Бас жаңалықтар
Nur Otan бұл оқиғаны дереу назарға алды – Әшімбаев өгей ана ісіне қатысты
17 Сәуiр 2019, 15:30 660

Nur Otan бұл оқиғаны дереу назарға алды – Әшімбаев өгей ана ісіне қатысты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Facebook-тегі парақшасында Түркістан облысындағы кәмелет жасына толмаған үш қызды өгей шешесі жәбірлеп келгені туралы оқиғаға қатысты пікірін білдірді.

"Түркістан облысындағы сұмдық оқиғаны естігенде қиналмаған адам болмаған шығар. Бейкүнә сәбилердің мұншалықты қорлық көруі айтуға ауыз бармайтын адамшылыққа жат көріністер. Сондықтан Nur Otan партиясы бұл оқиғаны дереу назарға алып, қажетті шараларды қолға алды", - деп жазды Мәулен Әшімбаев.

Оның сөзінше, осыған орай партия жанынан құрылған Республикалық балалар құқығын қорғау жөніндегі кеңес шұғыл іске кірісіп, мән-жайды анықтау жұмыстарын бастап кетті. 

"Соған байланысты Кеңес төрағасының орынбасары Динара Закиеваға және партияның облыстық филиалына тиісті тапсырмалар берілді. Қажет болса, партия тергеу жұмыстарына да көмектесуге дайын. Біз кінәлінің заң аясында жазаға тартылуы үшін барлық шараларды қолға аламыз", - деп мәлімдеді Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Мәулен Әшімбаев жалпы мұндай озбырлықпен бүкіл қоғам болып күресуіміз керек екендігін атап өтті. 

"Әр азамат осындай оқиғаларға бей-жай қарамай, өз үнін қосса деймін. Бала құқығын таптап, елдің болашағын тұншықтыруға ешкімнің құқығы жоқ. Әр бала бақытты болуға лайық. Сондықтан партия бұл істі аяқсыз қалдырмай, соңына дейін қатаң қоғамдық бақылауда ұстайды", - деп сөзін түйіндеді ол.

Айта кетейік, Түркістан облысында ауыл мектебінің мұғалімдері оқушылардың денелерінде ісіктер мен ұрып-соғудың іздерін байқап, полиция қызметкерлерін шақырған, осыған сәйкес АІІБ-і тарапынан қылмыстық іс қозғалды. Балаларды жәбірлеген әйел бірден полицияға жеткізілді. Өгей анасы балаларын ұрып-соққан, денелерінде пышақ іздері де бар.

Жан түршіктірерлік оқиғаға байланысты Түркістан облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің басшысы Салтанат Қаракөзова, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Ардақ Садықова түсініктеме берді. Олардың айтуынша, үш қызды жәбірлеген өгей шешеге шектеу шаралары қарастырылады.

Загрузка...