Қарағанды облысында ерекше қорғалатын аймақтар жіті қадағаланады

31 Наурыз 2020, 23:54
4657
Бөлісу:
Қарағанды облысында ерекше қорғалатын аймақтар жіті қадағаланады
Фото: автордан

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысы Сарыарқа жазығының бел ортасында орналасқан аумағы бойынша еліміздегі ең үлкен облыс. Шығыстағы Қарқаралы тауларынан батыстағы Торғайға дейінгі, оңтүстігіндегі Бетпақдаладан солтүстіктегі Тұран ойпатына дейінгі аумақтағы ұлан-ғайыр жерде өсімдіктің неше алуан түрі өседі. 

Осынша алқаптағы табиғат берген байлықты көздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа қаз қалпында жеткізу Қарағанды облыстық жануарлар дүниесі және орман шаруашылығы аумақтық инспекциясы мамандарының басты міндеті. Инспекцияның маманы Жанайым Әбеуова табиғат қорғаушыларының басқа да міндеттері жайлы баяндаған еді.

- Жанайым Әбеуова, Қарағанды облысының орман қорының жалпы аумағы қандай?

- Қазіргі уақытта Қарағанды облысының орман қорының жалпы аумағы 614,7 мың гектарды құрайды, оның ішінде орман жабындысы бар аумақ 152,3 мың гектар. Облыстағы орман-тоғайлардың көп бөлігі Қарқаралы, Ақтоғай аудандарында және Қарағанды, Теміртау қалаларының жанында орналасқан. Орман биосфераның экологиялық тепе-теңдігін реттейтін басты табиғат байлығы деуге де болады. Сондықтан да, орман қорын сақтау, қалпына келтіру мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі болып отыр.

- Орман-тоғайды қорғау үшін қандай шаралар атқарылады?

- Аймақтағы ағаш көп өсетін, орман-тоғайлы аумақтар мен ағаш өспесе де орман шаруашылығын енгізу жоспарланған аймақтар мемлекетті орман қорының қарамағындағы жерге жатады. Мұндай аумақтар орман қорғау бөлімдері мен табиғатты қорғау ұйымдарымен қорғалады. Маңыздылығы жоғары табиғат кешендері ерекше қорғалатын табиғат аймақтары болып саналып, олар республикалық немесе жергілікті маңызды табиғат ескерткіштері ретінде қорғалады. Ерекше қорғалатын табиғат аймақтарға ұлттық табиғи парктері, мемлекеттік қорықтар, қорықшалар, ботаникалық бақтар жатады. Қарағанды облысының территориясында Бұйратау ұлттық табиғи паркі, Қарқаралы ұлттық табиғи паркі, Қорғалжың табиғи қорығы, Бектауата, Қызыларай таулары, Ұлытау таулары аймағындағы жерлер ерекше қорғалады. Бұл аумақтарды қорғауды республикалық маңызы бар Қарқаралы, Бұйратау және Қорғалжың мемлекеттік мекемелері жүзеге асырады. Олар Ақтоғай, Жаңаарқа, Ұлытау аудандары мен Қарағанды, Теміртау қалаларының территориясындағы ормандар мен жануарлар дүниесін қорғайды. Теміржол бойындағы жасыл желекті Теміржол АҚ ҰК, автокөлік жолдары бойындағы орман-тоғайды ҚазАвтоЖол ҰҚ-ның Қарағанды филиалы қорғайды.

- Орман қорын пайдалану, қорғау ҚР Заңында қалай көрсетілген?

- Өсімдіктердің қоршаған ортаны қалыптастыруда маңызы зор. Сондықтанда біздің елімізде өсімдіктер әлемін сақтауға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстан Республикасының мемлекеттік орман қорының аумағында қандай да бір жұмыстар жасау немесе жоспарлау ҚР Орман кодексімен толық келісіліп орындалуы тиіс.

ҚР Жер Кодексінің 1 бабы 2 тармағына сай мұндай аумақтардағы жер мақсатты пайдаланылуы тиіс, яғни тек орман шаруашылығы үшін. Сондықтан да орман-тоғайда қандай да бір жұмыстар атқарылардан бұрын алдымен рұқсат алу қажет. ҚР-ның орман заңдылығы бұзылған жағдайда мемлекет бекіткен заң аясында жауапкершілікке тартылатын болады.

- Облыс аумағында сирек кездесетін өсімдіктердің жойылып кетпеуі үшін қандай шаралар атқарылады?

- Қарағанды облысы "Орталық-Қазақстанның ұсақ шоқылары мен аласа таулары" аталатын ботаникалық аумақтың біршама бөлігін қамтиды. Қарағанды өңірінің өсімдіктер әлемі сан алуан екендігі мәлім. Аймағымыздың солтүстігінде қылқанжапырақты орман-тоғайлар болса, оңтүстігінде шөлейтті жерлерде өсетін өсімдіктер кездеседі. Мамандар өңірімізде өсімдіктің 1500-ден астам түрі өсетіндігін айтады. Олардың арасында эндемиялық, сирек кездесетін және жойылу қаупі бар өсімдіктер бар. Өңірде Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген жойылу қаупі бар сирек кездесетін өсімдіктер тізіміндегі өсімдік түрлері кездеседі. Қазақстанның "Қызыл кітабына" енген жабысқан қандыағаш, қарқаралы бөріқарақаты, ашық кестежусан, сарғырт кестежусан, жанаргүл, шренк қызғалдағы, биберштейн қызғалдағы, екі түсті қызғалдақ және тағы басқа өсімдіктер біздің облыс аумағында өседі. Аталаған өсімдік түрлерінің жойылып кетпеуі үшін арнайы шаралар қабылданып, жыл бойы сол бағытта жұмыстар атқарылуда. Ерекше қорғалатын аймақтардағы сирек кездесетін, жойылу қаупі бар өсімдіктердің құрып кетпеуін үнемі қадағалаймыз. Мұндай өсімдіктерді заңсыз пайдалану, зақым келтіру еліміздің заңымен қудаланады.

- Статистикалық мәліметтер, орман өртінің 70 пайызы адами фактордың әсерінен болатындығын айтады. Қарағанды облысы аумағындағы орман өртінің алдын алу бағытындағы шараларға тоқталсаңыз.

- Орман-тоғайдың жойылуына әсер ететін басты факторлардың бірі – орман өрті. Негізі ормандардағы өрттің негізгі себептерінің бірі – адамдардың өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтамай, отты ұқыпсыз пайдаланулары. Сонымен қатар, орман өртінің пайда болуына ауылшаруашылық техникаларынан шыққан жалын мен ұшқындар да себепкер болып жатады. Сол себепті, біз жыл сайын облыстағы орман-тоғайда өрт қауіпін болдырмау мақсатында қауіпсіздік шараларын пысықтаймыз. Тұрғындар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргіземіз. Жаз айларында орман-тоғайға серуенге шыққан саяхатшылардың отты сөндірмеу кету, темекі тұқылын тастау сияқты жағдайларын болдырмау басты міндеттердің бірі. Біздің инспекция ормандағы өрт қаупін анықтау үшін үнемі рейдтік тексерістер жүргіземіз.

Сұқбатыңызға рақмет!
Өзгелердің жаңалығы