Оқу мәдениетінің үзілуі мүмкін емес

28 Маусым 2020, 13:05
4145
Бөлісу:
Оқу мәдениетінің үзілуі мүмкін емес
EX

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Талай тарихи кезеңдерді басынан өткерген "Көкшетау" газетінің жарық көргеніне биыл – 90 жыл. Кезінде "Көкшетау правдасы" деген атпен тарап, солтүстік өңірге түгел тарап, әр түтіннің теңдессіз сырласы, жаңалық жеткізер жалықпас жаршысы болған басылым еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін өзге тілдегі тіркесінен ажырап, оқырманына жақындай түсті.

Газет 1930 жылы әуелі "Колхоз жолы", кейін "Көкшетау правдасы" атанған.

1930 жылдың қыркүйек айы. Ғасырлар бойғы көшпелі тұрмыстық салт-реңін өзгертіп, Голощекиннің "Кіші Октябрінің" дүмпуімен жаппай отырықшылдыққа көшіп, коллективтік шаруашылықтарға біріге бастаған қазақ ауылдары үлкен қарбаласқа түскен кез. Сондай бір қауырт күндерде Көкшетау ауданының ауылдарына "осында қазақ тілінде газет шығатын болыпты" деген сүйінші хабар лезде тарап үлгерген еді. Көп ұзамай ескі латын және араб әріптерімен терілген төрт беттік шағын газет қолға тиді. Бұл ВКП (б) П Петропавл округтік комитетінің 1930 жылғы тамыз айындағы қаулысы негізінде құрылып, қыркүйектің 17 жұлдызында алғашқы нөмірі жарыққа шыққан «Колхоз жолы» газеті еді. Бүгінгі "Көкшетау" сол "Колхоз жолының" мұрагер жалғасы, - деп жазған басылымның 65 жылдық мерейтойы тұсында сол кезгі газет редакторы Мәтен Бижанов.

Алғашқы ұйымдастыру жұмыстарына атсалысып, туын тіктеген редакторлары Тайжан Бердішев, Жұмабай Орманбаев, Белгібай Айтжановтар болған.  

Коммунистік идеяологияның сойылын соқты, сөзін сөйледі десек те, қай кезеңде болмасын қалам ұстаған қауым ел қамын ойлап, ұлт болашағын көздеп, халық жоғын жоқтаудан талған емес. Өздерінің ұлттық ұстаным, сарабдал көзқарастарын сыналап ұсынып отырды. Өңір тілшілері де сондай тағдырды бастан өткерді. "Көкшетау правдасы" 1944 жылдың 5 тамызынан бастап жарық көрді. Одан кейін билік Қазақстанның тың және тыңайған жерлерін игеруге байланысты Тың өлкелік "Тың өлкесі" газетін ұйымдастырды да, "Көкшетау правдасы" жабылып қалды. Сөйтіп, үстемдік құрған өктем билік еліміздің құнарлы өңірлерін шырқ үйіріп, жұрттың ойын бөліп, санасын басқа арнаға бұру саясатына орайластырып, жергілікті тұрғындардың атсалысып, үйренісіп, бауыр басып  қалған төл газетін жаба салып, басқа редакция ұйымдастырды. Біресе оңнан, біресе солдан соққан саясат желі құйындай ұйтқып,  1966 жылы "Тың өлкесі" тарқап, қайтадан "Көкшетау правдасы" ашылады. Бертін газетте Абдолла Құрманаев, Өміржан Оспанов, Жанайдар Мусин, Мәтен Бижанов, Жабал Ерғалиев, Төлеген Қажыбай, Балталы Сәрсенбаев, Жалғасбек Сүлейменов бас редактор болды, - дейді ардагер журналист Сайлау Көшкенұлы.

"Көкшетау правдасында" әр кезде дарынды, талантты қаламгерлер қызмет істеген. "Колхоз жолынан" бергі тарихын ақтарсаңыз Жұмағали Саин, Сарбас Ақтаев, Жанайдар Мусин, Еркеш Ибраһим, Естай Мырзахметов, Мәтен Бижанов, Төлеген Қажыбаев, Райхан Сейітова,Өмірзақ Мұқай, Жабал Ерғалиев, Жұмабай Есекеев, Балталы Сәрсенбаев, Қорғанбек Аманжол сияқты талантты қаламгерлер аттарына жолығасыз.

Жалпы, "Көкшетау правдасы" өз кезінде  талай-талай марапаттарға ие болған, танымал, беделді басылым болғаны белгілі. Редакцияда сақталған архив материалдары оған айқын дәлел. Он бес одақтас республиканы бағындырған СОКП Орталық Комитетінің органы, "төменге" көзі түсе бермейтін  "Правда" газетінің өзі 1977 жылдың 10 наурыз күнгі санында: "Игерілген тың жерлердің тиімділігін арттыруға ұстап отырған бағытынан, бұл проблемаларды талқылауға мамандардың, дала еңбеккерлерінің кең тобын тартудан  облыстық газеттің белсенді позициясы, диқандарды толғандырып отырған мәселелерді жазуда оның іскерлігі айқын көрініс тапты!". 1978 жылы Мәскеуде басылып шыққан арнайы жинақ арқылы экономист-журналистердің Бүкілодақтық семинарына қатысушылардың назарына ұсынылды. Үш жыл қатарынан үш мәрте бүкілодақтық творчестволық конкурстың лауреаты атанып, бірнеше дүркін КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің Бас комитетінің екінші дәрежелі дипломына екі рет ие болған. Бас көрменің "Советская печать" павильонында экспонат ретінде көрсетілген. 1980 жылы газет туына "Құрмет белгісі" ордені қадалады. Бұл басылымның заман талабына сай, саяси сауатты, тұшымды іс атқарғандығының, оның қызметкерлерінің қарым-қабілеттерінің белгісі. Көптеген журналистердің өңірлеріне орден-медальдер тағылуы да соның айғағы. КСРО Журналистер Одағының Құрмет грамоталарымен де газет бірнеше рет марапатталған, - дейді өлкетанушы Гүлбаршын Салық.

Газет тарихындағы тағы бір тың өзгеріс, 1990 жылдың қаңтар айынан бастап, "Көкшетау правдасы", кейін "Көкшетау" деген атпен жарық көре бастады. Бұл елде демократияның бел алып, КСРО қыспағының әлсіреп, тегеурінінің тығырыққа тірелгенінің де нышаны болса керек. "Правдасы" деген тіркесінен айырылып, дүр сілкініп, еркіндікке бет алған газет ата-бабамыз армандаған тәуелсіздіктің мән-жайын терең түсіндіріп, ел болудың қамын жазуға кірісті.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 3 мамырдағы Жарлығымен Көкшетау облысы таратылды. Сонымен бірге облыстық газет те жабылды. 1997 жылдың 28 маусымында соңғы саны жарық көреді. Бұл газеттің 1963 жылдан кейінгі, араға 34 жыл салып, екінші рет жабылуы. 1997 жылдың 1 тамызынан бастап, "Көкшетау" қалалық газет болып, жаңғырып, жаңарып қайта ашылды. Бұл ашылуында ҚР Парламенті сенатының депутаты Жабал Ерғалиевтің үлкен еңбегі бар. Тарап кеткен редакцияны қайта құру, журналистерге жалақы беріп, пәтерлер әперіп, баспаналы қылу, редакцияның материалдық базасын нығайтып, көркемдік деңгейін көтеруде бас редактор ретінде ол атқарған шаруа ұланғайыр. "Көкшетау" газеті 1824 жылы іргетасы қаланған  қаламыздың тарихындағы тұңғыш қалалық газет, - дейді басылымның бас редакторы Серік Жетпісқалиев.

Көкшетау қалалық мәслихатының 1999 жылғы 25 желтоқсандағы екінші сессиясының шешімімен "Көкшетау" газетінің алғашқы санының жарыққа шыққан күнінің 1930 жылдың 17 қыркүйегі болып белгіленгендігі туралы құжаттар да архивте сақтаулы.

2009 жылдың 6 тамыздағы А-9/340 қаулысымен қалалық "Көкшетау" газеті облыстық "Арқа ажары" газетінің меншігіне беріледі. Ал, 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап газет  Көкшетау қалалық әкімдігінің "Көкше-Media" жаупкершілігі шектеулі серіктестігінің құрамына кірді. Ұлы Отан соғысы жылдарында халықты жігерлендіріп, жеңіс үшін еңбек етуге жұмылдыру, тың игеру тұсындағы серпінді еңбек ерлерін насихаттау, достық пен татулықты насихаттау үстіндегі журналистер жұмысы туралы көп толғануға болады. Олардың қызметтері газет тігінділерінде сайрап тұр. Газеттің жабылу тұсындағы тілшілер қиналысы мен күйзелісі, қайта ашылғандағы қуаныштары да қағаз беттерінен сыр шертеді.

90 жылдығын атап өту үстіндегі "Көкшетау" газетін қолға алғанда оның сонау тарих қойнауында қалған, әрідегі күндері көз алдымызға келеді.

Таланатты, елге жанашыр, өз мамандықтарын қадір тұтқан қаламгерлер қолжазбаларын электр қуатынсыз жұмыс жасайтын жазу машинкаларында тергізіп, қолмен теріліп, қорғасын әріптері бізбен түзетіліп, құрылған беттер әупірімдеп көтеріліп, беттер түзілетін көне баспаханаларда басылып, оқырман қолына тиіп жатты. Жұрт елдің жаңалығын, экономиканың даму барысын, хабар-ошарды оқыды. Саясатты оқып, сауатын жетілдірді, еңбек озаттарының табыстарын оқып, үздік болуға ұмтылды, Отан қорғаған батырларды таныды, өткен тарих белестеріне көз жүгіртті. Теледидар әр шаңыраққа енбеген сол бір уақыттарда газет ақпараттың да, тәрбиенің де белсенді құралы болды. Бүгінде "Көкшетау" қазір материалдық базасы нығайған, компьютерлік техникамен толық жабдықталған, тілші-қызметкерлерінің қызмет орындары қолайлы, селт еткізер жаңалықтарға тұра жүгірер көлігі дайын, жоғары білімді, тәжірибелі  кәсіби мамандар жұмыс жасайтын қабілетті ұжым. Стильдің жатықтығы, ақпарат ұсынудың оңтайлылығы, тілдің көркемдігі мен ойдың ұшқырлығы, сөздің орамдылығы әрдайым ойда. Талай-талай тың тақырыптардың көтеріліп жүргеніне оқырман куә. Газет бетін көлегейлеп, көлбеп «жатып» алар көлемді материалдар емес, мәселені қысқа қайырып, ұтымды жеткізу үнемі назарда, - дейді "Көкшетау" газетінің редакторы Серік Жетпісқалиев.

Оның пайымынша, жүздеген басылым түрлері дүңіршектердің сөресін қайыстырып, ғаламтор да бәсекеге түскен шақта сұранысқа ие болуы үшін газеттер де заманға қарай бейімделуі тиіс.

Газеттерді электрондық басылымдар ақпараттық ағымнан ығыстырып шығарады» деген пікір тарап, жастардың біраз бөлегінің сол ойды қуаттайтынын да білеміз. Алайда, экранға үңіліп, бірер ауыз сөзбен ғана берілер ақпараттардың оқырманның бәрін бірдей қанағаттандыра қоймайтынын да білеміз. Газеттің салиқалы сөзі, толғамды ой-пікірлері ақпарат кеңістігінен әрқашан өз орнын таппақ. Оқу мәдениетінің үзілуі мүмкін емес. Оны электрониканың отаны саналатын Жапонияның өзіндегі кітап, газет-журнал оқуға деген құрмет пен ұмтылыс анық көрсетіп отыр. Ал, уақыт талабына сай газеттің сөзі мен безендірілуін жетілдіре түсу біздің міндетіміз. 90 жылдық тарихымыз, тереңнен тартылған дәстүріміз, тынымсыз ізденістеріміз  бізді жаңа талаптар деңгейінен көрсетеді деп сенеміз,- дейді Серік Жетпісқалиев.

                                                                     

Өзгелердің жаңалығы