жер телімі берілді. Қажетті инфрақұрылымды жеткізуге қаржыландыру қарастырылуда. Жоба құны – 832,5 млн теңге, құрылыс кезіндегі жұмысшылар саны – 30 адам, жоба іске қосылғаннан кейін – 23 адам. Жоба қуаттылығы – жылына 5 мың тонна.

Биыл комбинатқа "Бизнестiң жол картасы - 2020" бағдарламасының негізінде су жүйесі жеткізіледі, электрэнергия желісін жүргізуге бюджеттен 13,8 миллион тенге бөлуге өтінім берілді.

Қуаттылығы жылына 5 мын тонна етті тереңінен өңдейтін комбинат экспортқа бағытталған, өнімі вакуумды қаптамада шығарылатын ірі кәсіпорынның бірі болмақ.

– Өзіңіз басқарып отырған басқармада басқа қандай жаңалықтар, жоспарлар бар?

– Қазіргі таңда, шыны индустриясы саласында жалпы құны 9,6 млрд теңгені құрайтын 3 жаңа жобаны іске асыру жөнінде келіссөздер жүргізілуде. Атап айтқанда, шыны талшығы, айна, авто шыны өндіру жобалары. Инвесторлар осы жылдың тамыз-қыркүйек айларында келеді деп күтілуде.

Бұдан бөлек, жыл соңына дейін Қызылорда қаласында құны 1,8 млрд теңгені құрайтын жоғарғы қысымды шыны-пластикалық құбыр өндіру зауытының құрылыс жұмыстарын бастау жоспарлануда. Жоба аясында 78 адам жұмыс орнымен қамтылады. Жоба 2020 жылы ақпан айында Өңірлік Кәсіпкерлікті қолдау картасына еніп, мемлекеттік қолдау шарасы ретінде 7 га жер телімі берілді және жобаны іске асыру бойынша жол картасы бекітілді.

– Сұхбатыңызға рахмет.
Өзгелердің жаңалығы