Оқиға қайталанды - Депутат Арыстағы жарылысқа қатысты пікірін айтты

26 Маусым 2019, 13:09
2238
Бөлісу:
Оқиға қайталанды - Депутат Арыстағы жарылысқа қатысты пікірін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс депутаты Бақытжан Ертаев Арыстағы жарылыс салдарынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтып, жарақаттандарға тез сауығып кетуін тіледі.

«Қазір көп сұрақтар қойылып жатыр. Меніңше, мұны әрі қарай жақсылап талқылау керек, ертең бұндай оқиға болмасын. Бүкіл Мәжіліс депутаттары бірінші күннен бастап осы қайғыға ортақтасып, қолымыздан келгенше жәрдем беріп жатырмыз. Нұрлан Зайроллаұлының (Мәжіліс төрағасы –авт.) ұсынысы бойынша көп делегаттар қазір Арыста. Осындай жұмыс жүргізіп жатырмыз. Біз бәріміз, депутаттар бір күндік айлығымызды жәрдемге бердік», - деді Бақытжан Ертаев Мәжіліс кулуарында берген сұхбатында.

Депутат «бұл оқиға қайталанғанын мойындаймыз» деді. 

«Атырау да есімізде. Осы Арыста да болған оқиға. Былай қарағанда, кінәлі адам табуға болады. Бірақ, кінәламау үшін, бұндай оқиғаны болдырмау қажет. Мен әскери адам ретінде бұл жағдай оңай емес екенін білемін. Мен құзырлы органдар мән-жайды анықтайды және әрине қорытынды шығарады деп ойлаймын. Бұл - қойма емес, бұл - арсенал. Бұндай арсеналдар жан-жақты күзетпен және қорғаныспен қамтамасыз етілуі тиіс. Оларды мықты қарау керек. Себебі, бұл қару-жарақ. Осындай төтенше жағдайларға жол бермеу қажет», - деді Бақытжан Ертаев.

Депутаттың айтуынша, қару-жарақ қоймалары мен арсеналдары елді мекеннен қауіпсіз қашықтықта орналасуы тиіс. 
Бұған дейін жалпы отырыста Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «баршамыздың ниетіміз – Арыс қаласының тезірек қалпына келіп, тұрғындар жағдайының тезірек жақсаруы» деген еді.

Еске салсақ, 24 маусым күні таңертең Шымкент қаласынан 97 км жердегі Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шықты. Өрттің соңы жарылысқа ұласты. Түркістан облысының әкімі төтенше жағдай жариялап, қаладан 45 мың адам эвакуацияланды. Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, жүздеген адам жарақаттанды.
Өзгелердің жаңалығы