Назарбаев: Біздің осындай көпэтносты болғанымызға ешкімнің жазығы жоқ

1 Мамыр 2019, 12:17
1944
Бөлісу:
Назарбаев: Біздің осындай көпэтносты болғанымызға ешкімнің жазығы жоқ

Нұр-Сұлтан. BAQ.kz тілшісі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елордада өтіп жатқан мерекелік іс-шарада Қазақстан xалқын 1 мамыр бірлік күнімен құттықтады. 

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласындағы «Қазақ елі» алдындағы ашық алаңда Қазақстан xалқының бірлігі күніне орай, «Ынтымағы елімнің, Елбасының еңбегі!» атты мерекелік кеш өтіп жатыр.

«Тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы үшін қазақ ешқашан қасық қанын аямай, оны көздің қарашығындай сақтайды. Ата-бабамыздың арманын орындайтын болайық. Осы жылдар ішіндегі жетістіктеріміздің барлығы - елдің бірлігі, халықтың ішіндегі тыныштықтың арқасы. Біздің осындай көпэтносты болғанымызға ешкімнің жазығы жоқ. Біздің де жазығымыз жоқ. Тарих пен өмір солай болды. Сондықтан біз басқа халықтарға қамқор болып, қазақ барлығының ұйытқысы ретінде жайбарақат жүріп жатырмыз. Осы бірлігімізді сақтап, тәуелсіздігімізді құрметтеуіміз керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Тұңғыш президент бүгінгі таңда әлемде 70 миллион адам бір елден екінші елге қашып жүргенін де тілге тиек етті.

«Тәуелсіздіктің арқасында танымал, беделді мемлекетке айналдық. Бізге сенім артады. Бір-бірімен соғысып жатқандарды татуластырып, көпшілікке үлгілі болдық. Жалпы, жан-жағымызда не болып жатқанын өздеріңіз де көріп отырсыздар.  Соғыс болып жатқан жерлерде қан төгілгеннен басқа ештеңе жоқ. Туған жерін, үйін тастап қашып жатқандар көп. Бүгінгі таңда әлемде 70 миллион адам бір елден екінші елге қашып жүр. Құдайға шүкір, біз бейбіт елде өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан барлықтарыңызды осынау мерекемен құттықтаймын. Отбасыларыңызға амандық, бақыт, ертеңгі күнге сенімділік тілеймін», - деді Елбасы.
 
Айта кетейік, 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мейрамды еліміз 1996 жылдан бері тойлап келеді. 1995 жылдың 18 қазанында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығы бойынша 1 мамыр  - Қазақстан халқының бірлігі күні деп жарияланған еді.
Өзгелердің жаңалығы