Нығматулин Бішкекте ҰҚШҰ елдері Парламенті өкілдерімен кездесті

20 Мамыр 2019, 12:49
2075
Бөлісу:
Нығматулин Бішкекте ҰҚШҰ елдері Парламенті өкілдерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Бішкекте ҰҚШҰ елдері Парламенті өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді. Палата спикері бастаған делегация ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының көшпелі отырысына қатысуда. 

Осы орайда Армения, Беларусь, Ресейден келген әріптестермен бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту және болашақ жоспарлар әңгіме өзегіне айналды. 

Парламент Мәжілісінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Нұрлан Нығматулин Армения Ұлттық Жиналысы төрағасы Арарат Мирзоянмен парламентаралық диалогты дамытуға уағдаласты. Ал, қазақстандық - армяндық қатынастар туралы сөз еткенде, Мәжіліс төрағасы осы жылы Армения төрағалық етіп жатқан ЕАЭО мүмкіндігін пайдаланудың маңыздылығын атап өтті. 

Армения Ұлттық Жиналысының төрағасы 23-24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында «Үлкен Еуразия. Диалог. Сенім. Әріптестік» тақырыбында өтетін Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесіне қатысатындықтарын растады. Маңызды форумды өткізу Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еуразиялық идеясының 25 жылдығына арналған. 

Нығматулин Бішкекте ҰҚШҰ елдері Парламенті өкілдерімен кездесті

Беларусь Ұлттық Жиналысы өкілдер палатасының төрағасы Владимир Андрейченкомен жүздесуде тараптар өзара түсіністік пен достыққа негізделген екіжақты байланысты белсенді нығайтуға айрықша назар аударды. Осы ретте Беларусь Парламентінің төрағасы шағын және орта бизнес, МЖӘ, цифрландыру басқа да салаларды дамыту бойынша Қазақстанның Тұңғыш Президентінің бастамаларын жүзеге асыру жолындағы жетістіктерге тоқталды. 

Келіссөздер барысында Мәжіліс төрағасы мен Ресей Мемлекеттік Дума спикері Вячеслав Володин осы жылы болатын парламенттік шараларды сөз ете келіп, алдағы маңызды форумға дайындық мәселелеріне тоқталды. 

Нығматулин атап өткендей, қазірдің өзінде 48 мемлекет, оның ішінде, 40 Парламенттер басшыларының, 16-сы халықаралық және парламенттік ұйымдар деңгейінде өздерінің қатысатындықтарын растаған. 

Мемлекеттік Дума төрағасының пікірінше, Қазақстан астанасында өтетін шараға ниет білдірушілердің көптігі - Парламент спикерлері деңгейінде талқыланатын сұрақтар үшін аталған форум бүгінгі күні ең тиімді әрі қажетті тәсіл екенінің дәлелі. 

Айта кетейік, осы күні Мәжіліс төрағасы ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясы кеңесі отырысына қатысады.

Өзгелердің жаңалығы