Бас жаңалықтар
Нұр-Сұлтанда "Жизель" балеті қойылады
31 Мамыр 2019, 10:57 598

Нұр-Сұлтанда "Жизель" балеті қойылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Балетте қиял-ғажайып әлем шынайы өмірмен ұштасады. Бұл туралы  "Астана Операның" баспасөз қызметі хабарлады. 

14, 15 және 19 маусым күндері А.Аданның «Жизель» балетінің премьерасы өтеді. Спектакльдің  қоюшы балетмейстер Ресейдің халық әртісі Алтынай Асылмұратова, сценограф Эцио Фриджерио,  костюмдер бойынша суретші «Оскар» сыйлығының иегері Франка Скуарчапино. Қоюшы дирижер – Арман Оразғалиев.

«Жизель» – менің ең сүйікті балеттерімнің бірі, оны дара да дана туынды деп білемін. Балетте барлығы анық, ықшам әрі көңілге қонымды. Спектакльде декорациялар да, костюмдер де, бутафория да – бәрі үйлесімді болғанын қалаймын. Біз М.Петипаның дәстүрлі хореографиясына негізделдік, оның дарынының арқасында аталмыш балет екі ғасыр бойы әлем сахнасынан түспей, ең репертуарлық спектакльге айналған. Мен әрдайым данышпан адамдардың алдында басымды иемін, бұл М.Петипаға да қатысты, оның хореографиясы уақыт сынағынан өткен, сондықтан оған үлкен өзгерістер енгізген жоқпыз, алайда нақты бір үзінділерін күшейте түстік. Осы балеттегі романтиканың барлық әсемдігін толыққанды жеткізгіміз келеді, – деді Алтынай Асымұратова.

Қоюшы балетмейстердің ассистенттері – Ресейдің еңбек сіңірген әртісі Константин Заклинский, Елена Шерстнева, жарық бойынша суретші – Винченцо Рапони. Басты партияларды: Жизель – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Әйгерім Бекетаева, Венгр мемлекеттік опера театрының этуалі Әлия Танықпаева және Анастасия Заклинская дайындауда. Альберт – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақтияр Адамжан, Еркін Рахматуллаев, Олжас Тарланов. Мирта – Әсел Шайкенова, Елена Семенова, Еркежан Жүнісова.

«Жизельдің» оқиғалар негізінде орман перілері туралы аңыз жатыр. Бұл – бақытсыз махаббат салдарынан қайтыс болған елес қыздар, олар ендігі жерде жас жігіттерден кек алуда. Некеқияр көйлектерін киген қыздар оларды есінен танып құлағанша шыр айналдырып билетеді. Француз әдебиетшісі Теофиль Готье бұл аңызбен неміс романтигі Генрих Гейненің жазғаны бойынша танысқан. Олар сценарист Жюль Сен-Жоржбен бірге «Жизельдің» сюжетін санаулы күндер ішінде ойлап табады. Адольф Адан партитураны бар болғаны үш аптада аяқтаған. Хореограф ретінде хас шебер Жан Коралли мен жас Жюль Перро және Мариус Петипа шақырылды.

"Бірінші бөлімі әсерлі де әдемі, ал екіншісі – құпия сыр мен романтикаға толы болуы үшін тырысудамыз. Балерина үшін бұл балет нағыз қайнар көз болып табылады, себебі ол осынау балетте өзінің барлық шеберлігін, драмалық дарынын, өзіндік даралығын таныта алады. Бірінші бөлім – әртістер үшін өте күрделі, дәл осы тұста бишінің Жизель бейнесін қаншалықты дәл жеткізгені түсінікті бола бастайды, бұл Альберт партиясын орындаушыға да қатысты. Осы стильді сақтап, «шамадан тыс мәнерлеумен» тым артық кетпеу өте күрделі, себебі осы жауһар туындының бар сұлулығын жоғалтып алу қаупі бар", - деп қорытындылады қоюшы балетмейстер Алтынай Асылмұратова.



Фото: дереккөз
б
Загрузка...