Бас жаңалықтар
Назарбаев қазақ халқына көреген Ұлы көшбасшы бола білді – Абдуллах Гүл
PHOTO
30 Қараша 2020, 18:21 327

Назарбаев қазақ халқына көреген Ұлы көшбасшы бола білді – Абдуллах Гүл

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында елордада «Нұрсұлтан Назарбаев: жаһандық ауқымдағы саясаткер» халықаралық конференциясы өтті. Шараны ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-ның баспасөз қызметі хабарлады.

Жиын барысында Түркия Республикасының бұрынғы президенті Абдуллах Гүл де Нұрсұлтан Назарбаевпен ұзақ жылдар бойы табысты басшылық еткен белгілі саясаткерлердің бірі. «Нұрсұлтан Назарбаев: жаһандық ауқымдағы саясаткер» халықаралық конференциясында сөйлеген сөзінде Гүл олардың тығыз достығының не себеп болғанын айтты.
Ұзақ саяси өмірімде және 7 жылдық президенттік қызметім кезінде, Құрметті Назарбаев мырзамен бірге етене жақын жұмыс істеу мүмкіндігім болды және мен оны жақынырақ таныдым. Арамызда берік достық орнады. Осы шеңберде мен ол кісі туралы ойымды үш тармақта түйіндегім келеді. Біріншіден, ХХ ғасырдың ең маңызды саяси оқиғаларының бірі болып табылатын Кеңес Одағының ыдырауы кезеңінен бастап, Құрметті Назарбаев мырза бүгінгі тәуелсіз, дамыған, заманауи Қазақстанның Тұңғыш Президенті ретінде қазақ халқына көреген Ұлы көшбасшы бола білді. Тұңғыш президент ретінде ол шекаралары шегеленген, тұрақты және сенімді мемлекет құрды. Қазақстанның ресурстарын өте тиімді пайдалана отырып, ол Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік жағынан қуатты мемлекет ретінде Орталық Азияда тұрақты даму мен өрлеуін қамтамасыз етті, - деді Түркия Республикасының бұрынғы президенті.

Ол Елбасы әсіресе білімге, ғылымға үлкен мән берді және соңғы ширек ғасырда Қазақстанның жаңа ұрпағының отандық және шетелдегі ең үздік білім-ғылым ордаларында білім алуына жағдай жасап, оларды болашаққа дайындағанын атап өтті. 

Екіншіден, өте маңызды бір ерекшелік және бұл өте сирек орын алады. Құрметті Назарбаев өзінің ең мықты кезеңінде яғни саяси жағынан тұғыры биік кезеңде, қазақ халқының және бүкіл мемлекеттік институттардың қолдауы мен адалдығына ие бола тұра, елінің болашағы үшін үлкен кемеңгерлік және парасаттылықпен президенттік қызметінен өз қалауымен бас тартып, жаңа буынның жолын ашты. Бұл – саяси тарихтағы сирек кездесетін оқиғалардың бірі. Қазақ халқының бұл шешімді әрдайым зор ризашылықпен өз жадында сақтайтынына сенімдімін. Назарбаев мырза елінің өз даму жолымен демократиялық елге айналуына, демократиялық құндылықтарға деген сенімнің артуына және парламенттік жүйенің күшеюіне, билік тармақтары арасындағы теңгерімді орнықтыруға бар күшін салды. Халықаралық саясатты терең түсінетін шебер саясаткер ретінде Назарбаев бұл қадамдарды саналы түрде жасады. Ол, расында да, ардақтауға лайық бірегей тұлға!, - деді Абдуллах Гүл өз әсерімен бөлісе отырып. 

Ал түркі халықтарының ақсақалы мәртебесіне ие болған үшінші аспект - Түркі кеңесінің құрылуы.

Үшіншіден, Құрметті Назарбаев мырза – Түркі әлемін жүрегімен сезініп, оған ақыл-ой, парасатымен қызмет еткен қайраткер. Мен мұны өзім куә болған адам ретінде айтып отырмын. 2010 жылы Түркі кеңесін бірге құрдық. Мен оны күллі түріктің ақсақалы деп мәртебе тұттым. Құрметті Назарбаев мырзаның сарабдал саясатында, Түркі әлемінің алдымен мәдени-гуманитарлық және экономикалық, содан кейін саяси ынтымақтастықта болуы – оның ең басты мұрат-мақсаты. Осы тұрғыда, Қазақстан әрқашан барлық игі бастамалардың ұйытқысы болып, әрдайым қолдау көрсетіп келеді. Аса мәртебелі, құрметті бауырыма зор денсаулық, амандық пен есендік тілеймін. Мен қазақ халқының болашағы баянды және жарқын болатынына сенімім мол. Түрік-қазақ қатынастары да, Түркі әлеміндегі Қазақстанның өз алдына бөлек орныда әрдайым тұғырлы, күшті бола берсін, өрлеп өркендей берсін!, - деді Абдуллах Гүл.

Сондай-ақ, Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы Пан Ги Мун «Нұрсұлтан Назарбаев – жаһандық ауқымдағы саясаткер» атты халықаралық конференцияда сөз сөйлеген алғашқы спикерлердің бірі. Ол ортақ болашақты құруға көмектесу үшін өткенімізде жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікті ілгерілетуге уақтылы ықпал еткен ерен көшбасшылық көрініс тапқан кезеңдерді жеке дара көрсету өте маңызды екендігін атап өтті. Спикердің айтуынша, соңғы онжылдықтардағы осындай маңызды сәттердің бірі – Қазақстандағы Семей ядролық сынақ полигонының сәтті жабылуы және кеңестік стратегиялық ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартуы болды. Бұл адамзат үшін, біздің планетамыз үшін тарихи шешім болды. полигонда жасалған 500-ден астам жарылыс жергілікті тұрғындардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, қоршаған ортаға үлкен зиянын тигізді.


Аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті нығайтқан бұл батыл қадам, сонымен қатар Қазақстанның ядролық қарусыздану мен таратпау саласындағы жаһандық көшбасшылығының бастамасы болды, сондай-ақ сыртқы саясаттың табысты болуына және жас ұлттың жаңа қалыптасып келе жатқан дипломатиясының жаңа биіктерге көтерілуіне ықпал етті. Бұған 2002 жылғы мамырдағы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы келісімді ратификациялау; 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Ядролық қарусыз әлем құру туралы маңызды декларациясын қабылдауға бастамашылық ету, және Біріккен Ұлттар Ұйымына 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялауға жәрдемдесу де кіреді. Біріккен Ұлттар Ұйымының бұрынғы Бас хатшысы ретінде мен шешуші көшбасшылық маңызды сәттерде жекелеген халықтардың ғана емес, бүкіл әлемнің траекториясын өзгертуге көмектесе алатындығына бірнеше рет куә болдым. Осы мүмкіндікті пайдаланып, барлық жаһандық көшбасшыларға БҰҰ-ның ядролық сынақтар мен таратуға тыйым салынған әлемді, сондай-ақ біз ядролық қарудан толығымен азат болатын әлемді құруға жәрдемдесуде күш-жігерін қайта жандандыруға шақырамын», - деп атап өтті Пан Ги Мун Елбасы Назарбаевқа сол тарихи шешімі үшін, сондай-ақ Қазақстанның жарқын әлемді құруға көмектесу жолында жалғасын тауып жатқан күш-жігері үшін зор ризашылығын білдіре отырып.

1990 жылдардың басында, Кеңес Одағы ыдыраған кезде Қазақстанның қазіргідей ел бола алатынына сенген адамдар өте аз болды. Ұлыбританияның экс-премьер-министрі Тони Блэрдің айтуынша, елдің табысы мен тұрақтылығы Нұрсұлтан Назарбаевтың көшбасшылығына байланысты.



Алда болатын сын-қатерлер мен реформаларға қарамастан, Қазақстан болашаққа сеніммен қарай алады. Президент Назарбаев әлем түсінуі тиіс үш маңызды нәрсені жасады. Біріншіден, ол ядролық қарудан бас тартты, соның арқасында Қазақстан өзінің ядролық арсеналын жойған жалғыз мемлекет атанды. Екіншіден, Қазақстан мұсылман халқы басым ел ретінде діни толеранттылықтың шамшырағы болып табылады. Қазақстанда дін мен мәдениеттегі айырмашылықтарға қарамастан христиан және еврей қауымдарымен жақсы қарым-қатынас орнатылған. Үшіншіден, Қазақстан екі жаһандық алып - Қытай мен Ресейдің арасында орналасқанына қарамастан, Батыстың адал және сенімді одақтасы болып қала берді, бұған мен 11 қыркүйектегі оқиғалардан кейін көз жеткіздім, - деді спикер өз бақылауларымен бөлісе отырып.

Ол сондай-ақ тұрақты жаңғырту процесінде ел экономикасы бірнеше есе өскенін атап өтті. Бұл айтулы жетістіктер.

Егер аймаққа және соңғы 30 жылда басқа елдер тап болған барлық қиындықтарға көз жүгіртетін болсақ, Қазақстан өзінің салған жолын және алдағы уақытта нық сеніммен қадам басар жолын мақтан ете алады деп ойлаймын. Осының бәріне қолжеткізу үшін үлгілі көшбасшылық қажет болды, сондықтан оған өз құрметімді білдіру мен үшін үлкен мәртебе, - деді саясаткер.


Фото: дереккөз
Загрузка...