Нұр-Сұлтанда карантин тәртібі алты мекемеде бұзылғаны анықталды

11 Маусым 2021, 16:21
2221
Бөлісу:
Нұр-Сұлтанда карантин тәртібі алты мекемеде бұзылғаны анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың мониторингтік топтары бірнеше айдан бері күшейтілген режимде жұмыс істеп, қаланың кәсіпкерлік нысандары арасында карантин бұзушыларды анықтауда. 

Өткен тәулікте Нұр-Сұлтанда карантин тәртібі алты мекемеде бұзылғаны анықталды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайтында хабарланды.

Мониторингтік топтар төмендегі мекемелерді әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Сарыарқа ауданындағы Кенесары көшесі, 8 мекенжайында орналасқан «Адем» қонақ үйінің қызметкерлері жұртшылыққа бетпердесіз қызмет көрсетті. Бұл сәтте үй-жайда 9 адам болған.

Есіл ауданындағы Достық көшесі, 18 мекенжайында орналасқан «Back to Hemingway» бары карантин режимін бұзып, кальян шегу қызметін ұсынған. Ал Тұран даңғылы, 2 мекенжайындағы «Aura Alanya» түнгі клубы түн ортасынан кейін жабық есік арқылы жұмыс істеді.

Бас санитарлық дәрігердің қаулысының бұзылуы Азербаев көшесі, 47 мекенжайындағы «One shot» компьютерлік клубында және Алматы ауданындағы Қордай көшесі, 50 мекенжайында орналасқан «Home bar» барында анықталды.

Мониторингтік топ Байқоңыр ауданындағы Пушкин көшесі, 9 мекенжайында орналасқан «Ачичук» кафесінде бір үстелдегі қонақтар саны тым көп екенін анықтады. Бір үстелде 8 адамнан артық болғаны белгілі болды.

Жиналған материалдың бәрі тиісті шаралар қабылдау үшін аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына тапсырылды.

Естеріңізге сала кетейік, Нұр-Сұлтан эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасы бойынша «қызыл» аймақта орналасқан. Қаладағы эпидемиологиялық жағдай әлі де тұрақсыз. Елорда тұрғындары мен қонақтары, сондай-ақ кәсіпкерлік нысандары коронавирустық инфекцияның одан әрі таралуын болдырмас үшін санитарлық нормалар мен карантин талаптарын қатаң сақтауы керек.

Өзгелердің жаңалығы