Назарбаев мектебінде білім алу – әр оқушының арманы

28 Қараша 2019, 20:01
8286
Бөлісу:
Назарбаев мектебінде білім алу – әр оқушының арманы
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Дәл осы пікірді Көкшетаудағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алып жатқан кез келген түлек мақтанышпен айтады. Биыл білім ошағының құрылғанына 10 жыл толып отыр.

Бүгінгі таңда мұнда 800-ден астам бала оқып жатыр. Олар қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгереді. Сонымен қатар неміс және француз тілдері де оқытылуда.

Осы жылдар аралығында 668 түлек қанат қағып, оның 508-і жоғарғы оқу орындарына грантпен қабылданды.

Білім ошағында 141 педагог, 7 халықаралық мұғалім еңбек етеді. Мектептің түлектері Назарбаев Университетінде, Ұлыбритания, Қытай, Гонконг, Малайзия, Кипр, Польша, Болгария, Венгрия, Сингапур, Италия, Канада, Швейцария, Эстония, Литва және Ресейдің ЖОО-да білім алады.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Хайрат Зәкірияұлының Назарбаев Зияткерлік мектебінде жұмыс істеп жатқанына тоғыз жыл. Білім ошағына жұмысқа тұру үшін бес кезеңнен өткен. 46 мұғалімнің ішінде іріктеліп алынған үшеудің бірі.

_DSC_1574.JPG

Білім ошағының мұғалімдері әр баланың жан-жақты қырынан танылуына ықпал етеді. Сабағын жақсы оқумен қатар, олардың тұлға болып қалыптасуына мән береді. Мектеп оқушылары ойын ашық айта алатын, жан-жақты, кез келген ортаға бейімделгіш, коммуникативті, бағыт-бағдары айқындылығымен ерекшеленеді. Соңғы жылдары білім жүйесіне енгізілген өзгерісті өз басым революция деп атаймын. Бұрын біз мектептерде тек тестпен ғана жұмыс істеп келдік. Қазір қазақ тілі пәнін өмірде қолданатындай пәнге айналдырып келе жатырмыз. Тіл – қарым-қатынас құралы. Қазір тыңдалым, айтылым, оқылым және жазылым деген бағытпен жұмыс істеп келеміз. Бұл өмірде аса қажетті төрт дағды. Сол арқылы балаларды өмірге бейімдейміз,– дейді Хайрат Зәкірияұлы.

Гуманитарлық бағытта білім алған оқушысы Аида Ахмеджар қазір Әл – Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университетінің журналистика факультетінде оқып жатыр. Екінші оқушысы Зияткерлік мектебіндегі театр үйірмесіне қатысып, дебатта шыңдалып, қазір Темірбек Жүргенов атындағы Өнер академиясында оқуын жалғастыруда.

_DSC_1567.JPG

Ғылыми жұмыспен шұғылданатын балалардың арасында "Болашаққа қадам", "Зерде" байқауларына қатысып, жүлдегер атанған, қазір Назарбаев университетінде оқып жатқан Асқар Жаналиев сияқты оқушыларыммен мақтанамын. Бұл мектеп шетелдік емтихан тапсыруға балаларды дайындауымен де ерекшеленеді. Сол арқылы олар әлемдік озық білім беретін оқу орындарына түсуге мүмкіндік алады, – дейді Хайрат Зәкірияұлы.

Омар Бекин Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы. Таңдаған пәндері информатика, физика және география. Еріктілер қозғалысына қатысып, "Жас Отанның" мүшесі ретінде кез келген бастамаларға қолдау білдіреді. Қайырымдылық бағыттағы жұмыстардан шет қалмайтын елгезек баланы мұғалімдері белсенділігі үшін жақсы көреді.


Мектепті бітіргесін Назарбаев университетінде білімін жалғастырғысы келеді.

Болашағымды информатика пәнімен байланыстырғым келеді. Жаңа технологияларды тауып, адамдардың өмірін жеңілдетуді армандаймын. Білім ошағының қабырғасында бірнеше жобаларға қатыстым. Өзімнің ойлап тапқан құралдарым бар. Бұл мектепте тек білім алып қана қоймай, өнеріңді де дамытуға болады. Білім ошағы бәсекеге қабілеттілікті арттырып, балаларды шыңдайды. Назарбаев мектебінде білім алу – әр оқушының арманы, - дейді ол.

Зияткерлік мектебін биыл тәмәмдайтын Анель Қалиева болашақта әлеуметтік бағытқа маманданғысы келеді. Себебі, адамдармен жұмыс істегенді жақсы көреді және олардың мәселелерін шешкен дұрыс деп есептейді.


Біздің мұғалімдеріміз жан-жақты тұлғалар. Кез келген мәселемен алдарына барсаң, дұрыс бағыт-бағдар береді. Мұғалімдердің бізбен жақсы қарым-қатынасына қызығып, болашақта мен де ұстаз болуды армандаймын, - дейді Анель.

12 сынып оқушысы Құдіретулла Амангелді химия мен биология пәнін таңдапты.

Болашақта дәрігер болғым келеді. Себебі ата-әжем дәрігерлер. Әсіресе, әжем немересінің медицина маманы болғанын қалайды. Ал, егер биология саласына бет бұрсам, онда биотехнологияларды зерттеуге назар аударуым мүмкін. Шетелде тәжірибе жинақтап келген жоғары санаттағы мұғалімдер қашанда ашық диалогқа дайын тұрады. Ал, халықаралық мұғалімдердің дүниетанымдары, көзқарастары бізден ерекшеленеді және сонысымен қызықтырады. Олармен тілдесу арқылы ағылшын тілін терең меңгеруге болады. Мектепті бітіргесін Назарбаев университетінде оқығым келеді. Себебі аталған білім ордасында жастарға барлық жағдайлар жасалған, - дейді Құдіретулла.

Оқып жатқан түлектер Назарбаев Зияткерлік мектебі болашаққа жол ашып, зор мүмкіндіктер беретінін айтады. Барлығы келешекте Назарбаев университетінде білім алғысы келеді.

10-шы сынып бітіргесін халықаралық емтихан тапсырамыз. Анам сияқты болашағымды медицинамен байланыстырғым келеді. Сондықтан химия пәнін тереңірек оқып, биология пәніне ден қойдым. Жалпы, Назарбаев зияткерлік мектебінде оқитын оқушылардың бірде-біреуі бос жүрмейді. Күнделікті сабақтарынан бөлек, түрлі бағытқа бейімделу мақсатымен мұғалімдерінің ұсынған жобаларына қатысып, өздерін шыңдай түседі. Адамдармен қарым-қатынас жасау, кез келген тығырықтан шыға білу, тіпті қариялармен тіл табысудың да жолдарын үйренеді, - дейді мектеп түлегі Камила Тілеужан.

Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Гүлдана Рақымжанқызы қазіргі таңда оқушылардың "Шаңырақ" жобасының тиімділігін көрсетіп келе жатқанын алға тартты.

Бұл жоба балалардың бір-біріне қамқор болу, көмек беруіне бағытталған. Яғни олар кез келген жағдайда адамға қол ұшын созуға дайын тұрады. "Қоғамға қызмет ету" жобасы шеңберінде халықтың әлеуметтік жағдайына назар аударылады. Оқушылар адам басынан өтетін түрлі жағдаяттардан хабардар болуы тиіс. Мысалы, олар көпбалалы отбасыларындағы қиындықтар, қарттар үйідегі қариялардың тұрмысы н көзімен көріп, ой түйеді. "Біз біргеміз" қорымен бірлескен шараларға қатысып, тәрбиесі қиын балаларды бейімдеу орталығымен жұмыс істейді. Осылайша Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары өздерін бейімдей білетін балалар болып есептеледі. Қоршаған ортаны қорғауды мақсат тұтып, макулатура жинайтын белсенді балалар да бар. Ал, "Жүрек жаулаған кітап" жобасы арқылы оқыған кітабы бойынша бір аптаның ішінде сахналық көрініс қою арқылы қоғамға деген ашықтыққа қол жеткізеді. Мектепте өтетін "100 кітап", "Қазақтың 100 әні", "Бір әннің тарихы" сияқты жобалар да балалардың жан-жақты қабілетін аша түседі. Осылайша болашаққа қадам басып келе жатқан білім ошағының үлгісі қазір өңірдегі барлық мектептерге енгізіліп жатыр. Сол арқылы күні ертеңдері өзіне сенімді, болашағы айқын, мақсаты биік балалар қатары көбейе түспек, - дейді Гүлдана Рақымжанқызы.

2012 жылы 10 тамызда Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев мектепке келіп, педагогикалық ұжыммен және ата-аналармен кездескен сәті білім ошағы тарихына алтын әріптермен жазылды.

Зияткерлік мектеп оқушылары халықаралық, республикалық олимпиадаларға, конкурстарға және ғылыми жобалар сайыстарына белсенді түрде қатысады. Тілдік орта қалыптастыру мақсатында бірнеше оқушы Ұлыбритания, АҚШ, Сингапур елдеріне дәрістерге, лабораториялық тәжірибелерге қатысып, шет тілінде сөйлеу деңгейлерін жоғарылатып келеді.

Өзгелердің жаңалығы