Нұр-Сұлтанда ИнстаАналар марапатталды

23 Наурыз 2019, 21:33
4981
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда ИнстаАналар марапатталды
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін «ИнстаАна - 2019» байқауының жеңімпаздары анықталады. Байқау Инстаграм желісінде екінші рет өтіп жатыр. 

Жоба аясында Қазақстанның барлық аймағынан 600-ден астам ана бақ сынады. Үйде бала күтімімен отырған, жүктілігіне байланысты декреттік демалыстағы және түрлі салада еңбек етіп жүрген аналар, сондай-ақ көпбалалы, ісмер, шебер және жан-жақты аналардың үздігі анықталды. Айта кетерлігі, блогер әйелдер парақшаларын тек қазақ тілінде жүргізеді.

Жоба авторы Гүлжан Қайназарқызы байқаудың негізгі мақсаты туралы айтып берді. 

«Байқауымыздың мақсаты, ең алдымен, республика бойынша "Инстаграм" əлеуметтік желісін қолданушы талантты аналарды ауыл-қаладан іздеп табу; олардың өз парақшаларын қазақ аналары инстасында танытуына, дамуына, ізденуіне, қызметі мен тауарларын сапалы ұсынуына, өнерін өркендетуіне ақпараттық қолдау көрсету; бір-бірін қолдайтын аналардың үлкен тобын бір жерге, яғни @asyl_shanyrak парақшасы мен #инстаАна2019 хештегі аясына жинау; сауатты посттар жазатын аналар парақшасын іріктеп, қорытындысында номинациялар арқылы марапаттау; қазақ тілінде жазатын сауатты блогерлер тобының жаңа легін əкелу», - деп түсіндірді Гүлжан Қайназарқызы.

Нұр-Сұлтанда ИнстаАналар марапатталды

Сонымен қатар, жоба авторы алдағы жоспарымен бөлісе кетті.

«Алдағы уақытта бұл жоба міндетті түрде жалғасын табады, сондай-ақ енді балалардың ортасын дамытуға арналған жобаны қолға алмақпыз. Өйткені балалардың блогы елімізде жоқтың қасы. Балаларымызды шығарайын десек, оның ортасы жоқ. Біз шығарсақ, оны тек өзіміздің туыстарымыз бен таныстарымыз ғана көреді. Ал енді балаларымызға арналған сондай орта құрсақ, бүлдіршіндеріміз үшін жақсы болар еді», - деді Гүлжан Қайназарқызы.

Байқау барысында аналар жалпы 14 номинация мен бас жүлдені ортаға салды.
1. #КəсібиАна2019 (қоғамның кез келген саласында қызмет ететін аналар өз мамандықтары аясындағы блогы) – Рухабза Халдарбек, инстаграмдағы @rukhabza парақшасының иегері;
2. #ІсмерАна2019 (қолөнершілер, тоқымашылар, суретшілер, зергерлер, т.б.) – Жаңылхан Шанбаева – @hadishastyle;
3. #ӨнерліАна2019 (əнші, күйші, биші, көркемсөз шебері, т.б.) – Арайлым Ілиясова – @araika_pozitiv;
4. #СəндіАна2019 (шаш, киім, арықтау, əйел күтімі, т.б.) – Көркем Мұратқызы – @korkemmuratovna;
5. #АуылАна2019 (ауылдағы аналар) – Гүлвира Дәуленбаева @gulviradaulenbaeva8985;
6. #БизнесАна2019 (əртүрлі қызмет пен тауар ұсыну) – Айжамал Махамбетова – @aijanka_aialash;
7. #ЗаманауиАна2019 (қазіргі заманға сай жан-жақты аналар) – Гүлфара Ұлықпанова @gajap_hotun;
8. #АспазАна2019 (тамақ түрлері, əрі тапсырыс қабылдайтын аналар) – Дана Тұрғаналиева;
9. #ЖүктіАна2019 (бойында баласы бар аналардың ана мен бала денсаулығына қатысты блогы) – Тоғжан Шералықы – @baby_lovers_kaz;
10. #ДанаАна2019 (отбасы, бала тəрбиесіне қатысты жазбалар) – Ұлмекен Сұлтанғалиева – @ulmekensultangalieva;
11. #БолашақАна2019 (өнерлі əртүрлі жастағы қыздар мен әйелдер блогы) – @miss.aiya;
12. #АқынАна2019 (ақындар) – Нұрзат Шоханаева – @bagbanmyn;
13. #ЖазушыАна2019 (проза жазатын аналар) – Шынаргүл Оңашбай – @shynargul.onashbay;

14. #Батырана (денсаулығында кінәраты бар баласын өсіріп, тәрбиелеп, одан қалды оқырмандарына жақсы посттар жазып жүрген ана) – @pomosh_anuaru.

Ал бас жүлде #ИнстаАна2019 жеңімпазы – Жазира Ермаханбет атанды, ол инстаграм желісінде @zhaziranyn_zhazbasy парақшасын жүргізеді.

Нұр-Сұлтанда ИнстаАналар марапатталды

Байқаудың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы жасатылған әйел бейнесіндегі мүсінше мен сертификаттар табысталды.

Нұр-Сұлтанда ИнстаАналар марапатталды

#ИнстаАна2019 жеңімпазы Жазира Ермаханбет байқауда қай номинация бойынша сайысқа түскенін айтып өтті.

«Өзім көп елге саяхаттап, көрген-білгенімді алты ай шамасында жүргізіп келе жатқан парақшамдағы қыз-келіншектерге айтып, бөлісіп келемін. Жалпы «Асыл шаңырақ» жобасын мен бір жылдан бері білемін, блогер аналарға қолдау білдіру мақсатында бірден қосылғанмын. Бұл байқауға мен #ЗаманауиАна2019 номинациясы бойынша өзімді ұсынып едім, алайда, күтпеген жерден #ИнстаАна2019 жеңімпазы атандым. Өте қуаныштымын», - деді Жазира Ермаханбет.

Нұр-Сұлтанда ИнстаАналар марапатталды

Сондай-ақ, ол декреттік демалыста немесе бала күтімімен үйде отырған қыз-келіншектерге кеңес берді.

«Әйел адам ана, тіпті келін болған соң көп жағдайда алдымен балаларын, күйеуін ойлап, өзін соңғы орынға қояды. Бұл жағдай олардың денсаулығының, нервтік жүйесінің бұзылуына алып келіп жатады. Содан уақыт өте келе ол ана өз баласы үлгі тұтатын тұлғаға айналмай қалуы да ықтимал. Сондықтан мен аналарға барлық нәрсеге үлгеруге болатынын, үйде отырып-ақ, ең алдымен ұнататын ісімен айналысудан бастау керектігін айтқым келеді. Мысалы, әр адам балалық шағындағы арманына бір қадам жасауы керек. Мен сол бала кезімнен журналист болуды армандаған едім. Міне, қазір негізгі мамандығым басқа болғанымен, әлеуметтік желіде блог жүргізіп, өзіме ұнайтын іспен айналысып, арманыма бір табан жақын жүрмін деуге болады. Міне, осылайша әйел, келін, сондай-ақ 3 баланың анасы бола отырып, блог жүргізуге де болатынын басқаларға көрсету мақсатында осы сайысқа қатыстым», - деп сөзін толықтырды #ИнстаАна2019 жеңімпазы.

Ал #ІсмерАна2019 атанған қолөнермен айналысып, тігін тігетін маңғыстаулық көпбалалы ана Жаңылхан Шанбаева осы марапаттау рәсіміне қалай келгенін айтты.

«Елордаға келуге не ұшаққа, не пойызға билет табылмаған соң, жолдасым бес баламмен бірге көлігімен алып келді, оған алғысым шексіз. Арман қуып, осындай ортаға келіп, рухани демалып, түрлі салада жүрген аналармен жүзбе-жүз танысып, сондай-ақ жүлдеге ие болып отырғаныма өте ризамын», - деді Жаңылхан Шанбаева.

Нұр-Сұлтанда ИнстаАналар марапатталды

Байқаудың тағы бір қатысушысы, қызының @asylym_isa парақшасын жүргізетін Гүлнұр есімді ана блог жүргізудің пайдалы тұстарына тоқталып өтті.

«Қызым инстаграмда парақша жүргізуді маған өзі ұсынды, содан оған қолдау білдіріп, инстапарақ пен YouТube-канал аштық. Содан балаларымызды түрлі үйірмелерге беріп, жан-жақты дамытуға тырысып келеміз. Жалпы, балаға әлеуметтік желілерде парақша ашу – оған «болашаққа жолдама» алып берумен тең дер едім. Өйткені сол арқылы бала ашылады, іштегі өнерін дамытуға зор мүмкіндік туады», - деді Асылым Исаның анасы.

Арайлым АЛТАЙҚЫЗЫ 

Фото: автордан

 



Өзгелердің жаңалығы