Нұр-Сұлтанда өрт қауіпсіздігін түсіндіру жұмысы жүріп жатыр

4 Қыркүйек 2021, 17:08
6698
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда өрт қауіпсіздігін түсіндіру жұмысы жүріп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жылыту маусымы қарсаңында Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Алматы аудандық басқармасы жеке тұрғын үй секторларында өрт қауіпсіздігі бойынша үгіт-насихат жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Тамыз айынан басталып сәуір айына дейін жалғасатын жылыту маусымында жеке тұрғын үйлер көмірмен жылытылады. Тиісті талаптарды сақтамау өрт оқиғаларының орын алуына себеп болады. Осыған орай өрт сөндірушілер тұрғындармен кездесіп, оларға тілсіз жаудың алдын алу бойынша кеңес береді.

Аудандағы жеке тұрғын үй секторында 7 мыңға жуық үй бар. Өткен жылы ауданда 47, биыл 72 өрт оқиғасы болды. Алдағы уақытта осындай оқиғалар болмас үшін үйлерді аралап шығамыз. Өздеріңізге белгілі жұмыс күндері көп адам үйінде болмайды. Сондықтан аралау жұмыстары демалыс күндері де жүргізіледі. Тұрғындар рұқсат беріп жатса үйлеріне кіріп, пештің жағдайы, үйдегі электр құрылғылардың орналасуын өз көзімізбен көріп шығамыз. Жылыту маусымында тұрғындар көмірді пайдаланады. Сондықтан оларға түтін шығатын мұржаны 2 айда бір рет тазалауға кеңес береміз. Аралау кезінде әлеуметтік жағдайы төмен топтарға баса назар аударылады. Өткен жылы қала әкімдігінің қаржыландыруымен 11 үйге арнайы дыбыстық белгі беретін құрылғы орнатып бердік. Бұл жұмыстар биыл да жалғасын табады. Өртті сөндіруден оның алдын алған оңай. Біздің қазіргі жұмысымыз дәл осы мақсатты көздейді, – дейді Алматы аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының бас маманы, азаматтық қорғау майоры Алмас Ережепов.
Сала мамандары тұрғындарды мейлінше өрт қауіпсіздігі ережесін сақтауға шақырады.



Өзгелердің жаңалығы