Нұр-Сұлтанда заманауи өнер фестивалі өтеді

7 Сәуір 2019, 09:43
2506
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда заманауи өнер фестивалі өтеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Қазақстан астанасы Astana Art Show-2019 фестивалін өткізу кезінде заманауи өнердің орталығына қайта айналады, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты. 

Astana Art Show-2019 фестивалі Нұр-Сұлтан әкімдігі мен Artios компаниясының ұйымдастыруымен өтпек. Заманауи өнер сарапшысы, TSE Art Destination, Astana Art Show негізін қалаушы Дина Байтасова мен аты әлемге танымал француз тәлімгері әрі халықаралық арт-директор Жером Санс жобаның тәлімгерлері атанды. 

Astana Art Show-2019 фестивалінің басты мақсаты – елордамызда екінші рет өткелі жатқан ауқымды шара аясында бас қосатын барлық суретшілерге тән номадизм мен еркіндік рухын жеткізу. 

Фестивальдің баспасөз қызметінің хабарлауынша, шара аясында өз еңбектерін Қазақстан, Франция, Қытай, Корея, Аргентина, Куба, АҚШ, Италия, Түркия сияқты 15 елдің, сондай-ақ, Мадагаскар, Корсика сияқты аралдардың қырыққа жуық суретшісі ұсынбақ. 

Astana Art Show-2019 фестивалінің аясында әлемдік деңгейдегі жұлдыздардың қатысуымен халықаралық көрме өтеді. Экспозиция Тәуелсіздік, сондай-ақ, Бейбітшілік және келісім сарайларында ұйымдастырылады деп жоспарлануда. 

Бұдан бөлек, Қазақстандағы Жастар жылына орайластырылған жастар көрмесі өтеді. Қазақстандық 30 жас суретші шеберлік сабақтарын алып, атақты өнер танушылармен, суретшілермен кездесетін болады. 

Astana Art Show-2019 фестивалінің бағдарламасында көркемдік экспозициялар ғана емес, тегін шеберлік сабақтары, воркшоптар, көпшілк алдындағы дәрістер, отбасылық шаралар да бар. Олар осы жылдың сәуірінде басталады деп күтілуде. Жас суретшілер көрмесі 7 маусымда басталса, халықаралық көрме Қала күні қарсаңында – 4 шілдеде ашылады. Фестиваль 2019 жылдың 10 тамызында аяқталады.

Өзгелердің жаңалығы