Бас жаңалықтар
Нығматулин: Арыс қаласының тезірек қалпына келуі - баршамыздың ниетіміз
26 Маусым 2019, 09:18 192

Нығматулин: Арыс қаласының тезірек қалпына келуі - баршамыздың ниетіміз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «баршамыздың ниетіміз – Арыс қаласының тезірек қалпына келіп, тұрғындар жағдайының тезірек жақсаруы» деді.

«Мен барлық депутаттар корпусы атынан Арыс қаласында орын алған төтенше жағдайдан қаза болғандардың отбасыларына қайғырып, көңіл айтамын. Сонымен бірге, зардап шеккендердің тезірек жазылып кетуін тілейміз. Осы күндері бүкіл қазақстандықтар бір ел болып, бір халық болып, Арыс қаласы тұрғындарына қолдан келген көмекті көрсетуде. Соның ішінде Мәжіліс депутаттары да бірінші күннен бастап осы оқиғадан тыс қалған жоқ. Депутаттар өздерінің бір күндік жалақысын арнайы көмек көрсету қорына аударды. Ал кешеден бастап біздің бір топ депутаттарымыз халықпен кездесу үшін осы Арыс қаласына жол жүріп кетті», - деді Нұрлан Нығматулин Мәжілістің жалпы отырысында.
Мәжіліс төрағасы «баршамыздың ниетіміз, тілегіміз – Арыс қаласының тезірек қалпына келіп, тұрғындар жағдайының тезірек жақсаруы» деді.

Айта кетейік, бүгін Мәжілістің жалпы отырысы әдеттегідей сағат 10.00-де емес, сағат 9.00-де басталды.

Еске салсақ, 24 маусым күні таңертең Шымкент қаласынан 97 км жердегі Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында өрт шықты. Өрттің соңы жарылысқа ұласты. Түркістан облысының әкімі төтенше жағдай жариялап, қаладан 45 мың адам эвакуацияланды.


Фото: ашық дереккөз

Сізден жаңалық