Nur Otan партиясында праймеризге дауыс беру басталды

1 Қазан 2020, 12:45
1728
Бөлісу:
Nur Otan партиясында праймеризге дауыс беру басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan-ның партияішілік сайлау науқаны өз мәресіне таяды, деп хабарлайды партияның баспасөз қызметі.

Праймеризге 10 мыңнан астам кандидат қатысуда. Олар сайлаушылармен кездесулер өткізеді, бәсекелестерімен әлеуметтік желілерде пікірсайысқа түседі, сайлаушылардың тапсырыстарын жинайды және депутат болып сайлана қалса, өз аймақтарының мәселелерін шешуге уәде береді.

Праймеризге виртуалды дауыс беру 2020 жылдың 1 қазанында сағат 00:00-де басталып, 3 қазанда сағат 14:00-ге дейін созылады. Сайлаушылар учаскелерде 2020 жылдың 3 қазаны күні сағат 08:00 – 14:00 аралығында дауыс бере алады, - деп көрсетілген хабарламада.

Партия кез келген айла-шарғыны, бұрмалаушылықтар мен сайлау науқанының лас тәсілдерін қатаң түрде тыятынын мәлімдеді. Дегенмен праймериздің барлық процесі ашық және айқын өтеді. Партия хатшылары сайлау науқанындағы маңызды сәттерді әлеуметтік желілерде және партия мүшелерімен кездесулерде түсіндіруде.

Өз ЖСН-іне, ұялы телефон нөмірі мен IP-адресіне сүйене отырып, тек Nur Otan партиясының мүшелері ғана дауыс бере алады. Сайлаушылар төрт дауыс беру тәсілінің біреуін ғана таңдай алады: арнайы мобильді қосымша арқылы, primaries.kz сайты арқылы, учаскеде онлайн-дауыс беру арқылы, немесе интернетке қолжетімсіз жерде дәстүрлі қағаз бюллетенді пайдалану арқылы. Партия мүшелері өздерінің сайлау аймағындағы кез келген бірнеше кандидатқа дауыс беруге құқылы.

Кандидаттардың мәліметтері, олардың праймериз нәтижелері бойынша алған рейтингтері 5 қазанда партияның сайтында, сонымен қатар, Nur Otan-ның әлеуметтік желілердегі парақшаларында жарияланады. Рейтингі жоғары қатысушылар аудандық, қалалық немесе облыстық саяси бірлестік филиалдары конференцияларында партиялық тізімдегі орындар үшін күресті жалғастырады, - деп партияда атап өтті.

Қатысушылардың қайсысының депутаттыққа кандидат болу мүмкіндігін иеленетіндіктерін аудандық, қалалық, облыстық конференциялардың делегаттары анықтайды. Олар Nur Otan партиясының аймақтық филиалдарының белгіленген квоталарына сәйкес ұсынылған праймериз жеңімпаздары мен партия мүшелерін  өкілді органдарға сайлау үшін партиялық тізімдер жасайды. Сонымен қатар барлық партиялық тізімде әйелдердің кемінде 30%-ы және 35 жасқа дейінгі жастардың 20%-ы ұсынылуы тиіс.

Партия съезінде делегаттар Парламент Мәжілісіне депутаттарды ұсынудың түпкілікті партиялық тізімін қабылдайды, оған праймериз жеңімпаздары да, Орталық партиялық квота бойынша кандидаттар да кіреді.

Nur Otan-да атап өткендей, партияішілік сайлау Елбасы - Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған партияны «қайта жандандырудың» маңызды кезеңдерінің бірі болып табылады.




Өзгелердің жаңалығы