Оралда «Нұр-Сұлтан – менің елордам!» атты жастар форумы өтті

25 Наурыз 2019, 16:52
5078
Бөлісу:
Оралда «Нұр-Сұлтан – менің елордам!» атты жастар форумы өтті
PHOTO
Фото: автордан

Орал, BAQ.KZ тілшісі. Орал қаласында «Нұр-Сұлтан» – менің елордам!» атты жастар форумы ұйымдастырылды. Шара мақсаты – еліміздің бас қаласының атауы «Нұр-Сұлтан» деп өзгеруіне қолдау білдіру.

Форумға тек жастар ғана емес, соғыс және еңбек ардагерлері, қаладағы еңбек ұжымдарының жұмысшылары, ғалымдар, өңірдегі барша этно-мәдени бірлестіктердің басшылары, Үкіметтік емес ұйымдар өкілдері мен қоғам қайраткерлері, еріктілер мен белсенді жастар, спорт және өнер жұлдыздары қатысты. Форум жұмысының алдында еліміздің бас қаласының кешегісі мен бүгінін баяндайтын бейнеролик көрсетілді.

Оралда «Нұр-Сұлтан – менің елордам!» атты жастар форумы өтті

Шара шымылдығын түрген жүргізушілер Нұрсұлтан Назарбаевтың шын мәнінде Астананың бас сәулетшісі бола білгенін атап өтті.

«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылдың 23 наурыз күні ел астанасы Астана қаласының атауын Нұр-Сұлтан деп атау туралы жарлыққа қол қойған болатын. Қазақстан Республикасын 30 жылдай басқарған кезеңде Нұрсұлтан Назарбаев сарыарқа төсінен қазақтың бас қаласын салдырды. Осы жылдарда бой көтерген әр ғимараттың жоба-нұсқасын өзі бекітіп отырған Ұлт көшбасшысы шын мәнінде Астананың бас сәулетшісі бола білді. Бүгінде әр қазақтың жүрек төрінен орын алған Қазақстан, Тәуелсіздік, елорда деген асыл сөздер бірін-бірі айшықтап, толықтыра түсетін қастерлі де қанаттас ұғымға айналды», - деді жүргізушілер.

Оралда «Нұр-Сұлтан – менің елордам!» атты жастар форумы өтті

Олардың сөзінше, Қазақстан баршамыздың қасиетті Отанымыз болса, Тәуелсіздік – бабаларымыз армандап, бүгінгі біздің буын жүзеге асырған ең асыл құндылығымыз.

«Тәуелсіздіктің арқасында төрткүл дүниеге достық құшағын айқара ашқан асқақ Астананы салып, еңсесі биік Ақорданы құтты орнына қондырдық. Елорда ашқан мол мүмкіндіктер мен жаңа құндылықтар негізінде ел дамуының жарқын болашағын айқындаған «Қазақстан - 2050» бірегей стратегиясы жасалды. Елорда бейбіт те жасампаз өмірге ұмтылған қазақ ұлтының жаңа кескін-келбетін айқындады. Күллі әлемге жаңа бейбітшілік пен келісім орталығы ретінде танылды. Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съездерін өткізді. Жүзден астам ұлт пен ұлыстың терезесін тең ұстау үшін рахым мен сабырды серік етіп, барша жұртты бір тудың астына топтастыра білдік», - деп атап өтті жүргізушілер.

Оралда «Нұр-Сұлтан – менің елордам!» атты жастар форумы өтті

Айта кетейік, осы жылдарда елорда төрінде, ерке Есілдің жағасында Бейбітшілік пен келісім сарайы салынды. 21 жылдың ішінде елорда халқы 4 есеге жуық өсіп, тұрғындары 1 миллионнан асқан алып мегаполиске айналды.

«Бүгінде сәулеті мен келбеті көз тартатын еліміздің астанасы өзінің 21-ші көктемінде жаңа атау иеленіп отыр. Елордамыздың «Нұр-Сұлтан» аталуын барша батысқазақстандықтар бірауыздан қолдайды. Өйткені, астанамыздың ғана емес, еліміздің өркендеуі мен дамуында Елбасымыздың үлесі өлшеусіз», - дейді форумға қатысушылар.

Солардың бірі Жәңгірхан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университетінің оқытушысы, «Заман» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Асхат Өкшебаев Тұңғыш Президенттің көреген саясаты туралы сөз қозғады.

«Елбасымыздың көреген саясатының арқасында көрші мемлекеттермен ешқандай да кикілжің немесе түсініспеушілік болмай, экономикамыздың тұрлаулы дамуы үлкен жетістік деп білеміз. Шынымен де Қазақстан қазіргі жағдайда дамыған мемлекеттердің бірі болып табылады. Тәуелсіздіктің тағы бір жемісі ол әрине елдің тұрақтылығы мен бейбітшіліктің сақталуы. Осының бәрінде елбасының ерен еңбегі бар. Сондықтан, астана атауына Елбасымы есімінің берілуі ол дұрыс деп ойлаймын. Өйткені, ол кісі Тұңғыш Президент ретінде қалыптасқалы бергі еліміздің дамуы, астананың ауысуы да осы кісінің арқасы. Кейде тіпті шағын бір мекемені жауып қайтадан ашудың өзі үлкен қиындыққа соғады ғой. Ал, Нұрсұлтан Назарбаев астананы Алматыдан көшірді. Бастапқыда түрлі пікірлер болғанымен, кейін оның дұрыс екеніне бәрінің көзі жетті. Шынында да, елдің дұрыс, толыққанды дамуы үшін ең алдымен тұрақтылық керек. Сол тұрақтылықтың сақталуында Елбасының еңбегі зор деп білеміз. Сондықтан да біз астана атауының «Нұр-Сұлтан» болып өзгергенін қолдаймыз», - Асхат Өкшебаев.

Облыс халқы астана атауының Тұңғыш Президенттің есімімен аталауына қатысты тарихи шешімді әлі де қызу талқылап, өз пікірлерін білдіріп жатыр. Форум барысында сөз сөйлеген педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Педагогикалық ғылымдар академиясының академигі Абат Қыдыршаев қазақтың бойтұмарындай болып кеткен Астананың әр кірпішін қалауда Нұрсұлтан Назарбаевтың қолтаңбасы бар екендігіне тоқталды.

«Осыдан 7 жыл бұрын 2012 жылы елімізде Президент күні алғаш рет аталған кезде мен барша отбасы мүшелерін, ұл-қыздарым мен немере-жиендерімді дастархан басына жинап, осы Елбасының елге жасап жатқан істері, ол кісінің бүкіл қазақ елінің мақтанышына айналғанын айтқан болатынмын. Кейін осы үрдістің жалғасы ретінде өзім шәкірттеріммен бірлесіп қазақ елінің Тұңғыш Президенті жөнінде көлемді мақалалар жазған едік. Мәселен, маған елбасымыздың тәуелсіздік хақындағы, тіл жөнінде айтқан пікірлері ерекше ой салады. Міне, осы орайда шын мәніндегі тұлғаның, іскерлігі, шын мәніндегі саясаткерлігі, елдің қамын күйттейтін бірегей тұлға екендігі, сондықтан оның қадір-қасиетін білуіміз қажеттігі жөнінде айтып жүрміз. Шын мәнінде, егер тердің қадірін терлеп білген адам ғана біледі. Егер де тәуелсіздіктің әрбір таңын көздің қарашығындай сақтай білетін, қастерлей білетін елтұтқамыздың қадірін білмесек немесе ел қорғаған жаужүрек батырымыздың қадірін сезбесек, не болмаса ел басқарған бірегей көсемнің бірегей қадір-қасиетін ұғынбасақ ел болғанымыз қайсы? Міне осындай ойдың үрдісінде елбасымыздың қазақ елін әлемге танытудағы әстерін санамалап айта беруге болар еді. 1991 жылы Семейдегі ядролық жарылыстарға тоқтау салуының өзі әлем елдеріне үлгі болатын. Астанада әлемге танымал, бірегей жоғары оқу орнын ашуы, облыс орталықтарында зияткерлерлік мектептердің ашылуын айта кетуге болады. Астана –қазақ елінің бойтұмары іспетті. Міне, сол астана қаласының бас сәулетшісі бола білген тұлғаны кейінгі жас буын біле жүруі тиіс. Сондықтан, қазақ елінің астанасын «Нұр-Сұлтан» деп атау қос қолдап қолдауға болатын шешім деп ойлаймын», - деді академик сахна төрінде тұрып.

Форум жұмысына аймақтағы ассамблея өкілдері, этномәдени бірлестіктер жетекшілер де қатысып, өз пікірлерімен бөлісті.

«Әрине, Астана қаласын әлем таныды, мойындады. Дегенмен, Нұрсұлтан Назарбаев есімінің өзі де бренд емес пе? Жеке өз басым бұл есімді бренд ретінде қабылдаймын. Сондықтан, астананың атауын «Нұр-Сұлтан» деп өзгерту өте дұрыс шешім болды деп есептеймін. Тіпті, менің тарихи отанымда да Назарбаев көшесі бар емес пе? Посткеңестік елдердің арасында Назарбаевтың өз халқы үшін жасаған еңбегі орасан зор. Кеңес үкіметі құлағаннан кейін бірқатар елде не болғанын білесіздер. Сонау тоқсаныншы жылдардың қиын-қыстау кезеңінде елді аман алып шыға білді. Өзге елдерде түрлі жағдайлар болып жатты. Оның ішінде ең өкініштісі соғыс та болды. Қан төгілді. Міне, Нұрсұлтан Әбішұлы осындай сындарлы кезеңде елдің бірлігін сақтап қалды. Ұлтаралық бірлікті сақтау мақсатында 1995 жылы Ассамблея ұйымын құруы да өте көрегендік болғандығын уақыт-ағзам дәлелдеді. Ол іскер жандардың өз кәсібін өрістетуіне мүмкіндік берді. Жастардың шет мемлекеттерде оқуына жол ашты. Айта берсек аз емес. Бір сөзбен айтсақ, Нұрсұлтан есімі біз үшін бренд. Сондықтан, мен бұл тарихи шешімді толық қолдап, қуаттаймын», - деп пікірін білдірді облыстағы шешен-ингуш этно-мәдени орталығының төрағасы Данилбек Саратов.

Оралда «Нұр-Сұлтан – менің елордам!» атты жастар форумы өтті

Форум барысында патриоттық әндер шырқалды. Тәуелсіз қазақ елінің көк байрағы желбіреп, жастардың қолындағы «Қазақстан астанасы – Нұр-сұлтан!» деген жазу залдың әр тұсынан көрініс берді. Ал, барша қатысушылардың «Мәңгілік елдің Елордасы – Нұр-Сұлтан» деген ұраны осы форум жұмысының ортақ түйіні деуге болатындай.

Өзгелердің жаңалығы