Назарбаев құрған қорға 13 млрд теңге жиналды

1 Сәуір 2020, 18:46
1145
Бөлісу:
Назарбаев құрған қорға 13 млрд теңге жиналды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі  Дәурен Абаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған «Birgemiz» қорына қанша қаржы түскенін айтты.

"Birgemiz" қорына 13 млрд теңге жиналды. Қаржы ашықтығын қамтамасыз ету үшін барлық өңірде қор өкілдіктері ашылды. Сонымен қатар, қордың ресми сайты да ашылды. Онда келіп түскен қаражат пен шығындар жарияланады. Тіпті чектерге дейін көрсетіледі. Қазір әр өңірде көмекке мұқтаж адамдардың тізімі жасалуда. Олар жақын уақытта қордан көмек алады, - деді Дәурен Абаев.

Ол сонымен қатар, Қазақстан үкіметінің резервінен коронавируспен күреске үш мәрте ақша бөлінгенін атап өтті.

БАҚ өкілдері коронавируспен күреске бөлінген ақша туралы жиі сауал қояды. 
Тағы да қайталап айтамын, бұған Тоқаевтың жария еткен дағдарысқа қарсы шараларға бөлген қаржысы кірмейді.Коронавируспен күреске ақша үкімет резервінен үш рет бөлінді. Оның ішінде бірінші транш 29 қаңтарда жасалды. Қаражат сомасы 1 миллиард 609 миллион теңге. Одан кейін 21 ақпанда қосымша 428 миллион 227 мың теңге бөлінді. Үшіншісі, 25 наурызда 21 миллиард 430 миллион 635 мың теңге шамасында аударылды.  Осы қаржының барлығы дәрі-дәрмек, бұйымдар, зерттеу жабдықтарын, маска, тест жүйелері мен қорғаныс костюмдерін сатып алуға жұмсалып жатыр, - деді министр.

Өзгелердің жаңалығы