Нұргелді Құлышев: Ауыл әкімін сайлау жаңарған үдеріс

16 Қыркүйек 2021, 17:09
1951
Бөлісу:
Нұргелді Құлышев: Ауыл әкімін сайлау жаңарған үдеріс
Сұхбат

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Рухани жаңғыру жолына түскен еліміз «халық үніне құлақ асатын мемлекетке» айналу үшін оның бастапқы алғышарттарын бастап та кетті. Оның нақты көріністерінің бірі – ауыл әкімдерін сайлау.  Рухани жаңғыру жолына түскен еліміз «халық үніне құлақ асатын мемлекетке» айналу үшін оның бастапқы алғышарттарын бастап та кетті. Оның нақты көріністерінің бірі – ауыл әкімдерін сайлау. Тағы бір айта кетерлігі, саяси науқан Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа тұс келіп отыр. Жергілікті халықтың өз әкімін сайлауды көптен күткені рас. Бұрынғыдай жергілікті мәслихат депутаттары емес, халық өз әкімін өзі таңдайды. Осындай сайлау жолымен жуырда ғана қызметіне кіріскен Ленгір қаласының әкімі Нұргелді Құлышевпен шағын сұхбат жүргізген едік.

- Нұргелді Өсербайұлы, ауыл әкімдерін сайлау барысында жеңіске жетіп, ел сеніміне ие болғандықтан да қолдау тауып, бүгінгі жаңа қызметіңізге кірісіп кеттіңіз. Ең алғашқы жұмыс кестеңізді неден бастадыңыз, соны айта кетіңізші?

Ленгір қаласы – Төлеби ауданының орталығы. Ең алғашқы жұмыс барысымыз қаламыздың көркейіп, өркендеуіне және әлеуметтік жағдайдың жоғарылауына бағытталатын болады. Қаламызда соңғы жылдары көптеген игі істер жүргізілген, сол бойынша алдағы таңда да жұмыстарды қолға алып, жалғастыра түсеміз. Өзім осы Ленгір қаласының тумасы болғандықтан қаламыздың қарыштап дамуына бар үлесімді қосқым келеді. Әрине мен де өз халімше елдің патриотымын. Дәл қазір сізге қалада болатын өзгерістерді жарияламай қоя тұрайын. Өйткені, біршама жоспарлар өз уақытын күтуде. Игі бастамалардың басында өздеріңіз сияқты баспасөз саласының өкілдеріне уақытында хабардар етіп отыратын боламыз.

- Сайлауалды бағдарламаңызда халыққа қандай уәде бердіңіз, оны орындауға күш-жігеріңіз, білім-білігіңіз жете ме? 

Менің сайлауалды бағдарламамның негізі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «100 нақты қадам» ұлт жоспары мен «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы мен Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қазақстандықтарға арнаған «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Жолдауына негізделген болатын. Бағдарламамда мен жастарды қолдауға, спортпен баулуға және халықтың салауатты өмір салтын ұстануына бар күш-жігерімді жұмсаймын дегенмін. Ленгір қаласының әлеуметтік-экономикалық көркеюі жолында білімім мен тәжірибемді, іскерлік қабілетімді, намыс-қайратымды шыңдай отырып, жұмыс істеймін.

- Ауыл әкімін сайлау – саяси реформаның жаңа кезеңі бола ала ма?
Әрине, өзгерістің жаңа кезеңі болатынына сенемін. Ауыл әкімін сайлау жаңарған үдеріс. Халық та осыны күтті. Себебі, өз таңдауын жасайды. Сайлаушылар жергілікті халықтың мұң-мұқтажын білетін, проблемасымен жете таныс ел қалаулысын әркез жаңылыспай таңдай біледі деп ойлаймын.
- Жалпы ауыл әкімінің қолында не билік бар? Сайланған әкім не өзгерте алуы мүмкін?

Жалпы билік пен халықтың ортасындағы дәнекерші ол осы – ауыл әкімдіктері. Мен Ленгір қаласының әкімі ретінде осы өңірдегі қазіргі таңда шешімі табылмай жатқан мәселелерді және қала тұрғындарын толғандыратын барлық мәселелерді мүмкіндігінше шешуге қызмет етемін.

- Ленгірде қандай шешімін таппаған мәселелер бар? Кейде БАҚ беттерінен тұрғындардың ауыз судан тапшылық көріп жатқанын көзіміз шалып қалады.

Қазіргі таңда қала тұрғындарын көбіне мазалайтыны, сол ауыз су мәселесі екендігі рас. Бұл бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұдан бөлек, кәріз жүйесі де қаламызда өзекті мәселенің біріне айналып отыр. Көптің көңілін табу әрине қиын. Әкім болып халықтың жоғарғы бағасын алуға тұрарлықтай болуға тырысамыз. Қаламыздың көркейіп-гүлденуіне, әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына барынша атсалысатын боламын.

Өзгелердің жаңалығы