Несиелік амнистия халық жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік береді – Әсел Әбен

5 Қаңтар 2022, 14:55
2241
Бөлісу:
Несиелік амнистия халық жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік береді – Әсел Әбен

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша азаматтар тұтынушылық мақсатта 5 833,2 млрд теңге несие алған. Бұл туралы  ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Әсел Әбен хабарлады.

Маманның пікірінше, елімізде митингке шыққан халықтың негізгі талаптарының бірі – несие мен қарызды кешіру.

Қазақстандағы наразылық акциясына қатысушылардың басты талаптарының бірі – несие мен қарызды есептен шығару. Пандемияға және 2020 жылы табыс көзінен айырылуына байланысты 2021 жылы заңды және жеке тұлғалардың несие алуға деген сұранысы артты. Қаржы нарығын реттеу агенттігінің мәліметінше, 2021 жылдың қаңтар-қазан айларында 16 745,5 млрд теңгеге несие берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 45,1%-ға жоғары. Оның ішінде 2021 жылғы қаңтар-қазан айларында заңды тұлғаларға кредиттер беру 16,3%-ға, жеке тұлғаларға – 97,4%-ға өсті, - деді ол.

Оның айтуынша, 2021 жылы несие алушылар саны 2020 жылмен салыстырғанда әлдеқайда артқан.

2021 жылғы 1 қарашадағы жағдай бойынша азаматтар тек тұтынушылық мақсатта 5 833,2 млрд теңге несие алды. Жеке тұлғаларға берілген несиелер бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2020 жылмен салыстырғанда өсіп, 2021 жылғы қазанда 18,1%-ды құрағанына қарамастан, соңғы бір жылда сұраныс 30%-дан астам көрсеткішке өсті. Сонымен қатар 1 миллионға жуық азаматтың банк несиелері мен салықтар бойынша мерзімі өтіп кеткен берешегі бар борышкерлер саны артып келеді, - деп атап өтті ҚСЗИ өкілі.

Бұл мәселені шешу үшін азаматтарға арналған бірнеше механизм бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Солардың бірі - несиелік амнистия.

Мұндай қиын кезде қарыз деңгейі өсіп, рұқсат етілген шектен асқан кезде жағдайды біршама тұрақтандыру үшін әртүрлі механизмдер қолданылады. Сондай шаралардың бірі – несиелік амнистия. Алайда, мұндай шаралар өте сирек қолданылады, өйткені олардың теріс салдары болуы мүмкін - азаматтардың өз міндеттемелері үшін жауапкершілік деңгейі төмендейді және тәуелділік қалыптасады. Мұндай шара Қазақстанда 2019 жылы да қолға алынған болатын. Халықтың аз қамтылған топтары алдындағы қарызы кешіріліп, 500 мыңнан астам азаматтың алдындағы 115 миллиард теңгеге жуық қарыз өтелді. Сондай-ақ 1,2 миллион азаматтың 33,6 миллиард теңгеге жуық айыппұлы мен өсімпұлдары өтелді. Құқықтық саладағы жағдайды реттеу мен бақылаудың нормативтік-құқықтық тетіктерін жетілдіру және несиелер мен салықтар бойынша қарыздың шамадан тыс өсуіне жол бермеу заманауи шешімдердің бірі болды. Бұл шешім - Қазақстанда жеке тұлғалардың банкроттық институтын құру мақсатында қолға алынған қадам. Ол борышкерлерге барлық қарызынан құтылып, тағы қарыз алатын болса нөлден бастауына мүмкіндік беретін әдістердің бірі. Мұндай институттың басты құндылығы - азаматтарға заңды тұлғалар мен мемлекет алдында өз мүдделерін қорғау құқығын беруінде, - деп түсіндірді ол.

Әсел Әбеннің мәліметінше, азаматтар жағдайы қиындаса банкроттық жариялап, институт көмегіне жүгіне алады.

Міндеттемелер бойынша төлемдер кезінде қиындықтар туындаса, азамат кез келген кезеңде банкроттық жариялауға құқылы. Нәтижесінде жеке тұлғалардың банкроттық институты азаматтарға қарызды қайта құрылымдау процедуралары немесе сот шешімі негізінде борышкердің мүлкін сату арқылы өздерінің төлем қабілеттілігін қалпына келтіруге мүмкіндік береді. Бұл ең алдымен, әлеуметтік аз қамтылған азаматтарды қорғауға бағытталған ең маңызды қадам, - дейді ол.

Өзгелердің жаңалығы