Бас жаңалықтар
Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Алғашқы экспонат
PHOTO
24 Маусым 2021, 09:29 318

Нұр-Сұлтаннан Жидебайға дейін. Алғашқы экспонат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Ұлттық Ат туризмі федерациясының ұйымдастыруымен өтіп жатқан салт аттылар экспедициясы әйгілі Қоянды жәрмеңкесінің орнында отырған Қоянды ауылынан Талды стансасына жолға шықты. 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Туризм комитетінің және Бозоқ тарихи-мәдени қорық мұражайының қолдауымен өтіп жатқан экспедицияның 12-күні жаздың ең ұзақ күніне тап болды. 


Қаратомар-Жайма ауылынан жолбасшылар эстафетаны қабылдап алған жылқышы Амангелді бізді әуелі Тоқпан қыстағындағы Саяттың үйіне бастап келді. 

Нағыз қымыз осы шаңырақта екен. Қанша ішсең де сіңе берер бал қымыздың өзі. 


Салт аттылар сары қымызға қанған соң Талды өзенін жағалап, Бүркітті тауын бетке алып жолға шықты. 

Қоянды мен Бүркітті ауылының арасы 47 шақырым. Бізге ауылдың өзі емес, сол маңдағы Талды стансасы керек. Сол жерде ат демалтып, еру болуымыз керек. Аттар демалғанда, экспедиция мүшелері Қарқаралыға барып, сондағы Құнанбай қажы мешітіне, Абай тоқтаған көк төбелі үйге және ауданның орталық музейіне баруды жоспарлаған. 


Салт аттылар түскі асты жергілікті жұрт «Алтыншы» атап кеткен шағын қыстақтан ішуді жоспарлаған болатын. Сол бойынша қыстаққа жеттік. «Алтыншы» — үш отбасы ғана тұратын қираған шаруашылық екен. Бір кезде дәуірлегені көрініп тұр. Қыстақ маңы қираған құрылыс пен ескі техниканың қалдығына толып жатыр. 

Алдымыздан «Талды» шаруашылығының басшысы Ерлан Шөкенев қарсы алды. Сапарда жүргенде әсіресе ауыл тұрғындарының ақпейілі, ешкімді жатырқамас бауырмалдығы тәнті етеді. Сенің кім екеніңді, қайдан келе жатқаныңды сұрамастан үйге қонақ болуға шақырады. Алдыңа ас қойып, көңіліңді жайлаған соң ғана жөн сұрасу басталады. 

«Алтыншыдан» аттанып бара жатқанымызда Ерлан көнетоз ердің қаңқасын алып шықты. 


Қазақтың жоғын жоқтап, өшкенін жандырып, өлгенін тірілткендей сапар екен. Әрі жақында ғана Ұлттық Ат туризмі федерациясын құрып жатыр екенсіңдер, мынау менің әкемнен қалған, өзім жастайымнан пайдаланған ер еді, сендерге ақ жол тілеп, болашақта федерацияның музейін жинақтасаңдар соған қоярсыңдар, - деді ол. 
Жақсы тілекпен, ізгі ниетпен ұсынған жәдігер жан жадыратты. Ісіміздің, сапарымыздың маңызы артып, мәні тереңдей түскенін сезіндік. 


Қазақ руханиятын, ұлт тарихын, ел шежіресін түгендеуді мақсұт тұтқан экспедиция мүшелері сапарды жалғастырды. 

Кешкі сағат 19 шамасында діттеген жерге жеттік. Талды стансасынан бізді Талғат Әбішев есімді азамат күтіп алды. Аттарды жайғастырып, кешкі асқа отырдық. Ертең аттарды демалдырамыз, ал өзіміз Қарқаралыдағы мешітке, музейге және Мәди Бәпиұлының басына барамыз. 


Жылқышы Амангелді эстафетаны Талғат Әбішевке табыстады. Талғат бізді 24 маусым күні Қайнарға жеткізеді.

Естеріңізге сала кетейік Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай Бозоқ -Жидебай бағытындағы 1000 шақырымдық тарихи сапардың бас ақпараттық демеушісі – BAQ.KZ ақпарат агенттігі.


Фото: автордан
Загрузка...