Назарбаева: Балаларға қатыгездік көрсеткендер қатаң жазалануы тиіс

30 Наурыз 2019, 17:21
2079
Бөлісу:
Назарбаева: Балаларға қатыгездік көрсеткендер қатаң жазалануы тиіс

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева Атырау қаласындағы сөйлеу қабілетінде кемістігі бар балаларға арналған мектеп-интернаттағы тәртіпсіздік деректеріне алаңдаушылық білдірді.

Прокуратураның мәліметтері бойынша, интернатта ата-ананың қамқорлығынсыз қалған 98 бала бар. Прокурорлар мүгедек балаларға қатысты тәрбиешілердің қатыгездік көрсетіп, күш қолданғанын анықтады. Интернат тәрбиешілері балаларды ұзақ уақыт бойы ұрып-соғып, жұмысқа мәжбүрлеген болып шықты.

Сенат басшысы балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге қатыгездік көрсеткен кінәлі адамдар заңға сәйкес қатаң жазалануы тиіс, деп есептейді. 

«Біз қорғанышы жоқ мүгедек балаларға қатысты адамгершілікке жатпайтын әрекеттерге ашу-ыза білдіреміз. Бұл интернаттағы балалардың өмірі түбегейлі өзгеруі керек деп санаймын. Ол біздің назарымызда болады. Мұндай жағдайлар әлеуметтік қызметтердің олқылықтары деп білемін», - деді Д.Назарбаева.

Бұл дерек жоғарғы Палата депутаттарының ерекше бақылауында болады.

Өзгелердің жаңалығы