«New Music Generation 2020» халықаралық конкурсы басталды

16 Қараша 2020, 22:32
1754
Бөлісу:
«New Music Generation 2020» халықаралық конкурсы басталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанның классикалық музыка әлеміндегі айтулы оқиға. «New Music Generation 2020» II халықаралық композиторлар конкурсы 2020 жылдың 16-21 қараша аралығында Нұр – Сұлтан қаласында онлайн режимде өтеді.

Конкурсты ұйымдастырушы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақ ұлттық өнер университеті».

Конкурстың басты мақсаты – Қазіргі заманғы академиялық музыканы оның барлық алуан түрлілігін дәріптеу, жас композиторлардың шығармашылығына қолдау көрсету және насихаттау, қабілетті және талантты музыканттарды анықтау және ынталандыру, әлемдік қоғамдастық жүйесінде Қазақстанның мәдени имиджін одан әрі нығайту. Сонымен қатар, Қазақстанда және әлемде жалпы композиторлық деңгейді арттыру, жас музыканттар мен композиторларды жаңа композиторлық техникаларды оқып үйренуге және барлық жаңа мүмкіндіктер мен мәнерлі құралдарды меңгеруге ынталандыру және барлық мамандықтағы жас композиторлар мен музыканттардың ой-өрісін және шығармашылық дүниетанымын кеңейту - дейді ұйымдастырушылар.

Конкурстың ерекшелігі анонимділігінде (барлық қатысушылар өз партитураларын фамилиясымен емес, жеке ұранымен-құпиясөзімен ұсынады). Бұл жұмыстарды қарау кезінде әділдікті және объективтілікті қамтамасыз етеді. Қазылар алқасының дауыс беру қорытындысы шығарылғаннан кейін ғана лауреаттардың жеке деректері ашылады.

Конкурста «Симфониялық туынды», «Камералық шығарма», «Вокалдық шығарма» қатарлы номинациялар сарапқа салынады. Сонымен қатар, конкурсқа қатысушылар 15 жасқа дейін, 15 жастан 25 жасқа дейін және 25 жастан 35 жасқа дейін деп үш топқа бөлінеді. Халықаралық байқауға әлемнің Франция, Германия, Италия, Испания, Австрия, Бельгия, Чехия, Қытай, Аргентина, Чили, Филиппин, Румыния, Греция, Сербия, Жаңа Зеландия, Финляндия, Қазақстан, Ресей Федерациясы, Украина, Беларусь, Молдова, Литва қатарлы 22 елінен 160-тан астам партитура, 98 конкурсант қатысады - дейді ұйымдастырушылар. 

Қазылар алқасы мүшелерінің партитураларды қарауы алғаш рет онлайн өткізіледі.

Қазылар алқасының құрамында қазіргі заманның озық композиторлары, жаңа музыка мен авангардты ойлаушылар мен жасаушылар, көрнекті өнер қайраткерлері бар.

Рахат-Би Абдысағин – қазылар алқасының төрағасы және көркемдік жетекшісі. Композитор, пианист, 2 опера және 100-ден астам классикалық музыка туындыларының авторы. «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Мәдениет пен өнерді дамытуға сіңірген еңбегі үшін» құрмет белгісінің иегері, П.И. Чайковский атындағы конкурс жұлдыздары қауымдастығының мүшесі. Қазақстанның «100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпазы.

Мартин Лоридан – Париж консерваториясының түлегі. Rain-Foundation Composition Price, Prix André Jolivet, Vareler Kompositionpreis сияқты халықаралық байқаулардың жүлдегері. Қазіргі уақытта, Лидс университетінде докторлық диссертациясын қорғауда. Оның жұмыстары «BabelScores» электронды кітапханасында жарияланады.

Юрий Каспаров – РФ еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері. Францияның «Өнер мен әдебиеттегі еңбегі үшін» орденінің кавалері. П. И. Чайковский атындағы Мәскеу мемлекеттік консерваториясының профессоры. 

Бэк Джин (Оңтүстік Корея) – Гангбук филармониялық оркестрі (GPO) және Пусан фестиваль оркестрінің көркемдік жетекшісі. Халықаралық Пусан-Мару музыкалық фестивалінің көркемдік жетекшісі. 2004 жылдан бастап Қытай Тяньцзинь симфониялық оркестрінің бас дирижер. 2003-2011 жылдар аралығында Масан филармониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі қызметін атқарған. Қазіргі уақытта ол Дунсо университетінің аспирантурасында дирижерлік профессор болып жұмыс істейді.

Эмиль Рибарский – 2020 жылдың 7 ақпанында Кирилл мен Мефодий университетінде «Фредерик Шопеннің «24 прелюдия СОП. 28» пьесасындағы пианистік құрылым» тақырыбында қорғап фортепианолық интерпретация докторлық дәрежесін алды. Interfest жастар халықаралық пианистер байқауы, Приштинада өткен Ars Kosova және Interfest-Bitola халықаралық пианистер байқауларының бірінші орын иегері. Қазіргі уақытта Эмиль Рибарский Скопьедегі «DMBUC – Ilija Nikolovski-Luj» Мемлекеттік музыка мектебінде фортепиано бөлімінің профессоры болып жұмыс істейді.

Эрнест Хётцль (Австрия) – Грац музыка университетінің музыка тарихы профессоры. Каринтия музыкалық клубының және Каринтия жастар музыкалық клубының көркемдік жетекшісі. Eurosymphony SFK бас дирижері.

Эрнест Хетцль бүкіл әлем бойынша 80-нен астам оркестрге дирижерлік еткен. «Австрия Республикасының ғылымы мен өнері үшін құрметті крест», «Австрия Республикасына сіңірген еңбегі үшін алтын медаль», «Штирия провинциясының алтын еңбегі», «Каринтия провинциясының үлкен еңбегі» сияқты марапаттарға ие.

Маттиас Кранэбиттер (Австрия) – Вена музыка және орындаушылық өнер университетінде электроакустикалық композиция, кино және медиа композиция және фортепиано мамандықтарында оқыған. Ван Амстердам консерваториясы және Грац университетінде аспирантураны аяқтаған. Оның шығармалары Густав Малер атындағы композиция байқауы(2006), Gaudeamus Music Week Amsterdam 2009 және Impuls Composition Competition Graz 2013 жас композиторлар жобасының 1орындардың иегері. Ол Австрияның атынан Бельгияда өткен ISCM World New Music 2012 және 2015 жылдары Словенияда өнер көрсетті. Ол SKE Austro Mechana 2013 жариялылық сыйлығымен және Förderungspreis 2014, Kompositionspreis der Landeshauptstadt Stuttgart 2020 және Erste Bank Kompositionspreis Wien Modern/Klangforum Wien 2020 марапатталды. Black Page Orchestra ансамблінің негізін қалаушы.

Өзгелердің жаңалығы