Бас жаңалықтар
Оқушылардың қатысуымен 13 қылмыс тіркелген
20 Қыркүйек 2020, 18:05 281

Оқушылардың қатысуымен 13 қылмыс тіркелген

Тараз. BAQ.KZ тілшісі. Тараз қаласындағы білім мекемелері құқық бұзушылық пен қылмыстың, дәстүрлі емес түрлі діни ағымдардың, өзіне-өзі қол салудың және оған ұмтылудың, ерте жаста жүкті болу жағдайларының алдын алу сынды төрт бағытта жұмыстар жүргізуде.

Жыл басынан бері Тараз қаласының өзінде 50-ге тарта бала полицияның профилактикалық есебіне алынған екен. Оның басым бөлігі үйден қашу немесе қаңғыбастық, түнгі сағат 23.00-ден кейін заңды өкілдерінсіз көшеде жүру, оқудан жалтару, қоғамдық орындарда қайыр тілеу және арнайы мектептен қайтып келгендіктері үшін тіркелген. Бұларға медициналық, психологиялық және әлеуметтік көмек шаралары көрсетілуде. Ал аймақта мектепішілік есепке 217 бала алынған. Бұл мәліметтерді Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Саясат Есеев мәлімдеді.

Келесі кезекте жасөспірімдердің діни экстремистік идеялар ықпалына түсуін болдырмау мақсатында түрлі діни ағымдарды ұстанып жүрген оқушылармен тиісті жұмыстар атқарылып, оларға талдау жасалып отыр. Жыл басынан бергі 8 айда ата-аналардың ықпалымен діни ағымдарға кірген оқушылар саны 49-ға жетті. Бұл әлі де болса нақты көрсеткіш емес. Қашықтан оқу кезеңінде балалардың діни ұстанымына қатысты айқын ақпарат алу мүмкіндігі шектеліп қалды. Сынып жетекшілері балалармен тек телефон желісі арқылы байланысуда. Аталған жүйе оқушы туралы толық мәлімет алуға кері әсерін тигізуде. Ал ерте жастағы жүктіліктің алдын алу бойынша білім беру ұйымдарында қыздардың «Қыз жібек» клубтары жұмыс жасап жатыр, - дейді қаланың бас педагогі.

Тараз қалалық полиция басқармасының мәліметінше, мектеп оқушыларының қатысуымен қаңтардан бері 13 қылмыс тіркелген. Атап айтқанда, ұрлық, тонау, бұзақылық, денеге орташа зиян келтіру қылмыстарын №3, 6, 25, 2, 27, 28, 32, 39, 46, 49, 51, 53, 56 орта және кешкі мектеп оқушылары жасапты.  

Мамандардың сөзінше, төтенше жағдай, карантиндік режімдерге қарамастан, оқушылар арасындағы ауыр қылмыстардың саны азаймай отыр. Әсіресе, жайсыз отбасыларында тәрбиеленетін балаларға төнетін қауіптің алдын алу маңызды. Өйткені, мектеп оқушыларына қатысты жыныстық сипаттағы фактілер де жоқ емес. Топтық төбелестер де тыйылмай тұр. Өткен оқу жылында қоғамның назарын аударған осындай бір жағдай «Шөлдала» тұрғын алабында орын алған болатын. Күндізгі уақытта екі жасөспірімнің сөзге келіп қалуынан бастау алып, түнгі уақытта жастардың қақтығысымен аяқталған оқиға салдарынан бір оқушы көз жұмған еді. №19, 55, 56, 59 білім ошақтарының балалары қатысқан жанжалға елді мекен тұрғындарының екіге бөлінуі сеп болыпты. Зерделеу барысында оған жастардың емес, ересек азаматтардың қатысы бар болып шыққан.

Қазіргі таңда құқық қорғау органдары мен ауыл ақсақалдары бірігіп, жастар мен тұрғындар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар тиісті сала мамандарын қамти отырып, кешенді шаралар қолға алынған. Есепке алынған оқушылар мектепішілік және мектептен тыс үйірмелермен қамтылып, арнайы тәлімгерлер бекітілген. Бүгінде олар қашықтан бақылануда.

Саясат Керімбекұлының айтуынша, мұғалім мен оқушы, ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушілік жағдайды немесе оқушыларды мазалап жүрген мәселелерге жауап беру мақсатында мектептерде психологиялық көмек көрсету қызметтері жұмыс істейді. Оған қоса, «Жасөспірімдер арасында өзіне-өзі қол жұмсаудың алдын алу» тақырыбында ЮНИСЕФ жобасы бойынша оқушылардың қорқыныш, үрейлерін анықтау үшін сауалнама алу, «Бала – біздің болашағымыз!» атты ата-аналарға кеңес беру, тренинг жүргізу және мектептердің әкімшілік қызметкерлерін аталған бағытта оқыту шаралары ұйымдастырылады.

Полиция басқармасының статистикалық мәліметіне сүйенсек, жыл басынан бері өңірде биыл бірде-бір өзіне-өзі қол жұмсау жағдайы тіркелмеген.

Карантиндік жағдайда мектептер тарапынан жүргізілетін профилактикалық іс-шаралардың барлығы қашықтан ұйымдастырылатыны мәлім. Бірақ мұндай шараның сапасы болмайтыны да аян. Сондықтан білім бөлімі осы қиын кезеңде «Бала бақылауда» жобасын әзірлеп, талқылауға ұсыныпты.

Жоба аясында әр мектеп бойынша күнделікті қадағалауды қажет ететін білім алушылардың тізімі қалыптастырылады. Ол балаларға педагогтер қоңырау шалып, әңгімелесу арқылы оқушысына күнделікті қауіп төнбегендігін нақтылайды. Ал мектеп инспекторлары аталған санаттағы оқушылардың үйіне кемінде аптасына бір рет барып, профилактикалық шараларды жүргізетін болады. Мұның ең басты құндылығы – баланың сынып жетекшісімен екінші анасы ретінде байланыс орнату, – дейді Тараз қалалық білім бөлімінің басшысы Саясат Есеев. Нәтижесінде балаға төнген қауіп-қатер дер кезінде анықталатын болады деп болжануда.  
Бұл іс-шараға ата-аналар қауымы да тартылмақ. Олар мектеп пен құзырлы органдардың қатысуынсыз әлеуметтік желілер арқылы өзара топтар құрып, онлайн кездесулер ұйымдастырып, тәжірибелерімен бөліседі. 

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...