Нығматулин Аустрия делегация өкілдерімен кездесті

27 Маусым 2019, 14:59
1307
Бөлісу:
Нығматулин Аустрия делегация өкілдерімен кездесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин Аустрия Республикасы Федералдық Кеңесінің төрағасы Инго Аппе бастаған делегация өкілдерімен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. 

Тараптар екі ел арасындағы, соның ішінде, парламентаралық ықпалдастықты нығайтудың өзекті сұрақтарын талқылады. Мәжіліс спикері Аустрия Қазақстанның маңызды стратегиялық әріптесі екенін атап өтті. Н. Нығматулин биылғы жылдың ең маңызды саяси оқиғасы ретінде кезектен тыс өткен Қазақстан Президенті сайлауын алға тарта келіп, жаңа сайланған Мемлекет басшысы Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытын одан әрі жалғастыратынын баса айтты.

Тараптар одан әрі қос мемлекет арасындағы саяси-экономикалық байланыстарды нығайтуды сөз етті. Палата Төрағасы, бүгінде Аустрия «жасыл» технология бойынша әлемдік жетекші елдердің бірі болып саналатынын айтып, біздің еліміз энергетика, жаңа технология, инновациялық-инвестициялық ынтымақтастық саласында қатынасты дамытуға ынталы екендігіне тоқталды. Осы ретте аз уақыт бұрын қабылданған Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша Стратегиясы біздің елдеріміздің өзара іс-қимылын аймақтық деңгейде дамытуға ықпал етпек.

Өз кезегінде мәртебелі мейман біздің мемлекетімізге алғаш рет сапарлап отырғанын, Қазақстанның даму қарқыны мен стратегиялық мақсаттары таңқалдырғанын жеткізді. Кездесу иелері қазақстандық-австриялық қарым-қатынастың маңызды бөлігі парламентаралық іс-қимыл екенін алға тартып, бейінді комитеттер мен парламентаралық топтар шеңберінде заңнамалық тәжірибе алмасуды одан әрі ынталандыру төңірегінде пікір алмасты.

Н. Нығматулин қонақтар алдында 23-24 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында «Үлкен Еуразия. Диалог. Сенім. Әріптестік» тақырыбында өтетін Еуразия елдері парламенттері спикерлерінің IV кеңесінің маңыздылығы туралы баяндады. 
Өзгелердің жаңалығы