Нұртөре Жүсіп Қордайдағы қақтығыс туралы: Бұған дейін зерттеулер қайда болды?

27 Ақпан 2020, 14:15
2620
Бөлісу:
Нұртөре Жүсіп Қордайдағы қақтығыс туралы: Бұған дейін зерттеулер қайда болды?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. "Қазақстандағы этносаясаттың өзекті мәселелері: Сарапшылар пікірі" атты дөңгелек үстелге қатысқан ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп Қордайдағы қақтығысқа қатысты пікір айтып, өзінің ұсыныстарын жеткізді. 

Этносаралық қарым-қатынасты сөз еткенде бірінші кезекте қазақ елінің ұлттық құндылықтарын қалыптастыру мәселесіне көңіл бөлсе екен дейміз. Бірінші, мемлекеттілік, тәуелсіздік, отбасы құндылықтары, адами құндылықтар, қазақтың салт-дәстүріне құрметпен қарау, қазақтың тілін меңгеру. Көшіп кеткен немістердің өзі қазақтың салт-дәстүрін әлі ұмытпай отыр. Өйткені, олар елдік қасиетімізге деген құрметті көрсетіп отыр. Екінші мәселе, ақпараттық тұрғыда сауаттылық керек. Айталық, бір қылмыстық оқиға болса, дереу азаматтың аты мен ұлты көрсетіледі. "Кінәсіздік презумпциясы" деген талаптар қатаң сақталуы тиіс. Сосын "оқиға, қикілжің, қақтығыс, қырғын" деген анықтамаларды бергенде барынша абай болған дұрыс. Қордай қырғыны деп жазылды мәселен. БАҚ өкілдеріне осындай төтенше жағдайларды жазып көрсету дағдыларын үйрету артық болмас еді, - деді сенатор. 

Оның сөзінше, оқиға өтіп кеткен соң сарапшылар, конфликтологтар, саясаттанушылар мен әлеуметтанушылар дүр ете қалады. 

"Бұған дейін солар қайда болды?" деп сұрақ қойғым келеді. Зерттеулер қайда? Қазақтілді үкіметтік емес ұйымдар қанша? "Жау кеткен соң, қылышыңды тасқа шап" деген сөз бар. Яғни мәселенің алдын алу, терең зерттеу, ушықтырмай шешуде мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімді іс-әрекет жетіспей тұрғандай көрінеді. "Көрші институты" деген ұғым бар. Америкалық киноларда жаңадан көшіп келгендерге көршілер тәтті бәліштерін алып, танысуға келеді. Біздің ерулік беру дәстүрімізге ұқсайды. Бұл жай ғана таныстық емес, бұл – көршіні анықтау, барлық жағдайын білу, тіпті ұлттық қауіпсіздік мәселесі деп қарастыруға да болады. Егер көрші өз баласына қысым жасайтын болса, дереу тиісті орындарға хабар беріледі. Қазақстанда қазір ішкі миграция, урбанизация процестері күшейді. Бізде біреудің біреумен ісі бар ма? Көрші институтын неге дұрыс пайдалана алмай отырмыз? деген сұрақ туындайды. Бесінші мәселе – әлеуметтік оқшаулану белгілері байқалады. Әр ұлт пен ұлыс өкілі өз бетінше өмір сүріп жатқандай. Тәжік ауылы, өзбек ауылы дегеннен басқа не білеміз? Әр ауылдың өз мектебі, өз мешіті, тіпті өз моласына дейін бар. Олар қазақ ортасына қайдан кірігеді? Кіріктіру мен біріктіру механизмдері іске қосылмай жатыр, - деді депутат. 

Осыдан кейін ол өзінің ұсыныстарын ортаға салды. 

Менің ұсыныстарым – Президенттік басқару академиясында және елдегі жетекші оқу орындарында Конфликтология факультеті ашылса, артық болмас еді. Ел-жұртпен тікелей жұмыс істеу, сөйлесу, тыңдау, даулы мәселелерді реттеп шешу үшін конфликтолог мамандар қажет. Әсіресе аймақтардағы ішкі саясат басқармаларында қазақтілді конфликтолог мамандар болуы тиіс деп есептеймін. 

Екінші – қазақ мәдениеті шеңберінде өмір сүру. Қазақстанды мекендеп отырған ұлт пен ұлыс өкілдері қазақ мәдениетін, мемлекеттің мәдени кеңістігін қабыл алуы тиіс. Айталық, биыл әл-Фарабидің 1150 жылдығы, ұлық ұлыстың 750 жылдығы, Абайдың 175 жылдығы деген айтулы мәдени-рухани шаралар болады. Этнос өкілдері біздің тарихымыз бен мәдениетімізді қаншалықты біледі? Мәдени құндылықтар негізінде бірлесу – кез келген Қазақстан азаматына пайдалы болар еді. 

Үшінші – ортақ түсіністік ортақ тіл арқылы қалыптасады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін ұлтаралық қарым-қатынас тіліне айналдыру қажеттігін айтты. Осы тұрғыда терең түсіністік керек. Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді білу талабын қатаң міндеттеу қажет. Стратегиялық тұрғыдан алғанда елдегі балабақшаның бәрін мемлекеттік тілде тәрбие беретін орталықтарға айналдыру өте маңызды, - деп сөзін жалғады ол. 

Оның айтуынша, қазақ өзге ұлт пен ұлыс өкілдерін "Тамыр" деп бауырына тартқан еді. Осы тамырластық жыл өткен сайын күшейе беруге тиіс еді. Өкінішке қарай, өте қиын кезде бір-бірімен тамыр болған, туыстасқан адамдардың ұрпағы қазір бір-бірінен алшақтап барады. Тамыр болу – тағдырлас болу деген сөз. Бауырластықтың осы буынына барынша көңіл бөлген дұрыс. 

Бесінші – Левшин, Гумилевтерден бастап, қазаққа қызмет еткен тұлғалар бар. Григорий Потанин, біздің мың әнімізді хаттап кеткен Александр Затаевич, Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский, Борис Ерзакович, кешегі Герольд Бельгер сияқты өзге ұлт өкілдерінің адал еңбектерін неге насихаттамасқа? Осындай тұлғалар туралы деректі, керек болса көркем фильмдер неге түсірмеске деген сауал тастағым келеді. 

Алтыншы – қазақтану дәрістері мен үрдістерін жалғастыру. Осыдан 4-5 жыл бұрын, ҚХА бір жиынында неге басқа ұлт өкілдері қазақтың тұсаукесер, тілашар сынды жақсы салт-дәстүрлерін қабыл алмайды деп сұраған едім. Қазір қазақтану шаралары арқылы тұсаукесер жасайтын өзге ұлт өкілдері көбейді. Бұл – жақсылық. 

Жетінші – өз өмірін қуатты Қазақстан Республикасымен байланыстыратын кез келген азаматтың мемлекеттік тілді білу талабына қолдау білдірген абзал. Яков Федоров, Максим Споткай, Максим Рожин сынды қазақ тілінде таза сөйлейтін азаматтар мемлекеттік мүддені терең түсінгені қуантады. Біз осылай, бауырластық қағидатын қалыптастыруымыз керек. Кешегі Максим Рожиннің қазақ тілін үйрететін еріктілер қатарын көбейту туралы бастамасын қолдаймын. 

Сегізінші – дін бауырластығын күшейту. Қазақстан халқының басым бөлігі – негізінен мұсылман. Ораза, Құрбан айт мерекелерін тиімді пайдалану тетіктерін іздестірген дұрыс. Наурыз сынды ұлттық мерекелерді жалпыхалықтық ету.  Қазақ халқы сырттан келгендерге алдымен дәмін ұсынған ел еді. Бір қап ұннан бес қап бауырсақ пісіруге болады. Наурыз көжені әр қазақ өз көршісіне ұсынып, дәмін татырсын. Сонда бұл елімізді біріктіретін шараға айналады. 

Сонымен қатар, сенатор тағы бір мәселе спорт екенін тілге тиек етті. 

Халықаралық спорттық жарыстарда қазақстан халқы бір жұдырықтай бірігіп отырады. Шаршы алаңға Геннадий Головкин шыққанда, Александр Винокуров, Ольга Рыпакова, Ольга Шишигина, Серік Сәпиевтер шыққанда, кім олардың ұлты мен руын сұрады? Бізге осындай бірлік пен тұтастық керек. Сосын өнер бірлігі маңызды – Димаш өз өнерімен қазақ ұлтын әлемге танытып жатыр. Димашқа еліктеп қазақ әнін шырқаған қанша шетелдіктерді білеміз. Осы құндылықты дамыту керек, - деп сөзін қорытындылады Нұртөре Жүсіп.


Өзгелердің жаңалығы