Бас жаңалықтар
Норвегияда жерленген қазақстандық солдаттардың есімдері жарияланды
22 Қаңтар 2020, 12:46 1787

Норвегияда жерленген қазақстандық солдаттардың есімдері жарияланды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның Ослодағы елшілігі Норвегия аумағында 1941-1945 жылдары жерленген қазақстандық совет солдаттарының тізімін жариялауды бастады. Бұл туралы ҚР СІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Екінші дүниежүзі соғысы жылдары оккупацияланған Норвегия аумағындағы концлагерлерде 100 мыңға жуық советтік әскери тұтқын болды. Олардың 15 500-ге жуығы абақтыда қаза тапты. Оккупациялық билік қаза болғандарды негізінен лагерлердің жанында көмген болатын. 

Солдаттар.jpg

Қазіргі ең ірі әскери зират елдің батысындағы Тьётта аралында орналасқан. Ол өз кезегінде екі көпшілік зираттан тұрады. Біріншісі – Әскери советтік зират (Tjøtta sovjetiske krigskirkegård). Мұнда 8 мыңға жуық советтік азамат жерленген. Олардың сүйектері 1952 жылғы "Асфальт" операциясы аясында Норвегияның түкпір-түкпірінен әкелінген.  Екінші зиратта немістік "Ригель" кемесінің күйреуі кезінде қаза болған 2500 адамның сүйегі жерленген. Олардың басым көпшілігі советтік әскери тұтқындар, - делінген хабарламада.

Соңғы жылдары Норвегияда фашистік шетелдік концлагерлерде қаза болған шетелдік әскери және азаматтық тұлғаларды анықтау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары айтарлықтай белсенді түрде жүргізіліп жатыр. Зерттеулерді Фалстад орталығы (Falstad Center, елдің солтүстігіндегі ірі лагердің атымен аталған) жүргізеді. Қазіргі кезде ашық цифрлық базада (www.krigsgraver.no) шетелдік әскери тұтқындардың 9 мыңнан астамының есімдері бар.

Көптеген әскери тұтқын бойынша ақпарат тек солдаттың аты-жөні мен келген елімен ("Совет Одағы") шектелген, яғни қосымша іздестіру жұмыстарын талап етеді. Қазіргі кезде, Қазақстанның Норвегиядағы елшілігі ықтималдығы жоғары қазақстандық болып саналатын 44 советтік солдаттың есімдерін анықтады. Олардың құжаттарында тегі "Қазақстан", "Қазақ ССР" немесе қазақстандық қалалар ("Семей", "Жетіқара", "Талғар", т.т.) көрсетілген. Басым көбісі қазақстандық "Мемориал" базасында хабарсыз кеткендер ретінде тіркелген немесе мүлдем көрсетілмеген. Сондай-ақ, солдаттар туралы мәліметтің толық емес болуы және құжаттардағы қате жазылумен байланысты қиындықтар едәуір, - деп хабарлады елшіліктегілер.

Елшілік тізімдерді хабарсыз кеткен жауынгерлердің туған-туысқандарына жәрдем ретінде және келешек зерттеу мен іздеулер үшін жариялау маңызды деп санайды. Тізімде қазіргі уақытта қолжетімді Фалстад Орталығы, қазақстандық және ресейлік "Мемориал" базаларының ақпараты жинақталған. Мәліметтер мен орфография құжаттарда жазылғандай орыс және норвег тілдерінде беріледі. 

Анықталған 44 қазақстандық солдат үш әскери зиратта жерленген – Тьётта аралында (37 солдат), Лиллехаммердің маңындағы Йорстадмоен ауылында (5 солдат) және елдің батысындағы Виньеёра ауылында (2 солдат). Олар Қазақстанның түкпір-түкпірінен шыққан азаматтар.

Осыдан дейін елшілік 1944 жылы қазан-қарашада Петсамо-Киркенес операциясында Норвегияның солтүстігін азат ету кезінде қаза болған 65 қазақстандық жауынгердің тізімін анықтап, жариялаған болатын.


Фото: дереккөз
Загрузка...