Облыста 2 116 шақырым жол жөнделді – Жеңіс Қасымбек

12 Қараша 2020, 13:33
1735
Бөлісу:
Облыста 2 116 шақырым жол жөнделді – Жеңіс Қасымбек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг кезінде Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек айтты.

Биыл Қарағанды облысында жалпы қолданыстағы 2 116 шақырым автожолдың жөндеу жұмыстары аяқталды. Оның ішінде 882 шақырым жол республикалық маңызы бар трассалар және 1 200 км-ден астам жергілікті маңызы бар жолдар. Жолдар «Нұрлы жол», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламалары және «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы аясында ретке келтірілді. Жөндеу жұмыстарына 4 мыңнан астам жол-құрылыс техникасы мен 10 мыңға жуық адам жұмылдырылды. Көлік инфрақұрылымының жыл сайынғы дамуына қарамастан, Республикалық маңызы бар Қарағанды - Қарқаралы, Қызылорда-Жезқазған, Жезқазған - Қарағанды және Жезқазған - Арқалық автомобиль жолдары аймақтың проблемалық бағыттары болып қала береді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облыс алдында «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында бұл бағыттарды 2025 жылға дейін қайта жаңарту міндеті тұр. Бұл жобаларды іске асыру Балқаш, Қарқаралы және Ұлытау өңірлерінің туристік кластерлерін дамытуға серпін береді, - деді ол.

Өңір басшысының айтуынша, жергілікті желінің автомобиль жолдары бойынша биыл қаржыландыру және жөндеу жұмыстарының көлемі екі есеге артты. Нәтижесінде құрылыс жұмыстарымен облыстың барлық қалалары мен аудандары қамтылған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Өңір үшін негізгі жоба «Орталық – Оңтүстік» көлік дәлізін іске асыру. Атап айтқанда, Қарағандыдан Жамбыл облысының шекарасына дейінгі жолды, Қарағанды - Балқаш - 363 км, сондай – ақ, Балқаш - Бурылбайтал-150 км реконструкциялау бойынша белсенді жұмыстар жүргізілуде. Қарағанды облысының автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 12 441 км құрайды, оның ішінде 2 785 км республикалық маңызы бар, 3 462 облыстық және 6 194 км аудандық маңызы бар жолдар мен елді мекендердің көшелері, - деді Жеңіс Қасымбек.
Өзгелердің жаңалығы