Бас жаңалықтар
Нығматулин Қатардағы Парламентаралық Одақ Ассамблеясының отырысына қатысады
05 Сәуiр 2019, 13:59 1009

Нығматулин Қатардағы Парламентаралық Одақ Ассамблеясының отырысына қатысады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин 6-9 сәуір аралығында Қатардың астанасы Доха қаласында өтетін Парламентаралық Одақтың 140-шы Ассамблеясына қатысады. Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Н.Нығматулин Ассамблеяның пленарлық отырысында бейбітшілік, қауіпсіздік пен заң үстемдігі мүддесіндегі білімді жақсарту үрдісінде парламенттердің рөлі туралы сөз сөйлейді деп жоспарлануда.

Ассамблеяның қорытындысы ағымдағы жылдың шілде айына жоспарланған тұрақты даму жөніндегі жоғары деңгей БҰҰ саяси форумына қосылған парламенттік үлес болып табылады.

Сапар барысында Мәжіліс Спикері бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді. Атап айтқанда, Парламентаралық Одақ Төрағасы Габриэла Куэвас Барронмен, Қатар Консультативтік Кеңесінің Басшысы Ахмад бин Абдалла бен Заид Аль Махмудпен кездеседі. Сонымен қатар, Н. Нығматулин Бельгия, Вьетнам, Қытай, Ресей, Түркия және басқа елдердегі әріптестерімен парламентаралық ынтымақтастық мәселелерін талқылайды деп күтілуде.

Парламентаралық одақ 1889 жылы әлемдік парламенттердің іс-әрекетін үйлестіру үшін құрылған. Қазақстан Парламенті 1993 жылы Парламентаралық одаққа мүшесі ретінде қабылданды. Қазіргі уақытта ол 178 ел мен 12 аймақтық парламентаралық ұйымдарды біріктіреді.

Фото: дереккөз
Загрузка...