Бас жаңалықтар
Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Мәшһүр-Жүсіп кесенесінде
PHOTO
18 Маусым 2021, 09:14 1398

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Мәшһүр-Жүсіп кесенесінде

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласынан Жидебайға бағыт алған салт аттылар Павлодар облысындағы Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің кесенесіне жетті. 

Әлкей Марғұлан ауылынан аттанған салт атты экспедиция мүшелері 70 шақырым жолды артқа тастап, әйгілі ғұлама, қазақтың көрнекті ағартушыларының бірі Мәшһүр-Жүсіп Көпеев жатқан бейіт басына жетті. 


Күннің ыстығы, жолдың алыстығы атты да, жігіттерді де біраз әбіржітіп жіберді. Оның үстіне Әлкей Марғұлан ауылынан аттанғанда түскі асқа деп алып шыққан судың өзі аздық етті. 


Экспедиция мүшелері кешке таман тілдері құрғап, ауыздары желімдей сағыздана бастады. Жол бойында кездескен көл, көлшіктің бәрі тұзды болғандықтан аттардың да қарқыны бәсең. 


Дегенмен таңғы 8-де жолға шыққан салт аттылар түнгі сағат 23-те діттеген жерге жетті. 


Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің кесенесінде жігіттерді Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов өзі күтіп алды. Жылқы десе, қазақы құндылық десе ерекше көңіл бөлетін осы бір азаматты бұған дейін де бірнеше сапарымызда жолықтырған едік. Онда да алдымыздан шығып, азаматтық танытып, ақ дастарқанын жайған болатын. 


Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің кесенесі ел арылмайтын, халық Аллаға құлшылық қылып, жәрдем тілер құтханаға айналған. Сондықтан да бұл жерге кез келген қаладағы кез келген бес жұлдызды қонақ үйден кем емес демалыс орнын салып қойыпты. Не тілесеңіз бәрі бар. Қалағаныңызша демалуыңызға болады. Аттарды жайғастырып, өзіміз де орналастық. 


Экспедиция мүшелеріне деп Қанат Кәрімов дастархан жайған екен, кешкі асымыз сол болды. 

Таңертең Мәшекеңнің мешіт-мазарына зиярат еттік. Мешіт-мазар деп отырғанымның өз себебі бар. Кесене екі бөлмеден тұрады. Кіреберісін мешіт секілді жасаған, ішкі бөлмеде Мәшһүр-Жүсіп жатыр. 



Кесене маңындағы бейітте Мәшһүр-Жүсіп Көпеевтің туыс-туғандары жерленген. Мәшһүр-Жүсіп жайлы айтар әңгіме де, сан түрлі аңыз да көп. Оның бәрін жіпке тізіп, жіліктеп отырсақ, ұзаққа кетерміз. Ал біз сапарымызды жалғастырайық. Алда Баянауылдың жауһары - Жасыбай көлі күтіп тұр. Біз атқа қондық. 


Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Нұр-Сұлтан қаласынан Жидебайға дейін жалғасатын 1000 шақырымдық салт аттылар экспедициясы басталғалы 6 күн болды. Экспедицияның басты ақпараттық демеушісі - BAQ.KZ ақпарат агенттігі.





Фото: автордан
Загрузка...