Бас жаңалықтар
Адами капитал еліміздің дамуының басты факторы ретінде бағаланады – Нұрсұлтан Қаражан
19 Маусым 2019, 14:58 946

Адами капитал еліміздің дамуының басты факторы ретінде бағаланады – Нұрсұлтан Қаражан

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысының әділ еңбекақы қозғалысы және білім алу мүмкіндіктерін арттыруды басты мақсат етіп отырғаны сенім ұялатады. Әлеуметтанушы Нұрсұлтан Қаражан Қазақстан Президенті болып сайланған Қасым-Жомарт Тоқаевтың қызметіне қатысты осындай пікір білдірді.

Әлеуметтанушының пікірінше, Қазақстанның жаңа президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының міндеті ел мен билік арасындағы сенімді нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру болмақ.

«Кейінгі уақыттағы елдегі әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси ахуал жайындағы жұрт арасындағы әңгімелерді тыңдасаң, елдегі әділетсіздік, жемқорлық, тұтас бір идеологияның жоқтығы, руханияттың әлсірегені, әлеуметтік саясаттың тоқырауы секілді мәселелерді тізіп, тарқатып айтып кете береді. Сонан соң, халық пен билік арасының ажырағаны, халықтың үкіметке деген сенімінің кенеуі кеткендігі жайлы да көп естіп жүрміз. Естіп қана қоймай, кешегі сайлау қарсаңындағы митингілер мен толқуларды да көріп отырмыз. Менің айтпағым, Президентіміз сайланды, сол Мемлекет басшысының инаугурациядағы айтқан мақсат-міндеттері мен ел алдында, болашақ ұрпақ алдында арқалаған жауапкершілігі мен атқарар қыруар шаруасы жоғарыда айтып өткен бірқатар мәселелерді шешу механизмдері жайлы болмақ», - дейді Нұрсұлтан Қаражан.

Оның айтуынша, қоғамда негізгі әлеуметтік бес институт бар. Олар – отбасы, экономика, үкімет, білім, дін.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы осы институттардың барлығында орын алып отырған мәселелердің шешу механизмдерін қолға алатынын айтты. Ол механизмдердің қандай тәсілмен атқарылатыны алдағы уақыттың еншісінде. Дегенмен, әділетті әлеуметтік саясат жайында бірер сөз айтуды жөн көрдім. Президент Тоқаев: «Біз адам капиталын дамыту саясатын жалғастырамыз. Бұл бағытта, ең алдымен, не істеуіміз қажет? Жаппай білім беруді қолдау...» деп айтты. Адам капиталы әсіресе, жастардың қарым-қабілеті еліміздің жерасты байлығынан мың есе бағалы асыл қазына десем артық болмас», - деді әлеуметтанушы.

Нұрсұлтан Қаражанның пайымдауынша, біздің қоғамда кедейлік сана-сезімге бой алдырған индивидтер жетерлік.

«Мысалы, кейбір адамдар «билік бізге тұрғын үй, жоғары білім алу, жұмыс мәселесін шешіп бермесе қайдағы сауаттылық?» деп өз уәждерін алға тартады немесе «шетелде білім алатын шама жоқ болса, әрбір артық тиын азыққа кетіп жатса, қайдағы сауаттылық?» деп айтып жатады. Бір жағынан қарасақ, орынды уәж. Бірақ сауаттылық, өз-өзін жетілдіру, дамыту мемлекетке де, ақшаға да, билікке де байланысты емес. Әйгілі тұлғалар мен миллиардерлердің өмірбаянына үңілсек кедей отбасынан шығып тұрмыс тауқыметін көріп өскен деген мысалдарды мыңдап кездестіреміз. Кедейлік мәселесін шешуге арнап отыз жыл бойы жүргізілген жан-жақты зерттеулер нәтижесінде «кедейлікке жетелейтін – кедейлік сана-сезім» деген пікірге де дәлел табылды. Зерттеушілердің айтуынша, кедей адамдар орта тап өкілдеріндей, жұмыс, білім және басқа да құндылықтарға аса көп мән бермейді. Сондай-ақ олар кең тараған сауатсыздық және жұмыссыздық – кедейлікке ұшырататын себептер емес, керісінше салдары деп пайымдаған», - деп атап өтті Н.Қаражан.

Әлеуметтанушының айтуынша, жаңа зерттеулер кедейлікті жою үшін мәдени құндылықтар мен қоғамдық құрылымдар бірлесе ықпал етуі керек деген қорытындыға келуде.

«Көптеген адамдар бәсекелестік әділ болса, нәтиженің теңсіз болуымен келісуге дайын. Ал бұл жерде «үстемдіктердің әділетсіз болмауын қалай қамтамасыз ету керек?» деген сұрақ туындайды. Саясаттанушылар, қоғам белсенділері теңдікті нығайтуға бағытталған әртүрлі тәсілдерді ұсынады. Олардың негізгі екеуі – әділ еңбекақы қозғалысы және білім алу мүмкіндіктерін арттыру. Ал, бұл мүмкіндіктерді арттыруды Президентіміз басты мақсат етіп ұстанып отырғанын айтқымыз келеді. Белігілі бір деңгейде үкімет институт ретінде өз функциясын жақсы болсын, жаман болсын осы уақытқа дейін атқарып келді. Әлі де тиімді басқару реформасын қажет ететіндігі белгілі. Дей тұрсақ та, бұл мемлекет тек үкіметтегі санаулы топтың меншігі емес және олар ғана барлық жауапкершілікті арқалауы шарт емес. Әрбір индивид өз-өзін жетілдіріп, дамытып, тұлғаланып масылдық, кедейлік сана-сезімнен арылудың қам-қарекетіне көшуі тиіс деп ойлаймын. Сонда ғана адами капитал еліміздің дамуының басты факторы ретінде бағаланады», - деп сөзін түйіндеді Нұрсұлтан Қаражан.




Фото: дереккөз
Загрузка...