Норвегияда 1,3 мың адамы бар круиздік кеме апатқа ұшырады

24 Наурыз 2019, 10:15
2163
Бөлісу:
Норвегияда 1,3 мың адамы бар круиздік кеме апатқа ұшырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.  Норвегияның батыс жағалауында апатқа ұшыраған круиздік кемеден 1 300 жолаушы эвакуациялану керек. Бұл туралы ҚазАқпарат BBC агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.

Жергілікті биліктің мәліметінше, «Викинг-Скай» кемесінің қозғалтқышы істен шыққан. Ондағы адамдардың бәрі жағалауға жеткізіліп жатыр. Эвакуациялауға бес тікұшақ пен бірнеше кеме жұмылдырылды. Норвегияның құтқару агенттігі кеме жергілікті уақытпен 14.00-де дабыл белгісін жібергенін хабарлады. Бұл уақытта теңізде қатты жел соғып, үлкен толқындар болған.

Лайнер Тромседен Ставангер портына рейспен бара жатқан. Бұл маң Хустадвика деп аталады, бұл - Норвегияның ең қауіпті жағалауы саналады. Қазір нақтыланбаған мәліметке сәйкес жағалауға шамамен 100-ге жуық адам ғана жеткізілген. Кеме жағалаудан 5 шақырым жерде тұр.

Құтқарушылардың айтуынша, ол зәкір тастаған, сондықтан жағалауға соғылмауы тиіс. Сонымен қатар, бір қозғалтқыш іске қосылып қауіпті аздап сейілткен. Бортта зардап шеккен ешкім жоқ. Жергілікті биліктің мәліметінше, қазір желдің жылдамдығы секундына 20 метр, ал толқындардың биіктігі 10 метрге жетеді. Осының салдарынан жергілікті кемелер лайнерге жақын келе алмай отыр. Эвакуация тек тікұшақ көмегімен жүргізілуде. Құтқарылғандар жағалаудағы спорт кешеніне және қонақ үйлерге орналастырылып жатыр. Еске сала кетсек, «Викинг-Скай» круиздік лайнері алғаш 2017 жылы жүзуге аттанды. Кеме 930 жолаушы алып жүре алады.     



Өзгелердің жаңалығы