Nut Otan партиясы көпбалалы аналарға жәрдемдесті

23 Сәуір 2019, 11:05
2077
Бөлісу:
Nut Otan партиясы көпбалалы аналарға жәрдемдесті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясының «Халыққа көмек» жобасы аясында партияның облыстық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өтті. Мақсат — көпбалалы және жалғызбасты аналарға көмек көрсету. Бұл туралы aktobegazeti.kz сайты хабарлайды.

Осыдан бес жыл бұрын Ембіден көшіп келген Баян Жүсіпова жалғыз өзі екі бала тәрбиелеп отыр. Қыздарының алды 8 жаста, ал кішісі 1 жастан асқан. Әзірге тұрақты жұмысы жоқ. Алдымен мекенжайға тіркеліп, балаларына атаулы әлеуметтік көмек алғысы келеді. Оның үстіне жалдап тұрған үйіне қарызы жиналып қалған. Қабылдауға келген Баян шаруасының шешілетінін естіп, қуанып қалды.

Облыстық мәслихаттағы Nur Otan фракциясының мүшесі Сергей Вишняк қарызын өтеу үшін материалдық көмек көрсететінін айтты. Тұрғылықты жері бойынша тіркеуге алынды. Атаулы әлеуметтік көмек алу үшін жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мамандары кеңес берді.

Дәмежен Құнанбаева қабылдауға жиенінің қамымен келген. Қолындағы қызының ортаншы ұлы қант диабетімен ауырады және көру қабілеті нашарлап кеткен. Өнерге қабілеті болғанымен ақылы үйірмелерге қаржы тапшылығынан, ал мектеп жанындағы үйірмелерге науқасына байланысты қатыса алмай отыр. Облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева алдағы уақытта балапанның дәрігердің бақылауымен бассейнге, домбыра, вокал үйірмелеріне қатысатынын айтты. Сондай-ақ ол денсаулық сақтау басқармасы басшысы Әсет Қалиевпен оның көзіне Астанада ота жасау үшін квота бөлу, жол қаражаты жөнінде сөйлесті.

Қазақстанның Тұңғыш Президентінің тікелей тапсырмасымен «Халыққа көмек» жобасы жүзеге асқан сәттен бастап облыстық филиалға көпбалалы отбасынан 105 өтініш түскен. Облыстық филиал төрағасының орынбасары Нұрхан Ағниязовтың айтуынша, өтініштің 40 пайызы шешілген. Оның басым бөлігі материалдық көмек көрсету, жұмысқа орналастыру және әлеуметтік, құқықтық көмек екенін атап өткен жөн.

 

Өзгелердің жаңалығы