Бас жаңалықтар
"Nurly Ertis" арқылы Екібастұзға 2 мың адам көшіп келді – Сапарбаев
08 Қараша 2019, 19:44 254

"Nurly Ertis" арқылы Екібастұзға 2 мың адам көшіп келді – Сапарбаев

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы ҚР премьер-инистрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев Павлодар облысының жұртшылығымен кездесуінде айтты, деп хабарлады pavlodarnews.kz.

ҚР премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев бастаған Үкіметтің жұмыс тобы кездесуге Павлодар облысының білім, мәдениет, спорт, денсаулық салаларының, бизнес, кәсіподақ, азаматтық қауымдастық, діни конфессиялардың өкілдері қатысты. Кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылы 2 қыркүйектегі Жолдауын жүзеге асыру барысы талқыланды.
Өткен уақыттан жақсы білесіздер, Мемлекет басшысының басты бағыты – қандай жағдай болмасын қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсарту, азаматтарға лайықты өмір сүру ортасын қалыптастыру. Мемлекет басшысының Жолдауындағы Үкіметке берілген тапсырмаларға сәйкес жұмыстар атқарылуда. Әлеуметтік салаға мемлекет тарапынан бөлінетін қаржыға тоқталсақ, биыл бөлінген жалпы қаржы еліміздің ішкі өнімінің 45 пайызын құрса, келесі жылы 47 пайызға дейін өседі. Яғни, мемлекетіміз халқының алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін толық орындап отыр деуге болады, - деді Бердібек Сапарбаев. 
Осыған байланысты Бердібек Сапарбаев екі мысал келтірді. Ол – атаулы әлеуметтік көмек және борыштық қарыздарды өтеу.
2019 жылдың 10 айының ішінде қазақстандықтарға АӘК төлеу үшін 206 миллиард теңге қаржы бөлінді. Көмекті алғандардың саны 2 миллион 200 адам алды. Оның ішінде 1 миллион 600 мыңы – балалар. Биыл әр адамға берілген көмек былтырғымен салыстырғанда 2,5 есе өсті. Ал, борыштық қарыздар мен оған төленетін айыппұлдарға келсек, осы екі төлемді төлеу үшін, халыққа көмектесу үшін республикалық бюджеттен 147 миллиард теңге қаржы бөлінді. Басқа жалақы, жәрдемақыны көтерілетінін, әлеуметтік нысандардың қалай салынып жатқанын білесіздер, - деді ол.
Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, халықты алаңдататын басты мәселелердің бірі – денсаулық. Бұл бағытта денсаулық жөніндегі кодекс жобасы мен денсаулық саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі мелмекеттік бағдарламасы әзірленуде. Бастысы – көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын жақсарту. 2025 жылға дейін қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа жеткізу көзделуде. Қазір аталған көрсеткіш 73 жыл 4 айды құрайды. Ол үшін алдымен материалдық жағдайын жақсарту және медициналық жұмысшылардың жалақысын көтеру қажет. Бұл салада жалақы өткен жылы да көтерілген болатын. Келер жылы 30 пайызға дейін өсу болады. Сонымен қатар, халықтың тұрмысын түзеу үшін жұмыспен қамту ісі де айтылды. Еліміздегі жағдай бойынша кем дегенде 350-370 мың жаңа жұмыс орнын ашу керек болған болса, 10 айда 323 мың жұмыс орны ашылған. Бұл бағытта халық көп шоғырланған өңірлерден адам саны аз өңірлерге көшіру жұмысы да қолға алынған.
Аталған істе Павлодар облысында жақсы тәжірибе бар. Облыс әкімінің бастамасымен «Nurly Ertis» бағдарламасы жасалды. Сол арқылы Нұр-Сұлтан қаласынан Екібастұзға 2 мың адам көшіп келді. Маңыздысы – адамдар жұмысқа орналастырылды, баспана берілді. Балалар мектептер мен балабақшаларға барады. Президентіміз бізге бұл бағдарламаны өзге де солтүстік және шығыс өңірлерге тарату туралы тапсырма берілді. Бұнымен жұмыс жасаудамыз, - деді Бердібек Сапарбаев.

Сондай-ақ ҚР премьер-министрінің орынбасары мәдениет пен спорт саласында да басқаларындағыдай жалақы мәселесі көтерілгенін айтты. Бюджеттен қаржы қарастырылып, келесі жылдан бастап бұл салалардың жалақысы 30-50 пайызға өсетін болады. Материалдық-техникалық базасын ары қарай дамыту жоспарланған. Айта кетейік, Бердібек Сапарбаев келесі жылы еліміз үшін тарихи жыл болайын деп тұрғанын атап өтті. 2020 жылы Абайдың – 175, Әл-Фарабидің – 1150, Ұлы Отан соғысының – 75, Алтын Орданың – 750 жылдығы атап өтілетін болады.



Фото: дереккөз
Загрузка...