Нұрғазиева: Референдум өткізу – жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді

5 Мамыр 2022, 21:25
1590
Бөлісу:
Нұрғазиева: Референдум өткізу – жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы «Қазақстанның Азаматтық альянсы» ЗТБ президенті Бану Нұрғазиева мәлімдеді. 

Президенттің Конституцияны референдумға шығару себебі – әрбір пікір білдіргісі келген халыққа мүмкіндік беріп отыр. Мемлекет басшысының бүгінгі референдум өткізу туралы жариялаған бейнеүндеуінде айтқан сөздеріне толық қосыламын. 1995 жылдан бері Конституцияға 5 рет түрлі өзгерістер енгізілді. Бірақ ол өзгерістерді Парламент қабылдады. Енді Президент халықтың пікірін ортаға салуға шақырды. Бұл жерде бүкіл саяси жүйені  қайта жүктеу туралы айтып отырмыз. Оны халықпен ақылдасқаны өте дұрыс. Референдум керек, - деп атап өтті спикер.

Сонымен қатар ол  Конституцияға енгізілетін өзгерістер тікелей халықтың жағдайын жақсартады деп отыр. 

Өзгерістер халыққа керек. Біріншіден, биліктің барлық тармақтары арасындағы Президенттің өкілеттілігін кезең-кезеңімен қысқарту процесі басталады. Мұны облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың әкімін сайлаудағы өзгерістерден аңғаруға болады. Екіншіден, Мәжілістің рөлі күшеюде. Соңғы жылдары депутаттыққа бәрі партия арқылы ғана өтетін. Ол халықтың наразылығын да тудырғаны белгілі. Тағы бір тиімді тұсы – елімізде жаңа саяси мәдениетті қалыптастыруға кешенді ықпал етіп, билік пен азаматтар арасындағы сенімді нығайтады, Бұл Конституцияда адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы дербес бап енгізілді. Бұрын-соңды ондай болмаған, - деді Бану Нұрғазиева. 

Сондай-ақ спикер ауыл тұрғындарын көтеру маңызды деп санайды. 

Конституцияға 30-дан астам өзгерістер енгізу жоспарланып отыр. Референдумдағы өзгерістерді халық жақсылап түсінуі керек. Заңды түрде не жазылғаны көбінесе тиісті жерге жете бермейді. Реформа – халық үшін жасалуда. Халықтың өзін-өзі басқаруына жағдай жасалады. Ата заңға енгізілетін өзгерістер арқылы шешілмеген көп дүние қайта орнына келеді деп сенемін, - деді Қазақстанның Азаматтық альянсының басшысы.

Өзгелердің жаңалығы