Ақтөбе облысында балалардың қатысуымен 44 жол апаты тіркелген

30 Шілде 2020, 12:44
1345
Бөлісу:
Ақтөбе облысында балалардың қатысуымен 44 жол апаты тіркелген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақтөбе облысы Полиция департаменті жол қозғалысының ересек қатысушыларына кәмелетке толмағандардың көлік басқаруын ерекше назарда ұстауды және жолын кесу керектігін ескертеді. 

Жазғы демалыс күндері балаларды мұқият бақылауда ұстау қажет, олардың көлік құралдарының кілттеріне қол жеткізу мүмкіндігін болдырмау, скутерлер немесе мопедтерді жүргізуші куәлігінсіз және жүргізу дағдыларынсыз басқаруға тыйым салу қажет. Балаға автокөлікпен ойнаудың салдары неге әкеп соқтыратынын түсіндіру маңызды.

Көбіне ересек адамдар бұл ережелерге назар аудармай жатады. Көптеген ата-ана балаға туған күніне немесе оқуды жақсы бітіргені үшін скутерді сыйлық ретінде сыйға тартады, бірақ мұндай сыйлықтың салдары өте қайғылы болуы мүмкін екенін естен шығарады. 

Балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары санын азайтудың басты шарттарының бірі –  қоғамда жол мәдениетін қалыптастыру, жол қозғалысы қатысушыларымен үздіксіз қарым-қатынаста болу, сондай-ақ, осындай құқық бұзушылықтардың алдын алуда қалың жұртшылыққа қолдау көрсету, - деді Полиция департаментінің бастығы А.Арыстанов.

28 шілдеде "Ақтөбе-Орск" автожолында "КамАЗ" автокөлігі мен скутер соқтығысып қалды. Жол-көлік оқиғасы салдарынан скутердің кәмелетке толмаған жүргізушісі алған жарақатынан Ақтөбе қаласының жедел жәрдем ауруханасында қайтыс болды.

Сонымен қатар, жаяу жүргінші балалар жиі жол апатына ұшырайды. Балалармен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алудың жолы көбінесе ересектердің санасына, жеке мәдениеті мен тәртібіне байланысты болып келеді. Кішкентай жаяу жүргіншіні тәрбиелеудің ең тиімді құралы – ата-аналар мен айналадағы адамдардың өзін-өзі ұстау қабілетінің үлгісі.

 Жол қозғалысы қауіпсіздігі мәселесінің түрлі аспектілері бар. Олардың бастысы әрқашан адам өмірін, әсіресе, балалардың өмірін сақтау. Бүгінгі таңда біздің көшелердегі автомобиль ағындарының қарқынды өсу ғасырында бала ерте жастан бастап жол қозғалысының қатысушысы болады, сондықтан көшелер мен жолдарда қауіпсіз мінез-құлық негіздерін оқыту мәселесі ерекше өзекті болып саналады, - дейді бас полицей А.Арыстанов.

Тынымсыз өмірдегі қарбалас жол қозғалысына қатысушылары мен жаяу жүргіншілерді үнемі асығып жүруге итермелейді. 

Жыл басынан бері Ақтөбе облысында балалардың қатысуымен 44 жол-көлік оқиғасы болды. 47 адам дене жарақатын алған болса, бір бала қаза тапты.

Полиция департаменті жол қозғалысына қатысушы ересек азаматтарға балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аудару қажеттігін ескертеді. Жол қозғалысы ережелері мен сақтық шараларын қатаң сақтау Сіздің және балаларыңыздың өмірін қорғауды қамтамасыз етеді.

Өзгелердің жаңалығы