82 жастағы халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов үйленді

27 Тамыз 2019, 15:32
9703
Бөлісу:
82 жастағы халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов үйленді
PHOTO VIDEO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 82 жастағы қазақстандық танымал әнші Нұрғали Нүсіпжанов үйленді. Желіде халық әртісінің үйлену тойында түсірілген суреттер мен бейнежазбалар тарап кетті.

Айта кетейік, Нұрғали Нүсіпжановтың орындауындағы Шәмші Қалдаяқовтың «Әнім сен едің», «Ақ бантик», «Кешікпей келем деп ең», «Теріскей», «Арыс жағасында», «Қуаныш вальсі», «Қаракөз», «Тамды аруы», «Мойынқұмда ауылым»; Нұрғиса Тілендиевтің «Өз елім», «Саржайлау», «Алатау»; Әсет Бейсеуовтің «Армандастар», «Мұңайма», «Маралдым», «Алматым жүрегімде» және т.б. әндер тыңдарман жүрегінің төрінен орын алған. Әншінің репертуарындағы әндер 400-ден асады.

Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, Өзбекстанның Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Парасат, Құрмет ордендерінің иегері Нұрғали Нүсіпжанов үйлену тойын дүркіретіп өткізген.

Instagram әлеуметтік желісінің Қуандық Ешмет есімді пайдаланушысының ақпаратына сәйкес, халық әртісінің үйлену тойы 26 тамызда өткен.

WhatsApp Image 2019-08-27 at 14.40.00.jpeg

«Қазақстан Республикасының халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз 26 тамыз күні отау тікті құтты болсын ағайын! Мықты болсаңдар 82 жасқа келгенде әйел алып көріңдер. Нұрғали ағам бүкіл қазақ жігіттеріне үлгі болып қара көз қыздарды Қытайға бермеудің бір жолын көрсетті», - деп жазды ол.


Нұрғали Нүсіпжановтың жас келіншегі КТК арнасындағы «Жүрекжарды» бағдарламасын жүргізген журналист Жадыра Сейдеш болып шықты.

Ерлі-зайыптылардың арасы 40 жас. Бұл жаңалықпен аталмыш арнаның тележүргізушісі Гүлмира Әбіқай бөлісті.

«Міне, жаңалық! Қазақ өнерінің жарқын жұлдызы, сахнада жүрген 60 жыл бойы артынан бір сөз ермеген әнші Нұрғали Нүсіпжанов ағамыз үйленді. Дүркіреген той Алматыда өтті. Шындығында, лимузиннан жарқырап түскен қалыңдық пен күйеу баланың фотосы мен видеосы ютуб желісіне тарап кетті. Ағамыз қолтықтаған жеңгеміз таныс бойжеткен. Кезінде жұмысты бір бастап, тв асханасында бір жүрген әріптесіміз #жүрекжарды бағдарламасын жүргізген Жадыра Сейдеш. Ерлі-зайыптылардың арасы 40 жас десек те, құтты болсын, бағың ашылсын Жадыраш! Адам баласы қай жаста, қандай жағдайда да бақытқа лайық. Бірақ бұл жаңалықты енеме қайтіп жеткізерімді білмей тұрмын, сүйікті әншісі еді», - деп жазды Гүлмира Әбіқай Instagram-дағы парақшасында.

Ақ көйлек киген қалыңдық Жадыра Сейдеш той үстінде жұбайының қолынан ұстап, оған өзінің ақ тілегін жаудырды. 


Өзгелердің жаңалығы