Бас жаңалықтар
Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесін өткізді
29 Қыркүйек 2021, 20:03 1841

Назарбаев Қауіпсіздік Кеңесін өткізді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысы өтті. Бұл туралы Елбасының ресми сайты хабырлады.

Отырыста өңірлік қауіпсіздіктің жаңа жағдайларында экстремизм мен терроризм қатерлеріне қарсы іс-қимыл мәселелері қаралды.

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Ауғанстанда болып жатқан оқиғаларға байланысты бұл мәселенің өзектілігі арта түскенін атап өтті.

Нұрсұлтан Назарбаев Ауғанстандағы жағдай бүгінгі таңда Орталық Еуразия кеңістігіндегі маңызды өзгерістерге түрткі болып, ұзақ мерзімді сын-қатерлер тудырып отырғанын айтты. Осыған орай өңірлік қауіпсіздіктің қазіргі тетіктерін нығайтып, жаңа механизмдер қалыптастыру керектігіне тоқталды.

Қазақстанның Тұңғыш Президенті экстремизм мен терроризм көріністеріне қарсы жан-жақты дайындықты қамтамасыз ету керектігіне назар аударды.

Өңірлік қауіпсіздікке төнген жаңа сын-қатерлер қорғаныс қабілетін одан әрі күшейту шараларын талап етіп отыр. Қазақстан армиясы заманауи озық стандарттарға сай болуға тиіс. Қарулы күштердің жаңғыруын, қорғаныс өнеркәсібі кешенінің дамуын айқындайтын барлық базалық құжаттар бекітілді. Қазіргі таңда ең бастысы – біз қабылдаған шешімдердің бәрі дұрыс орындалуын қамтамасыз ету, – деді Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы.

Сондай-ақ, азаматтардың қауіпсіздігін арттыру бағытында құқық қорғау жүйесінде жүзеге асырылып жатқан үдемелі реформалардың маңыздылығы атап өтілді.

Елбасы қоғамдағы тыныштық пен келісім мемлекеттің тұрақты дамуының негізі екеніне тоқталып, ұлттық рухани кеңістігіміздің қауіпсіздігін қорғау маңызды екенін айтты.

Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы мемлекеттің тұрақтылығының қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық бөлігін үнемі бақылау қажет екенін атап өтті.

Азаматтардың нақты кірісін арттыру, сапалы жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, осының бәріне экономиканың өсімі арқылы қол жеткіземіз. Денсаулық сақтау мен білім беруді қолдау, азаматтардың өзекті мәселелерін шешу әрдайым мемлекеттік органдардың басты назарында болуға тиіс. Мұның бәрі – қазақстандықтардың әлеуметтік әл-ауқаты мен сенімділігінің кепілі. Экстремизм мен радикализмнің өрістеуіне жол беруге болмайды, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.

Жиында Премьер-Министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі М.Тілеубердінің, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы К.Мәсімовтің, Ақпарат және қоғамдық даму министрі А.Балаеваның баяндамалары тыңдалды.

Отырыс қорытындысы бойынша Нұрсұлтан Назарбаев өңірлік қауіпсіздік саласындағы ұлттық мүддемізді қорғауға, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоғамның орнықты дамуына бағытталған бірқатар нақты тапсырма берді.


Фото: дереккөз
Загрузка...