Ноғаев: Мен де толқыдым

23 Сәуір 2019, 14:12
1848
Бөлісу:
Ноғаев: Мен де толқыдым

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР президенттігіне үміткер ретінде ұсынылған Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел басшысы ретіндегі қызметіне қатысты Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың пікірін білдік.

«Қасым-Жомарт Кемелұлын ҚР президенттігіне сайлауда болатын үміткер ретінде ұсынды. Қатысқан партияластарым ұсынысты қолдады. Себебі Елбасы сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаевты өзінің үзеңгілес серігі, көмекшісі ретінде, әлемдік деңгейдегі жұмыс тәжірибесі бар, әлем танитын тұлға екенін және білімі, біліктілігі бар, бүгінге дейін атқарған қызметте кәсіби тәжірибесі бар екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Кемелұлы – білімі мен біліктілігі жеткілікті, жан-жақты дамыған интеллектуалды азамат. Еліміздегі және халықаралық аренадағы атқарған қызметтері  Қасым-Жомарт Кемелұлының алдына қойылатын мәселелерді елдің игілігі үшін, халықтың әл-ауқатын көтеру үшін еліміздегі тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытындағы үлкен үлес болады және қолдау болатынына сенімдімін», - деді өңір басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қандай жаңа идеялар мен бастамалар ұсынуы мүмкін?

«Оны Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің сайлауалды платформасында халыққа жеткізеді. Содан кейін, Елбасымыз айтқандай, ел дамуына алғышарт – ұлтаралық, дінаралық татулық және елдегі тыныштық пен саяси тұрақтылық. Әр мемлекеттің дамуының алғышарттары болады. Бұлар бізде бар. Енді еліміздің дамуындағы бағдарламаларда көрсетілген межелерге жету үшін мемлекеттік органдар, биліктің барлық тармағы бір-бірімен тығыз байланыста отырып, Нұрсұлтан Әбішұлының ұстанымын әрі қарай жүзеге асыру керек. Қайбір мемлекеттің әлеуметтік мәселелерін шешу, халықтың әл-ауқатын арттыру инфрақұрылымды дамыту, әлеуметтік нысандарды жоғарылату, яғни адами капиталды ұлғайту жөніндегі мәселелердің барлығы кешенді түрде шешіледі», - деді Атырау облысының әкімі.

Жаңа съезден кейін Елбасы көзіне жас алды. Сізде қандай сезім болды?

«Менде де толқу болды. Біз Елбасының 19 наурыздағы Президент ретінде өкілеттілігін тоқтату туралы шешімін естіген кезде бізде де абыржу болды», - деген пікір білдірді Нұрлан Ноғаев Nur Otan партиясының кезектен тыс XIX съезінен кейін.

Өзгелердің жаңалығы