Нұрлы көш ауылында тұратын қандастар мәселесі талқыланды 

12 Наурыз 2020, 18:55
2212
Бөлісу:
Нұрлы көш ауылында тұратын қандастар мәселесі талқыланды 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2020 жылдың 12 наурызында "Отандастар қоры" жанындағы Қоғамдық комиссияның кезекті отырысы өтті. 

Іс-шара аясында Ақмола облысының Нұрлы көш (Красный Яр) ауылындағы шетелден көшіп келген қандастарымызға арналған үй-жай мәселелері талқыланды. 

Былтыр бір топ әріптесімізбен Красный Яр ауылына барып, жағдайды өз көзімізбен көріп қайттық. 10-15-ке жуық үйді аралап шықтық. Үйлердің жағдайы адам айтқысыз дәрежеде. Қабырғалары жұқа, іргетасы жоқ, едендері мен төбелері қалай болса солай істелген. Бұл 2009 жылы салынған үйлер. Бір таң қаларлық жайт, сол кезде "Нұрлы көш" аясында салынған бұл үйлердің бағасы. Мысалы екі-үш бөлмелі үйге сол уақыттағы бағаммен 59 мың АҚШ доллары кеткен. Мұндай ақшаға екі қабатты зәулім үй алуға болушы еді ғой. Сондықтан "Осынша сапасыз салудың себебі неде?", "Бұл үйлерді кім және неге қабылдады?" деген сұрақтар туындайды, - дейді Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, Қоғамдық комиссияның төрағасы Бақтиярұлы Мұрат.

 Оның сөзінше, осы мәселе бойынша бірнеше әріптесімен депутаттық сауал жіберген. 

Бүгінгі жиында бұл мәселені қайта көтердік, Көкшетау қаласы әкімінің орынбасарын шақырдық. Олардың айтуынша жөндеуге қаржы бөлінеді. Бірақ оның шешілетін бір-ақ жолы бар, ол – сол үйлерді жерімен бірге кезінде алған азаматтарға жекешелендіріп беру керек. Олар біздің азаматтарымыз, отандастарымыз, сондықтан Үкімет бұл мәселені солардың пайдасына шешіп беруі қажет, - деді сенатор. 

Осыған қоса жиын барысында репатриацияны ынталандыру шаралары, шетелдердегі этникалық қазақтарды оқулықтармен, көркем және басқа да әдебиетпен қамтамасыз етудегі келеңсіз жағдайлары да сөз болды.

Өзгелердің жаңалығы