Нұр-Сұлтанмен әлемге мақтана аламыз – Ербол Оғаз

23 Наурыз 2019, 11:20
2488
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанмен әлемге мақтана аламыз – Ербол Оғаз

Шымкент қаласы және Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Елордаға Нұрсұлтан атын беруді ұсынған. Президенттің сол ұсынысын Қытайдан келген азамат, бүгінде белгілі кәсіпкер Ербол Оғаз қолдайды.

Ол ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елордаға Нұрсұлтан атын беру туралы ұсынысына қатысты пікірін айтты.

«Қытайдан 1,5 жыл бұрын көшіп келдім. 19 наурыз күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев «президенттік өкілеттігін тапсырамын» дегенін естігенде жүрегім дүрсілдеп, көзінен жас аққан адамның бірі менмін. «Енді қалай болады?» деген сауал мазалай берді. Қаланың атауын Нұрсұлтан деп өзгертуді 100 пайыз қолдаймын. Неге десеңіз, Нұрсұлтан Назарбаев – ұлы адам, ұлы тұлға. Астана деген қаланың аты емес. Әр мемлекеттің астанасының атауы бар. Әрқалай атауы бар. Ал біздің астананың атауы жоқ. Соған Нұрсұлтан есімін беріп, Нұрсұлтан деп атауды әбден қолдаймын. Осы атпен атасақ, шетелге мақтана айтар едік. «Нұрсұлтан қаласы, деп айтар едік. «Нұрсұлтан» сөзінің не сөз екенін сұраса, осындай қазақ халқын қазақ қылған, қазақ мемлекетінің негізін қалап, бүгінге жеткізген тұлға, деп айтар едім. Елордамызға Нұрсұлтан есімін беруді дұрыс санап, 100 пайыз қолдаймын», -дейді шетелден тарихи отанына оралған Ербол Оғаз.

Еске салсақ, 20 наурызда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР Парламенті палаталарының бірлескен отырысында мынадай ұсыныс айтқан болатын.

«Біз, қазіргі және келешек ұрпақ өкілдері, Елбасының саяси мұрасын жадымыздан шығармай, қадір тұтып, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи еңбегіне лайықты құрмет көрсетуіміз қажет. Елбасының халқымызға және әлем қауымдастығына сіңірген ерен еңбегі мен ұлы есімін мәңгі есте сақтауымыз керек. Елордамызға біздің президентіміздің есімі беріліп, Нұрсұлтан деп аталуы тиіс. Бұндай ұсыныс бұрын да парламентарий, парламент депутаттары тарапынан айтылғанын атап өткім келеді. Сонымен қатар елордамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа монумент орнатып, барлық облыстық қалалардың орталық көшелеріне Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев есімін беруді ұсынамын», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сол күні Астана қаласы мәслихатының кезектен тыс сессиясында депутаттар Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп өзгертуді қолдап дауыс берді. 

Өзгелердің жаңалығы