Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Тағы да Қоңыр әулие үңгірінде

30 Маусым 2021, 15:03
4379
Бөлісу:
Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Тағы да Қоңыр әулие үңгірінде
PHOTO
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Таңғы сағат 4-те тұрдық. Бүгінгі жол небары 22-ақ шақырым еді. Аттарға бола ерте тұруға тура келді. 

Бұған дейінгі 18 күнде қанша терлесе де таңасырылмаған жануарлар, шөп жоқтығына қапа болғандай, оқырана қарсы алды. Түнде бөрттіріп қойған жарты қап бидайды тең бөліп бердік. Бидай жеген соң аттар жайылу керек.

Басқа жануарлар секілді күйіс қайырмайтындықтан жылқының асқазанына түскен бидай дереу бөртеді. Егер шөп жеп, күйіс қайыру міндетін атқармаса, аттың аяғына жем түсуі мүмкін. Ал мынадай алыс сапарда аттың аяғына жем түсті дегенше жаяу қалдым дей бер. 

Сонымен таңғы 5 сағат шамасында Тоқтамыс ауылынан 2 шақырымдай алыстап барып ат жайылттық. Онда да ат көзінен асып тұрған көк көрінбейді. Әйтеуір Шаған өзенінің жағасындағы тұяқкесті көгалға біраз бос жібердік. Өзіміз сол жерге дастархан жайып, таңғы асымызды іштік.

Сағат 9 шамасында Тоқтамыс ауылынан Қазақстан былай тұрсын көрші Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан елдеріне белгілі Қоңыр әулие үңгірін бетке алдық. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Тағы да Қоңыр әулие үңгірінде

Тоқтамыс ауылы жағынан келгенде Шаған өзенін бойлап жүре берсеңдер алып барады дегенді естігенбіз, сондықтан өзен жағалағанның өзегі талмайды деп екі жағасын шілік-тал көмкерген шағын өзенді жағалай бердік.
Түске таман Шаған өзеніне тоқтап, жуынып, аттарды шомылдырдық. Ыстық күнде өзіміз де, аттарымыз да бір сергіп қалды. 

Түстен кейін әйгілі үңгірге жеттік. Аңызға толы өлке әрі тылсым сыры мол жер. Бұған дейін Баянауыл ауданындағы Қоңыр әулие үңгірінде болған едік. Онда Алтынбек Құрмановтың түсіндіруі керемет еді. Ал мұнда шырақшы да жоқ екен. Ақан есімді азамат барынша жағдай жасап, 350 метр тереңдегі суға түсуге баратындар үшін арнайы баспалдақ төсеген екен. Үңгір аузына келіп-кетушілерге арнап қонақүй салыпты. Жағдай жасалған, бірақ үңгірдің тарихын, оның қасиетін, қалай пайда болғанын, алғаш боп кімдер тапқанын, бұл жерге қандай адамдар не үшін, не мақсатпен келетінін түсіндіріп берер жан жоқ. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Тағы да Қоңыр әулие үңгірінде

Бір шақырым жолмен 1500 метр биікке шығып, 15 метр тереңдегі қазан шұңқырға жиналған бір ұрттам судың тарихын ту сонау Нұқ пайғамбардан тарататын Алтынбек ағамыздың жетіспей тұрғанын экспедиция мүшелерінің бәрі айтысты. 

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Тағы да Қоңыр әулие үңгірінде

Үңгір ішіне түрлі-түсті жарықтар қойып, тамашалауға барлық жағдай жасаған екен. 

Бір көрмекке керемет орын. Алайда рухани дәріптелмегендіктен құндылығы аса білінбейді.

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Тағы да Қоңыр әулие үңгірінде

Түстен кейін ерте келгендіктен салт аттылар әулие үңгіріне кіріп, қасиетті суға түсіп, үңгір ішін тамашалады. 
Артынша аттарды арқандап, кезекті дәрі ектік. Ертең 20 күндік сапардың соңғы күні. 65 шақырым жол күтіп тұр. Соңғы бірнеше күннен бері күн қатты ысып, атқа да адамға да қолайсыздау болып келеді. Ертең де күн ыситын сыңайлы. Демек сапардың соңғы күні де ауыр болады. 

Біз аттарды суарып арқандап, ертерек демалуға жатып қалдық. Бұл жерде де ешқандай байланыс жоқ. Үңгір орналасқан таудың ең биігіне шықсаң ғана белайн операторы ұстайды, онда да тұрақты емес. 

Естеріңізге сала кетейік Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық Ат туризм федерациясының ұйымдастыруымен Бозоқ-Жидебай салт аттылар көпкүндік экспедициясының бас ақпараттық демеушісі BAQ.KZ ақпарат агенттігі.

Өзгелердің жаңалығы