Неге берілген тапсырма орындалмай отыр? Депутат Үкіметке сұрақ қойды
5 Мамыр, 12:11 403

Неге берілген тапсырма орындалмай отыр? Депутат Үкіметке сұрақ қойды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенаттың жалпы отырысында сенатор Нариман Төреғалиев Үкімет мүшелері Бақыт Сұлтанов пен Ерұлан Жамаубаевқа сұрақ қойды.

Өкінішке қарай, азық-түлік бағасы күн санап өсіп, халықтың осал топтарының тұрмыс-тіршілігіне теріс әсерін тигізіп жатыр. Үкіметтің азық-түлік бағаларын тұрақтандыруға бағытталған іс-шаралары өзінің нәтижесін бермей отыр. Мәселен, 2021 жылы азық-түліктің бөлшек сауда айналымының көлемі 4,9 трлн теңге болса, тұрақтандыру қорлары мен айналым схемасы арқылы бағаны тұрақтандыруға 90 млрд теңге қаражат жұмсалған, - деді Төреғалиев.

Оның сөзінше, бұл нарықтағы сауда айналымы үлесінің 0,018 пайызы. Бюджеттен жұмсалған қыруар қаражат нарықтағы бағаларды төмендетуге ешқандай әсерін тигізе алмай отыр. Осыған орай іс-шаралар қабылдауды ұсынды.

Мысалы, 90 млрд теңге қаржының бір бөлігін отандық өнімдер сатып алу үшін арнайы купондар немесе төлем карталарын шығаруға жұмсап, сауда объектілері осы карталар арқылы отандық өндірістің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сатуды тек халықтың әлеуметтік осал топтарына бағыттаса, әлдеқайда тиімдірек болар еді. Сонымен қатар ірі сауда объектілері арқылы сатылып жатқан арзандатылған азық-түлік бағалары бақылаусыз қалып отыр, - дейді сенатор.

Ол тағы бір мәселеге тоқтала кетті.

Мемлекет басшысының 2021 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында берілген тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізу және бақылау мәселелеріне жауапты болып Сауда және интеграция министрлігінің Сауда комитеті анықталған болатын. Осыған байланысты әлі де осы мәселемен Ауыл шаруашылығы министрлігі мен жергілікті атқарушы органдар айналысып отыр. Неге берілген тапсырма орындалмай отыр? – деп сұрады депутат Нариман Төреғалиев.

Өз кезегінде Премьер-министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов депутаттың маңызды әрі өзекті мәселе көтеріп отырғанын айтты.

Бұл мәселелер Үкіметтің бақылауында тұр. Бүгінгі күні Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша «Цифрлық әлеуметтік әмиян» жобасын іске асырып жатырмыз. Осы цифрлық жаңа төлем құралын енгізудің мақсаты – азаматтардың әлеуметтік төлемдерінің рәсімін жеңілдету. Сондай-ақ Ұлттық банк жедел төлемдер жүйесін енгізуді қолға алды. Бүгінде біз ірі сауда желілерімен әлеуметтік осал топтарға осы құрал арқылы купонның орнына жеңілдіктерді алуға және әлеуметтік азық-түліктерді төмендетілген бағамен сатып алуға мүмкіндікті ойластырып отырмыз, - деп жауап берді Үкімет мүшесі.


Фото: дереккөз
Загрузка...