Ноғаев президентке «Теңіздегі» жағдайды баяндады

15 Шілде 2019, 12:38
2934
Бөлісу:
Ноғаев президентке «Теңіздегі» жағдайды баяндады
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтан «Теңіз» кен орнында болған қақтығыстан кейінгі жағдайды реттеу барысын сұрады.

Аймақ басшысы ведомствоаралық комиссия жұмыс жасап жатқанын айтты.

«Облыс әкімінің бірінші орынбасары және мемлекеттік әр ведомствоның өкілдері кірген ведомствоаралық комиссия құрылды. «Теңіз» кен орнында жұмыс жасап жатыр. Әр ірі, кіші кәсіпорын өкілдерімен кездесіп жатыр. Олардың ұсыныстарын, өтініштерін зерделеп, біз сәйкесінше қазіргі таңда атқаралып жатқан орталық мемлекеттік органдар, министрліктермен біріге отырып, оның шешілу жолдарын анықтаймыз және сол бағытта іс-шаралар қабылдаймыз», - деді Ноғаев.

Тоқаев мұндай жағдайға бұдан былай жол бермеуді, қатаң бақылауда ұстауды, әсіресе Атырау өңірінде бақылауды тапсырды.

«Болған оқиға барлығымызға үлкен сабақ болады. Бұған қайта жол бермеуіміз қажет. Осындай оқиғалар біздің еліміздің беделіне нұсқан келтіреді. Сондықтан барлық өңірге, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдарға, солардың ішінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Энергетика, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрліктеріне, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорына қатысты. Бұл мәселе өте маңызды, онымен міндетті түрде шұғылдану керек, әсіресе, сіздің өңірде», - деді мемлекет басшысы.

Бұдан соң президент облыстағы экологиялық мәселелердің қалай шешіліп жатқанын сұрады.

«Тағы бір сұрақ бұл экологияға байланысты. Мен Атырау облысына іссапар кезінде біз бұл мәселе туралы жан-жақты әңгімелестік. Шын мәнінде, жағдай – өте күрделі. Не болып жатыр? Жоспар бар ма? Ана жолы уағдаластық қой?» - деді Тоқаев.

Облыс әкімі мәселені жіті қолға алғанын және іс-шаралар жүргізіліп жатқанын тізбектеп айтып берді.

«Сіздің берген тапсырмалар аясында министрліктермен бірлесіп, жұмыс істеп жатырмыз. Сол жағалаудағы кәріз жүйелерін салу жөніндегі мәселені биыл шешеміз. Министрлікпен келісім бар. Қосымша 3 млрд теңгені алып, биыл құрылысын аяқтаймыз. Келесі жылдың бірінші жартыжылдығында қосамыз... Атырау мұнау өңдеу зауытының басшылығы Мәскеудің қақ ортасында тұрған сондай типтес зауыттың экологиялық мәселелерін қалай шешкені жөнінде тәжірибе алмасып келіп, қазір іс-шаралар жоспары жасақталды. Рекультивация жасау жөнінде, жаңа сіз айтып өткен, «Тухлый валканың» 1,5 мың гектарының 500 гектарына өзіміз қаражат бөліп, жобалық-сметалық құжаттамасын шешіп жатырмыз. Ал 1000 га жуығын «Қазмұнайгаз» бен «Самұрық-Қазынаға» ұсыныс енгіздік. Негізінен Атырау мұнай өңдеу зауытының сарқынды суларының жинағы 1942 жылдан бері жиналған. Қазір соны шешу жөніндегі мәселелермен келіссөздер жүргізіп жатырмыз», - деді облыс әкімі.


Өзгелердің жаңалығы