Нығматулин Жамбыл облысындағы өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандарды аралады

31 Қаңтар 2019, 14:47
2840
Бөлісу:
Нығматулин Жамбыл облысындағы өндіріс орындары мен әлеуметтік нысандарды аралады

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Жамбыл облысына жұмыс сапарымен барды. Онда кәсіпорындардағы еңбек ұжымдары мен тұрғылықты халықпен кездесті. 

Іс-шарада Палата төрағасы депутаттардың заң шығарушылық жұмысы туралы, соның ішінде, Мемлекет Басшысының бастамасымен қабылданған заңдар туралы әңгімеледі. 

Палата Спикері «Қазфосфат» зауытында болып, кәсіпорынның жұмысымен танысты. Қазақстандағы химия өнеркәсібі жағынан алғашқы қатарда тұрған кәсіпорынға биыл 20 жыл толады. 

Осы уақыт ішінде «Қазфосфат» тек елімізде ғана емес, басқа шет мемлекеттерге де фосфор өнімдерін шығарды. Сонымен бірге, ТМД, Қытай,  Шығыс және Батыс Еуропа елдеріне жол тауып, әлемдік деңгейдегі ірі өндіріс орнына айналды. Қазіргі уақытта еліміз бойынша 7 филиал ашылып, ол 6 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Еңбек ұжымымен кездесу барысында Палата спикері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіздік алған күннен бастап, әрбір облыстың, әрбір ауданның, әрбір қаланың дамуына зор көңіл бөліп келе жатқанын, соның ішінде, түрлі-түсті металдарға, баритке, фосфаттарға бай Жамбыл облысының орны өте маңызды екеніне тоқталды. 

«Елбасы саясатының арқасында мемлекетіміздің өңдеу өнеркәсібі 9,5 трлн теңгеге дейін артып, отандық өнімдеріміз әлемнің 110 елінде сатылып келеді. Мемлекетімізде жүргізілген ірі реформалар қазақстандықтардың тұрақты   табыс табуына жол ашты», – деді Нығматулин.   

Сонымен қатар, Палата спикері еліміздегі әлеуметтік жағдайға тоқталып, тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміздегі жалақы көлемі 4 есе өскенін, бір миллионнан астам қазақстандық тұрғын үймен қамтамасыз етілгенін, алдағы бес жылда Президенттің әлеуметтік бағдарламасы аясында 70 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланғанын, ол 2 миллионнан астам адамға баспаналы болуға мүмкіндік беретінін айтты. 

Сондай-ақ, таяуда ғана Елбасымыз Жастар жылының ашылу салтанатында   қазіргі жасап жатқан жұмыстардың барлығы жастар үшін екеніне ерекше тоқталды. Онда жас отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге, тұрақты жұмыспен қамтуға, өнерлі жастарды қолдауға баса назар аударылған.

Осы орайда, Нұрлан Нығматулин жастарға берілген осындай мол   мүмкіндікті тиімді пайдалануға шақырды.

Бүгінгі таңда еліміздің алға қойған мақсаты - дамыған  30 елдің қатарына  жету. Осы жолда әлемдік нарыққа жол тапқан Жамбыл облысының да үлесі зор. Қазірдің өзінде де көптеген жетістікке қол жеткізген. Мысалы, облыс бойынша өндіріс көлемі өткен жылы 400 млрд теңгені құраса, жұмыс істеп  тұрған шағын кәсіпорындар саны 63 мыңнан асқан. 

«Облыс жыл сайын жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Сонымен бірге, «Қазақстан - 2050» бағдарламасы - біздің жарқын болашағымыздың басты бағдары. Сондықтан, сіздердің қажырлы еңбектеріңіз, біздің заң шығару жұмысымыз барлығы да туған еліміздің өсіп-өркендеуі жолындағы игі қадамдарды  жүзеге асыру саналады. Алдағы уақытта да біз ортақ мақсат жолында бірлесе қызмет ететін боламыз. Осы жолда ең тиімді бағыт – ол депутаттардың сайлаушылармен кездесуі екенісөзсіз. Бұл кездесулер халқымыз үшін де, біз үшін де өте маңызды», - деді Мәжіліс төрағасы.
Қымбат Елтайқызы
Өзгелердің жаңалығы